Шымкенттегі Өзбекәлі Жәнібеков атындағы Оңтүстік Қазақстан педагогикалық университеті жанынан Алаш ардақтысы Жүсіпбек Аймауытұлының есімі берілген жаңа колледж ашылды.
Мазмұнды іс-шараға университеттің басқарма төрағасы-ректор міндетін уақытша атқарушы Гүлжан Сүгірбаева, Шымкент қаласы әкімінің орынбасары Сәрсен Құранбек, қалалық білім басқармасының басшысы Нұргүл Шәмшиева, зиялы қауым өкілдері қатысты.
Іс-шара барысында қонақтар колледждің салтанатты ашылу лентасын қиып, жүрекжарды лебізін білдірді. Алғашқы сөз кезегі тиген ректор міндетін уақытша атқарушы Г.Сүгірбаева жиналған қауымды қайта түрленген жаңа оқу ғимаратымен құттықтап, Алаш қайраткері атындағы колледж студенттерін сол атқа сай лайықты білім алуға шақырды.
«Колледжді Ж.Аймауытұлының атымен атауымыздың рәміздік мәні бар. Өйткені Алаш арысының өмірінің соңғы сәттері Шымкентте өткен. Сондықтан бұрынғы техникум болған қазіргі педагогикалық университетпен қайраткер тағдыры тығыз байланысты. Қазақ педагогикасының бастау бұлағында тұрған тұлғаға былтыр оқу ордасында мемориалды тақта орнаттық. Ал колледжді ашудағы басты мақсатымыз – ұрпақ сабақтастығын жалғап, озық ойлы, бәсекеге қабілетті білікті мамандар даярлау болып отыр», деді ол.
Қала әкімінің орынбасары С.Құранбек колледждің білім берудегі бағыт-бағдарына тоқталып, Алаш идеясының тарихи мазмұны туралы ой толғады.
Құттықтау легінен кейін қонақтар Ж.Аймауытұлына арнап ашылған бюстке гүл шоғын қойды. Университеттің өнерпаз жастары көрнекті қаламгердің «Алаш ұраны», «Алаш маршы» атты әндерін орындады. Содан кейін жиналғандар оқу ғимаратының оқу-өндірістік шеберханасымен, спорт алаңымен танысты.
Колледжде бастапқы кезде педагогика саласының үш бағыты бойынша мамандар оқытылады. Олар: «Бастауыш білім беру педагогикасы мен әдістемесі», «Музыкалық білім беру», «Көркем еңбек». Ұстаздардың айтуынша бұл колледж түлектерінің университетке дайын студент болып келуіне септігін тигізеді. Сонымен бірге жоғары оқу орнына түсу талабын жеңілдетіп, қысқа мерзім ішінде диплом алып, мұғалім атануына мүмкіндік береді. Келешекте бұл колледжде Ж.Аймауытұлы мұрасын жалғастырушы педагог мамандар даярланады. Ал арнаулы оқу орнының ашылуымен Шымкенттегі кәсіптік білім беруші мекемелер қатары тағы да көбейе түсті.
ШЫМКЕНТ