• RUB:
    4.91
  • USD:
    494.87
  • EUR:
    520.65
Басты сайтқа өту
Аймақтар 08 Сәуір, 2024

«Жыраулар үйі» ашылды

196 рет
көрсетілді

Сыр өңірінде жарияланған «Руханият жылы» аясында облыстық филармония жанынан «Жыраулар үйі» ашылды. Бағзы өнердің байрағын биіктеткен өңірдегі шараға бабадан қалған жәдігер жырды құрмет тұтатын қауым қатысты.

Облыстық мәслихат төрағасы, «Amanat» партиясы облыстық филиалының жетекшісі Наурыз­бай Байқадамов бүгінде ұлт­тық мәдениеттің осындай ерек­шелігімен ғана даралана алатынымызды атап өтті.

«Облыс аудандары мен Қызылорда қаласында 50-ге жуық жыр-терме, 14 қобыз үйірмесі жұмыс істейді. Осы үйірмелерде 400-ден аса жас дәстүрлі өнер соқпағын жалғамаққа талап қылып жүр. Бүгін жұмысын бас­тайтын «Жыраулар үйі» осындай орталықтар басын қосып, бабалардан қалған аманат өнердің өрісін кеңейтіп, насихатын арттыратын бірден-бір рухани орын болады деп сенеміз», деді ол.

Жырау, Қазақстанның еңбек сіңірген қайраткері Алмас Алматов дәстүрлі өнер өкілдері ғасырлардан бері жақсылыққа жаршы атанып, елді болашаққа бастайтын ағар­тушы тұлға болғандығына тоқ­талды. Осының арқасында мыңжылдық мәдениеттің ізі өшпей, бүгінге жетіп отыр. Бүгінгідей қолдау, құрметтің арқасында алға қадам басып, ұлтпен бірге жасай береді.

«Сыр сүлейлерінің сонау елуінші жылдардан бері қарай жинақталған мұрасын топтастырсақ, жыраулық дәс­түрдің жалпы адамзат өрке­ниетіне қосқан үлесі мен әсері айқындала түсер еді. Ал осы телегей-теңіз мол өнер мұрагер ұрпақтары арқылы дәстүрлік сипатқа ие болады. Тоқсаныншы жылдардан бері қарай қолға алынған шаралар арқасында талай жас бүгінде қоғамдағы саяси-әлеуметтік мәселелерді безбендеп, халыққа жөн айта алатын рухани-ағартушы деңгейіне көтерілді. Олардың ізін басқан талаптылар да баршылық. Бүгінгі орталық осы бағыттағы жұмыстарды жүйелеп, болашақ ұрпақтың өміршең талабына сай болады деп ойлаймыз», деді Алмас Нұрмаханұлы.

Шара қонақтары арасында фольклортанушы ғалым, эпикалық жыршылық, орын­даушылық үрдістің көрнекті өкілі, жыршы Берік Жүсіпов, дәстүрлі әнші, Сүйінбай, Жамбыл дәстүрін жалғастырушы Ақан Әбдуалиев, жыршы Амандық Көмеков болды.

Өнер ордасына енгеннен-ақ түркі халықтарының ұлы ойшылы, жырау, күй атасы Қорқыт баба, Жанкент, Сауран, Шірік-рабат сынды көне қалалар суреттелген композицияға аялдайсыз. Ал ақпараттық тақтада жәдігер өнердің бұрынғысы мен бүгінгісінен хабар беретін мәліметтер топтастырылған. Әр аудандағы үйірмелерге қатысты ақпарат та осында сақталады. Өнер иелері туралы деректер, тіпті кейбірінің даусы да сақ­талған.

Жыраулар үйіндегі көрер­мендер залының сахнасы ұлттық нақышта безендірілген. Сахна айнасында орнатылған заманауи материалдан жасалған жартылай киіз үй тәрізді құ­рыл­ғының төбесін шаңырақ түйіс­тіреді. Бұл концерттік зал телевизиялық түсірілімдер жасайтын студия да болады. Экспозициялық музей залы да біраз құнды дүниені топтастырып тұр. Қорқыт баба мұра­герлері – Нышан, Нұрғали бақсылар қобыздарының суреттері, жыраулық үш мектеп бастауындағы Нұртуған, Жиенбай, Нартайдың бейнелері, тұтынған құралдары мен жеткен жетістіктерінің құжаттары қойылған. Музей залынан Сыр елінде 2006 жылдан бас­тап дәстүрлі түрде ұйым­дас­ты­ры­­лып келе жат­қан түркі тіл­дес ел­дердің халықаралық «Қорқыт және Ұлы дала сазы» фоль­клорлық-музыкалық өнер фес­ти­ва­лінің кейбір сәттерін, бағзы өнер­ге қатысты бағалы заттарды көре аласыз.

Жыраулар үйінің алқалы алаңында Сыр сүлейлерінің ізбасарлары, жыршы-жыраулар өнер көрсетіп, жырдан шашу шашты.

 

Қызылорда