Сенат спикері Мәулен Әшімбаевтың төрағалығымен Палата бюросының отырысы өтті. Жиында депутаттар салалық комитеттердің осы аптадағы іс-шараларын және 11 сәуірде өтетін Сенат отырысының күн тәртібін бекітті.
Отырысты ашқан Мәулен Әшімбаев Мемлекет басшысы су тасқыны салдарынан қалыптасқан ауыр жағдайға байланысты үндеуінде белгілеп берген міндеттерге тоқталды.
«Он облыста төтенше жағдай жарияланды. Президентіміз су тасқыны салдарымен күресуге нақты тапсырмалар берді. Сондай-ақ зардап шеккен азаматтардың шығындары толық өтелетінін айтты. Палатамыз да, өз тарапынан, тасқынмен күреске көмек көрсетіп келеді. Бір топ Сенат депутаты зардап шеккен өңірлерге барып, жергілікті билікке және тұрғындарға қолғабыс көрсетіп жатыр. Осындай сын-сағатта барша қоғам болып бірлесіп, төтенше жағдайдың салдарымен күреске жұмылу аса маңызды», деді Сенат төрағасы.
Іс-шара барысында сенаторлар Палата отырысының күн тәртібін бекітті. Соған сәйкес алдағы бейсенбіде депутаттар «ҚР кейбір заңнамалық актілеріне әйелдердің құқықтары мен балалардың қауіпсіздігін қамтамасыз ету мәселелері бойынша өзгерістер мен толықтырулар енгізу туралы» заңды және оған ілеспе «ҚР Әкімшілік құқық бұзушылық туралы кодексіне әйелдердің құқықтары мен балалардың қауіпсіздігін қамтамасыз ету мәселелері бойынша өзгерістер мен толықтырулар енгізу туралы» заңды бірінші оқылымда қарайды. Бұл заңдар отбасылық-тұрмыстық және қоғамдық салаларды қоса алғанда, зорлық-зомбылықтың кез келген түрі үшін жазаны қатаңдату бойынша Мемлекет басшысының тапсырмасын орындау үшін әзірленген.
«Президент Қасым-Жомарт Тоқаев әйелдердің құқықтары мен балалардың қауіпсіздігін қамтамасыз етуге үнемі баса мән беріп келеді. Мемлекет басшысының тапсырмаларын орындау үшін тиісті заңдар әзірленді. Сенаторлар әйелдер мен балалардың құқықтарын қорғау шараларын күшейтуді қолдайды. Заңдардың қоғамдық маңыздылығын ескере отырып, оларды бейсенбідегі Палата отырысына шығаруды көздеп отырмыз», деді Мәулен Әшімбаев.
Құжаттарда көрсетілген нормалар балалардың қауіпсіздігін қамтамасыз ету мәселелері бойынша мемлекеттік саясаттың құқықтық, экономикалық, әлеуметтік және ұйымдастырушылық негіздерін жетілдіруге, әйелдер мен балаларға қатысты қылмыстардың алдын алуға және жолын кесуге бағытталған.
Сенат төрағасы атап өткендей, бұл заңдар қоғамда үлкен пікірталас тудырды. Осыған байланысты сенаторлар азаматтармен жеке кездесулер өткізді және құжаттардың жекелеген нормаларына қатысты жүздеген өтінішті қарады. Сондай-ақ Палата спикері заңның негізгі ережелерін түсіндіру жұмыстарын отырысқа дейін белсенді жүргізіп, одан кейін де жоғары деңгейде жалғастыру керек екенін айтты. Сонымен қатар балалардың қауіпсіздігін қамтамасыз ету үшін балаларға арналған интернаттық ұйымдарды мемлекеттік бақылаудың ерекше тетіктері, балаларға арнаулы әлеуметтік қызметтер және білім беру-сауықтыру қызметтерін көрсететін мекемелерді лицензиялау міндеттілігі енгізіледі.
Сондай-ақ Палата отырысында «ҚР кейбір заңнамалық актілеріне халықтың көші-қоны және қылмыстық-атқару жүйесі салаларындағы заңнаманы жетілдіру мәселелері бойынша өзгерістер мен толықтырулар енгізу туралы» заң қаралады. Бұл құжат тиісті салалардағы заңнаманы жетілдіруге арналған.