Қызылордадағы «NP-Consulting» компаниясы шығаратын қорғаныш каскаларын еліміздің әр түкпіріндегі мұнай, құрылыс, байланыс саласындағы кәсіпорындар пайдаланып отыр. Жергілікті кәсіпкер Ғалым Прекешов басқаратын серіктестік кейінгі жылдары 19 литрлік су бөтелкесіне арналған қақпақ өндіруді де қолға алып, өңірдегі жеңіл өнеркәсіп аясын кеңейте түсті.
Кәсіпкер бастапқыда мейрамхана, туризм, құрылыс бизнесін біраз уақыт зерттеп көріпті. Ойлана келе бастауы қиын болса да, бәсеке аз өндіріс саласына тоқталды. Қазір облыс орталығының іргесіндегі Махамбетов аулында орын тепкен кәсіпорында екі ауысымда 15 адам жұмыс істейді. Олардың дені – осы ауыл жастары.
Ғалым Прекешов саланы зерттеуді кітапханадан бастапты. Түрлі еңбекті парақтаған, істің көзін білетін мамандар іздеген. Сонда байқағаны, кеңес өкіметі тұсында Қазақстанда каска шығарылмаған екен. Осылайша, «NP-Consulting» серіктестігі осы салаға тұңғыш түрен салды. Жаңашыл жобаны жүргізуге «Даму» кәсіпкерлікті дамыту» қоры қолдау көрсетті.
Кәсіпорында басы артық қоймада тұрған өнім жоқ. Өйткені бұлар тек тапсырыспен жұмыс істейді. Шикізатты да Ресейден соған шақтап алдырады. Жылына үш жылдық кепілдікпен 30–35 мың каска шығарады. Сонымен қатар бұлар өндіріп жатқан 19 литрлік бөтелке қақпағын Қызылордадан бөлек, Атырау, Ақтөбе, Атырау, Батыс Қазақстан облыстарынан арнайы алатындар бар.
«Қондырғыларды Қытайдан, технологияны Германиядан аламыз. Ұзақ зерттеуден кейін өндірісті осы екі елдің тәжірибесіне негіздедім. Өнімді тапсырысқа сай шығаратын «Мерседес Дэмлер» зауытында тәжірибеден өтіп, менеджменттің қыр-сырын үйренгенім істі жүргізуге көп пайдасын тигізді. Өндірісті үйлестіру біздің көзіміз үйренген мұнай мен күріш саласын басқарудан басқаша. Бұл жерде қалтаңды қағып, өнімді көптеп өндіріп, алушы іздеп жүрсең, салығың, жұмысшыларға беретін жалақың төленбей қалады. Ал өніміңді сата алмасаң, амалсыз банкрот боласың», дейді кәсіпкер.
Бұлардың өніміне алғаш тапсырыс берген жергілікті «Ай-Дан мұнай» компаниясы болды. Қазір «ҚазГермұнай» БК серіктестігімен жұмыс істеп келеді. Осы күні Қызылорда каскасына «Қазақстан теміржолы» ҰК» АҚ, «Қазмұнайгаз» ҰК» АҚ, «Қазақтелеком» АҚ еншілес серіктестіктері, энергетикалық компаниялар, ірі жылу орталықтары, Атырау, Маңғыстау облыстарындағы мұнай өндірісімен айналысатын мекемелер тапсырыс береді.
Қазір бұл салада Ресейдің аты озып тұр. Әсіресе кішкентай ғана Суксун қаласындағы «Росомз» компаниясының қорғанысқа арналған каскалары, көзілдіріктерінің сапасын әлем мойындайды. Өңірде тың өндірісті қолға алған Ғалым Прешеков бізде де осындай жағдай жасауға әбден болатынын айтады. Былтыр Атырауда пластик өнімдер шикізатын шығаратын зауыт ашылды. Кәсіпкер бұл өндіріс салаға серпін беретініне сенеді.
Саладағы салмақты мәселе – жеңіл өнеркәсіп маманы жоқтың қасы. Кәсіпкер істі бастарда өзімізден бір-екі жасты іріктеп, Қытайдан маман алдырыпты. Сол елде туған бір қандасты тілмаш ретінде жалдап, жұмысты бастап кетеді. Он шақты күннен кейін біздің жастардың үйренгені шамалы екенін, ал сырттан келген баурымыз керекті тетікті қосып, жұмыс істейтін жағдайға жетіп қалғанын байқайды. Сол күннен бастап аудармашы-инженер болып жұмысқа тұрған.
Іскер жігіт маман даярлайтын оқу орындарын өндірісті білетіндер немесе бір кәсіптің иесі басқаруы керек деген ұсыныс айтады. Осы күні токарь, дәнекерлеуші, фрезерші секілді болашақ кәсіп иелерін педагогикалық, техникалық білімі бар, бірақ өндірісті көрмегендердің оқытып жатқаны ақылға сыймайды. Баланың білімін тәжірибемен ұштастырмай, жылына миллиардтап қаржы бөлсек те, ештеңе ұтпаймыз.
«Қытай, Түркия, Германия мен Ресейде өндірістік аймақтарды қалыптастыру біздегіден мүлдем басқа. Бізде жер беруден бөлек, мемлекет жобаға сәйкес цехын салып, белгілі бір уақыт аралығында кәсіпкерге салықтан жеңілдік жасағаны жөн. Кесімді мерзім біткенде салығын көтерсе, аяғына тұрып кеткен кәсіпорын қиналмас еді. Статистика бойынша өндіріске салған ақша 5 жылдан кейін қайтады. Осыдан да бастапқыда құрал-жабдық алу үшін төмен пайызбен несие беруді ойластырған дұрыс. Маман даярлауда өндірістің әр саласындағы қажеттілікті ескеру керек. Бізге тек қондырғыны қосу, ажыратудан бөлек, оның жұмысын бақылап, шикізаттар технологиясын білетін инженерлер қажет. Қазір біз соларды жан-жақтан іздеуге мәжбүрміз. Кезінде Ресейден маман даярлау бастамасы көтерілгенде қуана-қуана ұсыныс бергенбіз. Сол күйі аяқсыз қалды», дейді Ғалым Маратұлы.
Өндіріс уақыт сұранысына ілесіп отырмаса, көштен қалады. Құрылыс қызатын жаз айларында жұрттың көбі еден мен қабырға плиталарын тегістеу жүйесіне арналған кішкентай ғана пластик затты іздеп табанынан тозады. Бізге велосипед ойлап табудың қажеті жоқ, осындай дүниелерді көбірек шығару керек. Бөтелке тапшылығынан өзімізде шығатын су да қымбат. Бұл – ойландыратын мәселе. Осыны зерттеген кәсіпкер жақында Қытайдан кішкентай түтікшені жарты, бір литрлік бөтелкеге айналдыратын тағы бір қондырғы алдырды. Амандық болса, алдағы сәуір айының соңына қарай ол өндірісті де іске қосады.
Қызылорда