2008 жылы «Шалқар» радиосына бас редактор болып жұмысқа келдім. Сол кезде Қазақ радиосына қызмет ауыстырып, бағдарламалар директорының орынбасары, кейін Қазақ радиосының бас редакторы болып тағайындалған Саясат Бейісбай ағамен жақын танысып, қоян-қолтық араласып кеттім. Өз ісіне жауапкершілікпен қарайтын, мінезі сабырлы, кішіпейіл, жұртшылықпен тіл табыса білетін қамқор ағамның журналистік жолы да жастар үшін өте қызғылықты. Еліміз азаттығын алған сәттен бастап, әлемнің көптеген елдерін аралап, тұщымды жолсапарларын жұртшылыққа тарту етті.
Ол Қазақстан азаттығын жариялаған күннің ертеңінде – 1991 жылдың 17 желтоқсанында халықаралық «Азаттық» радиосы басшылығының шақыруымен Батыс Германияның Мюнхен қаласына аттанады. Сонда бірнеше ай тәжірибеден өтіп, жұмыс істеп қайтады. Сол тұстағы ұлтшыл, Алашшыл тұлға Хасен Оралтай бастаған азаматтармен танысып, араласып, жақсы қарым-қатынаста болады.
Бұл «Азаттық» радиостансасының Нью-Йорктегі әкімшілігі ұйымдастырған бұрынғы Кеңес одағы мен Шығыс Еуропа елдеріндегі журналистерге арналған жаттығу бағдарламасына орай бірнеше айлық тәжірибе алмасу іс-шарасы еді. Еліміздегі бас басылым – «Егемен Қазақстан» газетінің тілшісі әрі Қазақстан Журналистер одағының ұйғарымымен осы сапарға шығу бақыты Сәкеңе бұйырыпты.
АҚШ конгресі қаржыландыратын «Азаттық» радиосы Шығыс Еуропа мен Балтық жағалауы елдеріне, сондай-ақ бұрынғы кеңестік республикаларға 35 тілде хабар таратып келді. Осы уақытта «Азаттық» радиосының тыңдаушылары 60 миллионға жуықтады. Ондағы ең үлкен редакция да әдеттегідей орыс бөлімі болды. Онда 150-дей адам жұмыс істеген. Мәселен, сол кездері Беларусьте – 7, Қазақстанда 12 адам істейтіні секілді, әр елдің салмағына қарай әр редакцияда адам саны әрқалай болды.
Бұл радиода алғашқы кезде Екінші дүниежүзілік соғыстан кейін жат жерде қалып қойғандар істеген еді. Олар кеңестік жүйенің қатаң қыспағынан соң «Отанын сатқан опасыздар» деген жаман атқа ие болып, елдеріне орала алмай, сол жақта құсалықпен көз жұмды. Ал олардан кейін «Азаттық» радиосындағы қазақ қызметкерлерінің орнын бір кезде Шығыс Түркістаннан Түркияға келген қазақтар басқан. Ересектері қазақ тілінде едәуір дұрыс сөйлегенімен, кейінірек келген жастарының тілінде түрік сөздерінің, дыбысталуының ықпалы байқалады. Алайда елге деген, тілге деген құштарлық пен талпыныс бәрін жеңіп, халыққа қажетті ақпаратты тарата білді.
АҚШ әкімшілігі ұйымдастырған «Азаттық» радиостансасындағы жаттығу бағдарламасына Шығыс Еуропа мен бұрынғы кеңес республикаларынан жиырмашақты адам шақырылыпты. Солардың ішінде Украина, Беларусь, Грузия, Балтық жағалауы елдерінің азаматтары болады. Ал мұсылман елдерінен келген жалғыз қазақ Саясат Бейісбай аға екен.
