• RUB:
    4.75
  • USD:
    498.55
  • EUR:
    524.28
Басты сайтқа өту
Егемен Қазақстан 04 Сәуір, 2024

«Хат қоржын»

151 рет
көрсетілді

ТУРИЗМГЕ ТАРТЫМДЫ ӨҢІР

Көне Тараз аймағы – ежелден Шығыс пен Батысты жалғастырып жатқан Ұлы Жібек жолы бойындағы құтты мекен. Сондықтан осы өңірдегі Қөстөбе қалашығы мен Төменгі Барысхан халықаралық туристік орталық болып келді. Бірақ мұндағы креативті индус­трияны бұдан да жоғары деңгейде дамыту керек деп есептеймін. Мәселен, ол үшін халықтың қолданбалы өнерін, оның ішінде қыштан түрлі бұйым жасау, кілем тоқу, ұлттық брендтік киім тігу, фарфор ыдыс-аяқ шығару сияқты өнер түрлерін дамытуға болар еді. Байырғы шеберлеріміздің атадан балаға мирас болып келе жатқан өнері – жібек құртын өсіру арқылы жібек мата тоқу ісін де жаңғыртуға болады.

Бүгінде өңір аумағындағы архитектуралық ескерткіштер – «Қарахан мавзолейі», «Айша бибі кесенесі», «Ақыртас», Қостөбе қалашығы мен Барысхан, «Ақсу-Жабағылы қорығы», т.б. ЮНЕСКО-ның құрмет кітабына енгізілген.

Ежелгі Тараздың тарихы туралы бұған дейін де жазғанмын, ал бүгін Қөстөбе қалашығы хақында қысқаша айта кеткенді жөн көріп отырмын. Аталған қалашық туралы дерек X ғасыр географы әл-Макдисиде, сондай-ақ Нершахидің «Тарих-и-Бұхарасында» кездеседі. Ғалымдарымыздың жүргізген ғылыми зерттеу жұмыстарының қорытындысында Қостөбе қалашығы Талас алқабындағы ірі қалашықтардың бірі болған. Оның негізі VІ ғасырда қаланған деген тұжырым бар.

Қостөбе қалашығы Сарыкемер аулынан шығысқа қарай ашық алаңда орналасқан. Оны 1938 жылы КСРО Ғылым академиясы Қазақстан бөлімшесінің тиісті құрылымы зерттеген. Қазба жұмыстары барысында VI–XII ғасырларға жатқызуға болатын қыш бұйымдар, тиындар табылған. Қала орнындағы қазба жұмыстарын Қазақ КСР Ғылым академиясы археологиялық- этнографиялық зерттеу институтының Тараз археологиялық экспедициясы 1985 жылы бастаса, 1986–1987 жылдары Қазақ КСР Ғылым академиясының археологиялық-этнографиялық зерттеу институты Тарих және мәдениет ескерткіштері жинағының археологиялық экспедициясы жалғастырды. 2000 жылы Оңтүстік Қазақстан кешенді археологиялық экспедициясы (жетекшісі – академик К.Байпақов) зерттеу жұмыстарын жүргізді. Ал 1985–1987 жылдардағы қазба жұмыстары барысында ескерткіштің топографиясы туралы жаңа деректер алынды. Атап айтқанда, орталық қирандыларға қазіргі уақытта дәнді дақылдар егу үшін жыртылған, ауыл шаруашылығы мұқтаждықтары үшін ұзын қабырғалармен қоршалған аймақ жанасып жатыр деген болжам жасалды.

Соңында Қостөбе қалашығы 2014 жылғы 25 маусымда ЮНЕСКО-ның Бүкіләлемдік мәдени мұралар тізіміне енгізілгенін айта кеткеннің артықтығы жоқ деп білемін.

Ғайни КӨШЕКБАЕВА,

тарихшы, құқықтанушы

 

Жамбыл облысы

 

 

ЫСТЫҚ ҰЯ. КУРСТАСТАР. АҢСАУ

Жұмбағы мен құпиясы мол мына өмірде бір мезетте қатар келіп жататын жайлар аз ба? Ендеше, мына сәйкестікке қараңыз: биыл ұлтымыздың ғылым және білім ордасы, қасиетті қара шаңырақ  ҚазМУ-ға, кейіннен Әл-Фараби атындағы Қазақ ұлттық университеті атанған жоғары мектепке 90 жыл толып отыр. Сәйкесінше, бір кездегі өрімдей жас біздердің де осынау бірегей оқу орнын бітіргенімізге жарты ғасыр болыпты. Сынаптай сырғып өтіп жатқан қайран күндер-ай! Ұлы әмірші уақыттың мәңгілік қозғалыста екенін сезінумен бірге, өткен күндерге осындайда көз жүгіртіп, қимас шақтарды еске алады екенсің.

