Премьер-министр Олжас Бектенов Астана қаласының әкімі Жеңіс Қасымбек және Ақмола облысының әкімі Марат Ахметжановпен ағымдағы су тасқыны жағдайын тексерді.
Астана қаласы арқылы тасқын суларды өткізуге, ықтимал су тасқынынан қорғауға арналған Астана контрреттегішінің жай-күйі тексерілді. Сонымен қатар, Майбалық көлі мен Вячеслав су қоймасының жағдайын бақылады.
Астаналық контрреттегіште судың ағуы қазір секундына 30 текше метрді құрайтыны баяндалды. Контрреттегішке келіп жатқан ағын секундына 248 текше метрді құрайды. Бүгінгі таңда контрреттегіштің су ағызу қабілетін секундына 40 текше метрге дейін арттыру жоспарланып отыр.
Су ресурстары және ирригация министрлігінің мәліметтері бойынша ахуал тұрақты және ұдайы бақылауда, Астана қаласын су басу қаупі жоқ.
Олжас Бектеновке Астана су қоймасындағы жағдай туралы баяндалды. Суды ағызу секундына 400 текше метр деңгейінде жүзеге асырылады, су қоймасының көлемі 409 млн текше метрді құрайды. Преображенский торабында шарықтау шегіне жетті, Нұра өзені арқылы торапқа құятын су ағыны азайып келеді: қазіргі уақытта секундына 1 400 текше метр өтуде.
Астана қаласы мен Ақмола облысының әкімдігі жақын маңдағы елді мекендер мен қалаларды су басудың алдын алу бойынша бірлескен жұмыс жүргізіп келеді. Тайтөбе ауылында су тасқынынан негізгі қорғаныс қызметін атқарған үйінділерді нығайту жұмыстары аяқталып жатыр. Биыл қолданыстағы 2 400 метрлік бөгетке ұзындығы 1 200 метр, биіктігі 2,5 метр болатын жаңа бөгет тұрғызылды.
Жедел штаб Астана, Қосшы қалалары мен Тайтөбе ауылындағы су қоймаларынан су жіберу деректері бойынша жасалған болжамдарды ескере отырып, су тасқыны жағдайына мониторинг жүргізеді.
Сонымен қатар Олжас Бектенов Солтүстік Қазақстан облысында Есіл өзенінің жайылмасын тікұшақпен айналып өтіп, Сергеев су қоймасындағы жағдайды тексерді. Бұған қоса Есіл өзені арнасынан асқан жағдайда су басудың алдын алу және залалды азайту үшін Петропавл қаласының маңындағы бөгеттерді нығайту бойынша жұмыстар тексеріледі.
Үкімет басшысына Сергеев су торабы қазіргі уақытта қуатының шегінде жұмыс істеп жатқаны туралы баяндалды. 8 сәуірдегі жағдай бойынша 6017 м3/с деңгейінде су келуі тіркелді, оны жіберу 4720 м3/с деңгейінде жүзеге асырылып жатыр. Сондай-ақ Сергеев су қоймасы пайдалануға берілген 1969 жылдан бастап судың максималды шығыны 3600 м3/с деңгейінде болған. Осылайша, қазіргі су қоймасының толуы кейінгі 50 жылда алғаш рет орын алып отыр және алдыңғы максималды көрсеткіштерден 2 есе дерлік асады.
Су тасқыны кезеңінде су қоймасының деңгейі (1 млрд 366 млн м3/с) қолмен реттеліп отыр, яғни қалыпты жағдайға (693 млн м3/с) қарағанда, көбірек су ұстап тұра алады. Қазіргі уақытта су қоймасындағы көлем – 1 млрд 247 млн м3/с. Судың келуі мен оны жіберу көлемі бір деңгейде – 4 млрд 720 млн м3/с. Мәселен, қазіргі уақытта су қоймасы 180%-ға толып отыр. Максималды межеге дейін 100 млн м3/с су қабылдай алады. Су тасқыны басталғаннан бері барлығы 500 млн м3/с су жіберілді.
Қазгидромет болжамына сәйкес, биылғы 6-12 сәуір аралығында күн күрт жылынып, қар еруіне байланысты келетін су көлемі 2 400-ден 3600 млн м3/с-қа дейін ұлғаюы мүмкін. Осыған байланысты су тасқынына қарсы іс-шараларды толыққанды жүргізу әрі ғимараттардың қирауына жол бермеу үшін Олжас Бектеновтің тапсырмасымен Қарулы күштер құрлық әскерлері бригадаларының 300 әскери қызметкері Астана қаласынан Солтүстік Қазақстан облысына аттанды. Ұлттық ұлан академиясынан 400 курсант және Ұлттық ұланның «Орталық» өңірлік қолбасшылығы әскери бөлімінің 300-ден астам қызметкері тартылды. Бұл ретте өңірге көмек көрсету үшін тартылатын әскерилер санын одан әрі ұлғайту жөнінде команда берілді.
«Президент су тасқынымен күреске барлық күшті жұмылдыру міндетін қойды. Біз Солтүстік Қазақстан облысының өзіне Қорғаныс министрлігі мен Ұлттық ұланның мыңға жуық қызметкерін жұмылдырдық. Міндетіміз – Есіл өзені арнасынан асып кеткен кезде үлкен зардаптардың алдын алу. Мұндай ауқымдағы су көлемі Сергеев су қоймасының бүкіл тарихында алғаш рет болып отыр», деді О.Бектенов.