Бейнеу ауданына 6 сәуірде Маңғыстау облыстық ауруханасының дәрігерлері барған болатын. Олар су тасқыны салдарынан эвакуацияланған Атырау облысының тұрғындарына қажетті медициналық көмек көрсететін болады, деп хабарлайды Egemen.kz Қоғамдық коммуникация орталығының баспасөз қызметіне сілтеме жасап.
Дәрігерлер қатарында травматолог, терапевт, эндокринолог, уролог, хирург мамандары бар. Су тасқынынан зардап шеккендер невропатолог, реаниматолог және психологтың көмегіне жүгіне алады. Медициналық мекеме 140 төсек-орынға есептелген, бірақ жағдайға байланысты олардың саны 300 бірлікке дейін артатын болады.
«Жағдайға байланысты қосымша төсек-орын қарастырылған және Боранқұл ауылдық ауруханасында да 30 төсек-орын бар. Олардың саны 100 төсекке дейін артатын болады. Бейнеу аудандық ауруханасының штат саны 122 адамды құраса, Боранқұл ауылында - 8 адамды құрайды», деді Бейнеу аудандық орталық ауруханасының бас дәрігері Берік Абдуллаев.
Сондай-ақ дәрігер екі аурухана да дәрі-дәрмектің қажетті көлемімен қамтамасыз етілгенін, медициналық препараттардың тапшылығы байқалмайтынын айтты.