...1969 жылдың жадыраған жаз айы еді. Ару қала Алматыдағы біз әңгіме етіп отырған жоғары оқу орнының журналистика факультетіне құжаттарын тапсырған абитуриенттерге алғашқы емтихан шығарма жазудан басталды. Әлі есімде, «Еңбек ер атандырады» деген еркін тақырыпқа қалам тартқандардың қарасы мол болды. Байқаймын, курстастарымның бәрі де өздерінше «мықты». Шеттерінен классик, талант. Әлгі көпшілік айта беретін «сен тұр, мен атайынның» нақ өздері. Бәрі де – бәйге атындай тыпыршыған жүйріктер. Бір-бірімен жарысып өлең оқиды. Жүрсін, Несіпбек, Дәуітәлі, Жанболат, Мұхамедия, Аманжол, Асқар, Айтуған, Төлеген, Файзолла, Тұрсын... қайсыбірін айтарсың. Солардың көбі кейіннен елге белгілі азаматтар болып қалыптасты.

Қазіргі Т.Жүргенов атындағы Өнер академиясы орналасқан жайдағы аудиторияда алғаш рет дәріс тыңдадық. Тұрағымыз –  Виноградов, 88, «Никольский» базарының дәл жанында орналасқан. Атақты «Қыз Жібек» кинофильмін алғаш біздің жатақханаға жақын «Целинный» кинотеатрынан (сол кездегі атауы) курстас жігіттер болып тамашалағанбыз.

Ол кездері қазақтың көрнекті классик ақын-жазушыларының көпшілігінің көзі тірі. Олармен оқырмандардың кездесуі жиі өткізіліп тұратын. Сондай жүздесулерде С.Мұқанов, Ғ.Мүсірепов, Ғ.Мұстафин, Ә.Нұршайықов, Ә.Әлімжанов, Ш.Мұртаза, О.Сүлей­менов, О.Бөкеев, Қ.Мырза Әли, Т.Молдағалиев сынды қаламгерлерді көргенімізді өзімізге әжептәуір мәртебе санайтын едік.

Мәдени-көпшілік орындарға бару да дағдылы әдетімізге айналған-тын. Әкемтеатр және Балалар мен жасөспірімдер театрының репертуарындағы көптеген спектакльді тамашалаудың өзі мерекеге бергісіз сәт сияқты сезілетін. Заманымыздың заңғар жазушысы М.Әуезовтің музей-үйінде ғалым Рахманқұл Бердібаев ағамыздың басшылығымен әрі ұйымдастыруымен «Халық өнер университеті» жұмыс істейтін. Кезекті басқосуларға түрлі өнер иелерін шақырып, олармен жүздесіп, әңгіме-дүкен құратын. Академик, ғұлама ғалым Әлкей Марғұланмен өткізілген сондай бір мазмұнды кездесу әлі күнге дейін ұмытылмастай болып жадымда қалыпты.

Өткен күндерден аудиториядағы қызықты дәрістер мен оларды өткізген аяулы ұстаздарды әлі күнге дейін ынтызарлықпен еске аламыз. Бес жыл бойы бізге Мәлік Ғабдуллин, Қайыржан Бекқожин, Тауман Амандосов,Темірбек Қожакеев, Мырзатай Жолдасбеков, Белгібай Шалабаев, Абдул-Хамит Мархабаев, Зейнолла Серікқалиев, Рамазан Сағынбеков, Қапан Қамбаров, Роза Қайырбаева, Морозова, Бағызбаева, Саголович, Мадзигон, Железнов сынды оқытушылар сабақ берді. Оларға мың алғыс!

...Кейінгі кездері сол бір аяулы, қызықты күндерді, ыстық ұяны, курстастарды жиі есіме аламын, аңсайсың әрине. Сағыныш болар, бәлкім...

Кәрібай ӘМЗЕҰЛЫ,

ҚазМУ-дің 1974 жылғы түлегі

 

ШЫМКЕНТ