Кеңес Одағының Батыры, армия генералы Сағадат Нұрмағамбетовтің туғанына – 100 жыл. Осыған орай елорданың 12 университетінде бір сағатта ұлт батырының өмір жолы туралы дәріс ұйымдастырылды. Ауқымды іс-шараға 2,5 мыңнан астам студент қатысты.
Ел Президенті Қасым-Жомарт Тоқаев «Egemen Qazaqstan» газетіне берген сұхбатында және Атырау қаласында өткен Ұлттық құрылтайдың «Адал адам – Адал еңбек – Адал табыс» атты үшінші отырысында халқымыздың көрнекті тұлғаларының тыныс-тіршілігін зерделеу және есте сақтау жалпыұлттық бірегейлікті нығайтуға ықпал ететінін атап өтті. Осы мақсатта ұйымдастырылған іс-шара «Сағадат» әнімен басталды. Содан соң Ұлттық қорғаныс университетінің оқытушылары, Төтенше жағдайлар министрлігі, Ұлттық ұланның жоғары оқу орнында білім алушы әскери қызметшілері дәріс оқыды.
– Соғыс батырларының мерейтойларына байланысты Мемлекет басшысының айтқан іс-шараларын жүзеге асыру үшін университеттің профессорлық-оқытушылар құрамы мен магистранттары «С.Қ.Нұрмағамбетовтің өмір жолы – жауынгерлік дәстүр сабақтастығының тарихы» деген тақырыпта дәріс дайындады. Осындай дәрісті биыл қазан айында Халық қаһарманы Рахымжан Қошқарбаевтың жүз жылдығына орай өткізуді де жоспарлап отырмыз, – деді Ұлттық қорғаныс университетінің басшысы, генерал-майор Асқар Мұстабеков.
Ұйымдастырушылардың сөзінше, бұл іс-шара жастардың бойындағы патриоттық рухты оятып, өмірлік бағдарын айқындауға сеп болады. Сондықтан дәріс бір уақытта Л.Н.Гумилев атындағы Еуразия ұлттық университеті, Қазақ ұлттық өнер университеті, Қазақ ұлттық хореография академиясы, С.Сейфуллин атындағы Қазақ агротехникалық зерттеу университеті, «Астана» медицина университеті, Esil University, «Тұран-Астана» университеті, Еуразия гуманитарлық институты, Astana IT University, «Астана» халықаралық университеті, Қазақ технология және бизнес университеті, Дене шынықтыру және бұқаралық спорт академиясы және С.Нұрмағамбетов атындағы әскери колледжінде өтті.
– Сағадат Нұрмағамбетовтің тағдыры жарқын естеліктерге толы. Оның өмір жолында бүкіл әлемді дүр сілкіндірген, миллиондаған адамның өмірін жалмаған, талай тағдырды өзгерткен сұрапыл кезең бейнеленген. Мені батырдың үшжылдық әскери білімді 3 айда алып шыққаны қатты таңғалдырды. Жастардың азаматтық ұстанымының қалыптасуына үлес қосатын осындай дәрістердің көбірек өткізілгені игі, – дейді студент Қайнар Нұриллаұлы.