Тоқсаныншы жылдары «Азаттық» радиостансасының Қазақ редакциясы тәуелсіз мемлекет тынысын жан-жақты көрсете бастаған. Кез келген маңызды оқиға, елді елең еткізер жаңалық назардан тыс қалмай, тыңдарманға жедел жеткізіліп отырады. Сол тұста Мюнхеннен тарап жатқан әуе толқынындағы хабарларында қазақтың белгілі ғалымы Рахманқұл Бердібай, жазушы-драматург Қалтай Мұхамеджан, жазушы Шерхан Мұртаза, басқа да көрнекті қайраткерлер мен халық депутаттарының, тіпті МХК-нің лауазымды қызметкерлерінің де сұхбат, әңгімелері естіле бастайды. Бұл, сөз жоқ, Сәкеңнің қолтаңбасы, еселі еңбегі екеніне ешкімнің шүбәсі жоқ.
Еліміз тәуелсіздікке қолы жетіп, азаттығын жариялаған соң бұрын хабарын да естуге жүрек дауаламайтын «Азаттық» радиостансасының енді табалдырығын аттап, төріне шығып дегендей, тәжірибе алмасу мүмкіндігі туды. Сол кезде Саясат Бейісбай аға «Егемен Қазақстан» газетінің тілшісі еді. Басшысы бүкіл елге сыйлы әрі танымал тұлға, жазушы Шерхан Мұртаза болды. Алыстағы Батыс Германиядан, Мюнхен шаһарынан Сәкеңе шақырту келгенде Шерағаң ұлтжанды, көкірек көзі ояу, көзіқарақты, батыл адам ғой, ешбір күмілжіп, ойланбастан рұқсат береді. «Азаттық» радиосы империалистік жүйеге қарсы, басқыншылықты сынап, бүкіл әлемге талай жылдан бері хабар таратып отыр ғой. Жаңа заман туып келеді. Қашанғы оқшауланып отырамыз. Батыстың журналистикасынан үйренетін де нәрсе бар шығар. Барып қайт, бәлкім, пайдасы тиер», деп батасын береді.
Мюнхенде жүргенде Саясат аға сондағы Хасен Оралтай ағамыздың қамқорлығын көп көреді. Хасен аға: «Сен осында қал, бізге қазақ тілін білетін тәжірибелі журналист керек. Айлық еңбекақың жеткілікті болады. Жақсы үй тауып береміз, «Азаттық» радиосы пәтерақыңды төлеп тұрады. Отбасыңды көшіріп аласың. Бала-шағаң Америка мектебінде тегін оқиды дегенді бірнеше рет айтады. Неміс жері жақсы ғой, алайда Сәкең аз ғана күн өтісімен елді сағына бастайды. Кейін тіпті елге қашан қайтамын деп, күн санаумен жүреді. Сосын Сәкең: «Аға, маған қанша ақша төлесеңіздер де қала алмаймын», деп белгілі уақыттан бір апта бұрын елге тартып отырады.
Хасен Оралтай қазақтың мүддесін қорғап, сөзін сөйлеу керек деген ұстанымда өткен ағамыз ғой. Ол кісінің өзі айтпақшы, «нағыз ұлтшыл» азамат болатын. Радиодан берілетін әр хабар, сұхбат, әңгімелер қазақтың мүддесіне қызмет етіп, титтей де болса пайдасы тиетін болуы керек деген сөзін ұмыту мүмкін емес-ті. Сол үшін де Алаш үкіметінің маңызына ерекше көңіл бөліп, Алаш арыстары, жалпы Алаш туралы жазылған еңбектерді іздеп тауып, оның авторларын ерекше жақсы көріп, әңгімеге тартып, солармен мақсаттас, пікірлес, дос болып кететін. Әлихан Бөкейханның, Мұстафа Шоқайдың, Міржақып Дулатұлының, Оспан батырдың, Шығыс Түркістандағы ұлт-азаттық жолындағы шайқастарды, Желтоқсан көтерілісінің жай-жапсарын, қазақтың қағажу көрген тіл мәселесін, салт-дәстүр мен әдет-ғұрыптарын бір сәт назардан тыс қалдырмай, радио арқылы әуе толқынынан бергізетін. Соны басқалардан да талап ететін. Сәкең үшін бұл үлкен мектеп болып, сол сүрлеумен жүрді. Сол үшін де асыл ағаның талай рет алғысына бөленді.
