• RUB:
    4.91
  • USD:
    494.87
  • EUR:
    520.65
Басты сайтқа өту
Қоғам 05 Сәуір, 2024

Елге көмек – негізгі міндет

202 рет
көрсетілді

Кейінгі аптада еліміздің бірнеше өңірінде орын алған су тасқыны халықты әбігерге салып қойды. «Атамекен» ҰКП су тасқынынан зардап шеккен кәсіпкерлерге көмек көрсетіп жатыр. Ұлттық кәсіпкерлер палатасы су тасқынынан зардап шеккен кәсіпкерлермен тығыз байланыс орнатты. Бүгінде оларға қажетті көмектер ұйымдастырылып, өңірлердегі кәсіпкерлер палаталары белгіленген алгоритм бойынша күшейтілген режимде жұмыс істеп жатыр, деп хабарлайды Egemen.kz.

Қазіргі таңда кәсіпкерлік субъектілеріне келтірілген шығын көлемі 1,4 млрд теңгені құрап отыр. Фермерлердің Аграрлы несие корпорациясы және «Даму» кәсіпкерлікті дамыту қорының алдындағы қарыздарын өтеу мерзімін ұзарту бойынша «Атамекен» ҰКП «Бәйтерек» ҰБХ-мен келіссөздер жүргізіп жатыр.

Жасыратыны жоқ, еліміздегі бизнес активтері төмен сақтандырылған. Бұған дейін «Атамекен» ҰКП жеке сақтандыру компанияларымен бірлесе бұл жүйелі проблеманы бірнеше рет көтерген болатын. Сақтандыру полисімен бизнес те, мемлекет те ұтады. Дәл бүгінгі жағдайда өз бизнестерін сақтандырған кәсіпкерлер мәселелерін әлдеқайда жеңіл әрі оңтайлы шешеді.

«Атамекен» ҰКП кәсіпкерлерге консультативтік көмектен бөлек қаржылай көмек те ұйымдастыруда. Дәлірек айтсақ, бүгінде «Күшіміз бірлікте» қоры арқылы қаражат жиналып, табиғи апаттың салдарынан қиын жағдайға тап болған кәсіпкерлерге қаржылай көмек беру қарастырылып жатыр. Айта кетерлік жайт, «Күшіміз бірлікте» қоры осыдан екі жыл бұрын шағын және орта бизнесті қолдау мақсатында «Атамекен» ҰКП бастамасымен құрылған болатын.

Сонымен қатар «Атамекен» ҰКП-ның 1432 жедел-байланыс орталығына түскен өтініштердің барлығы назардан тыс қалмайды. Бүгінге дейін «Атамекен» ҰКП-на 108 кәсіпкер шағымданған. Олардың 71-і Ақтөбе облысынан, 11-і Батыс Қазақстан облысынан, 26-сы Қостанай облысынан арыз түсірген.

Қазіргі таңда халыққа әлеуметтік-экономикалық және гуманитарлық көмек көрсетудің маңызы зор. Тау-кен металлургия кешенінің кәсіпорындары зардап шеккен аймақтарды тез арада қалпына келтіру үшін 800 млн теңге қаржы бөлді. Сондай-ақ су тасқыны кезінде бизнесіне зиян келген кәсіпкерлерге «Атамекен» ҰКП қызметкерлері бір күндік жалақысын аудару туралы шешім қабылдады.

Мемлекет басшысы Қасым-Жомарт Тоқаев: «Бәріміз бір ел, бір ұжым болып осы апатты еңсеруіміз керек», деген болатын. Бір жеңнен қол, бір жағадан бас шығарсақ бұл жағдайдан да өтеміз. Қиын сәтте өз азаматтарымызға қол ұшын беріп, көмектесемін деген жомарт жандарға «Күшіміз бірлікте» қорының реквизиттерін жолдаймыз.

БСН 220140002583;

«Банк ЦентрКредит» АҚ есептік шот: KZ268562203115072353;

«Банк ЦентрКредит» реквизиттері:

БСК/БИК (SWIFT) KCJBKZKX

БСН/БИН 980741000260 КНП 119