• RUB:
    4.75
  • USD:
    498.55
  • EUR:
    524.28
Басты сайтқа өту
Үкімет 05 Сәуір, 2024

Тұрғындар қауіпсіздігі тұрақты бақылауда

73 рет
көрсетілді

Төтенше жағдайлар министрлігінің дағдарыс орталығында вице-премьер – Су тасқынына қарсы шараларды үйлестіру және қарғын су жүру кезеңінің салдарын жою жөніндегі республикалық штаб басшысының орынбасары Қанат Бозымбаев пен Төтенше жағдайлар министрі Шыңғыс Әріновтің қатысуымен кеңес өтті.

3 сәуірдегі жағдай бойынша елдегі су тасқынына қатыс­ты ахуал әлі де күрделі. 6 өңірде 1 364 жекеменшік тұрғын үйді су басқан. Автожолдардың 105 учаскесінде су жайылған. 78 жол учаскесінде бүлінген жерлерді және 4 көпірді қалпына келтіру жұмыстары жүргізіліп жатыр. 64 елді мекенге көлік қатынасы жоқ, оларға азық-түлік пен дәрі-дәрмек жеткізіліп жатыр.

Су басқан аймақтардан тұр­ғын­дарды эвакуациялау тәулік бойы жүргізіліп жатыр. Өткен тәулікте құтқарушылар 1 524 адамды, оның ішінде 496 баланы эвакуациялады.

Су тасқынына қатысты ахуалды бағалау үшін 1-3 сәуір аралы­ғында вице-премьер  мен төтен­ше жағдайлар министрі Қара­ған­ды, Қостанай және Ақмола облыс­тарының аумағын әуеден барлады. Ақмола облысындағы Аршалы, Целиноград аудандары мен Қосшы қаласының аумағын зерттеді, сондай-ақ Преображенский су торабына барды.

Қазіргі уақытта облыс­та қар жамылғысы шамамен 76% құрайды. ТЖМ күштері мен құралдарын Целиноград, Аршалы, Атбасар, Сандықтау аудандарының, Көкшетау және Қосшы қалаларының 17 елді мекеніне бөлу ұйымдастырылды.

Қарағанды облысының аума­ғында қар жамылғысы шамамен 34% құрайды. Облыста алдын алу іс-шаралары, оның ішінде жағалауды нығайту жұмыстары және қапшықтарды төсеу жұмыс­тары жүргізілуде. Барлығы 700-ге жуық адам және 118 бірлік техника жұмылдырылды. Қазір жағдай тұрақты.

Қостанай облысы бойынша қар жамылғысы шамамен 71%. 75 тұрғын үй мен 38 аула аумағын су басқан. Аталған елді мекендерге ТЖМ-нің Шығыс Қазақстан, Қарағанды және Қызылорда облыстарынан барған қосымша күштері мен құралдары тартылды, жағалауды нығайту жұмыстары жүргізіліп жатыр.

Қазір Арқалық қаласы мен Амангелді ауданында жағдай тұ­рақ­­талды. Жангелді ауданында жағ­дай әлі күрделі. Әкімдік барлық қа­жетті шараларды қабылдап жатыр.

Өңірлерде шығынды бағалау бойынша жұмыстар басталды. Тәулік бойы мониторинг жүргізіліп жатыр. Алдағы күндері еліміз бойынша жауын-шашын және температуралық фонның күрт көтерілуі күтілуде, бұл қар­дың қарқынды еруіне әкеледі.

Кеңес қорытындысында Рес­­пуб­ли­калық штаб бас­шы­сының орынбасары өңір­лердің әкімдіктері­не қауіпсіздікті қам­тамасыз ету, су басқан аймақ­тардан адамдарды алдын ала эвакуациялау және құтқару жөнінде қажетті шаралар қабылдау туралы тиісті тапсырмалар берді.