Бұдан бұрын, яғни 1980-2001 жылдар аралығында, яғни 21 жыл бойы алдымен «Социалистік Қазақстан», кейін «Егемен Қазақстан» газетінің тілшісі, бөлім меңгерушісі қызметтерін атқарған Сәкеңе тың тақырып – ұлт мүддесі өмірінің өзегіне айналған.
Осыдан кейін Алматыға оралып, «Азаттық» радиосының Қазақстандағы тілшісі қызметін атқарды. 1993 жылы Алматыда «Азаттық» радиосының бюросы ашылып, кейін он жылға жуық бюро жетекшісі болды. Радио Германияның Мюнхен қаласынан 1995 жылы Чехияның астанасы Прага қаласына қоныс аударды. Мюнхендегі бұрынғы тілшілер сонда қалуды жөн санап, Прагаға Қазақстаннан оншақты азамат қызмет атқаруға барды.
Ел Тәуелсіздігін жариялаған соң халқымыздың рухани еңсесі көтеріліп, болашаққа үлкен үмітпен қарап, жарқын күндерге сенді. Сол кездері орын алған кемшіліктер де назардан тыс қалған жоқ. Осы оншақты жылдың бедерінде үлкен ғалымдар мен ұлтшыл тұлғалар «Азаттық» эфирінен күн құрғатпай сөйлеп тұрды. Осылайша, халықаралық радионың эфирін ұтымды пайдаланып, ел дербестігі мен бостандығы үшін хал-қадерінше қызмет атқарды. Осы тұлғалармен өзекті де өткір сұхбаттарын Сәкең бүгінде сағынышпен еске алады.
«Азаттық» радиосынан кейін екі-үш жылдай Қазақ радиосында бас редактор қызметін атқарды. Қазақ радиосы Астанаға қоныс аударған соң, 31-телеарнада жеті жылдай шеф-редактор қызметін атқарып, зейнет демалысына шықты. Ол жерде қазақ тілінің мәртебесі үшін біраз еңбек етті. Сол жылдары Мәскеуде отырған телеарнаның қосымша бастықтарына әр апта сайын скайп арқылы бір сағат бойы қазақ тілін үйретіп, сабақ берді. Осыдан кейін жағдай едәуір түзелді. 31-телеарнада жаңадан қазақ тіліндегі тың жобалар көбейіп, көрерменге жол тарта бастады. Қазақ тілі курсына қатысушылар соның оң нәтижесін көре бастады.
Сәкең соңғы жеті жылда Философия, саясаттану және дінтану институтында бөлім меңгерушісі, институттың бас сарапшысы қызметтерін атқарды. Өзі жақын араласқан айтулы азаматтар туралы сыр шертіп, естеліктер жазды. Өмірдің өзінен алынған, көңілдің түкпіріне түйген тағылымды да танымдық мәселелерді ортаға салды. Кейбір қызықты деп тапқан, негізінен болған оқиғаларды көркемдеп, қазақы хикаяттары мен новеллаларын кітап етіп шығарып, оқырман қауымға «Бір жұтым ауа» деген атпен ұсынды. Сондай-ақ «Ұлылыққа тағзым», «Жанымның жалауы» атты еңбектері ұлт болмысындағы өзекті мәселелерге арналды.
Халықаралық Жамбыл Жабаев атындағы сыйлықтың лауреаты, Мәдениет қайраткері, ардагер журналист Саясат Бейісбай өмірі мен шығармашылығының жаңа белесінде оқырманға талай еңбек ұсынады деп сенеміз.
Болатбек ТӨЛЕПБЕРГЕН,
«Шалқар» радиосының директоры, философия ғылымдарының кандидаты