• RUB:
    4.85
  • USD:
    498.34
  • EUR:
    519.72
Басты сайтқа өту
Төтенше жағдай 10 Сәуір, 2024

Ел мен сел

141 рет
көрсетілді

Тілсіз жау әлі де тізгінге ырық бермей тұр. Еліміздің бес аймағындағы су қоймалары кемеріне келіп қалды. Әсіресе батыс өңіріндегі өзен суларының деңгейі күн сайын өрлеп бара жатқаны байқалады. Соған сай мемлекеттік құрылымдармен бірге жұртшылық та тайлы-тұяғы қалмай Жайықтың жағасында дамылсыз дамбы салып, келе жатқан қауіптің алдын алуға жұмылды.

Қауіп сейілмей тұр

Су тасқыны жағдайы туралы Орталық коммуникациялар қызметі алаңында ТЖМ Азаматтық қорғаныс және әскери бөлімдер комитетінің аға офицері Сайпаш Ерасыл жедел ақпарат берді. Оның дерегі бойынша Ақтөбе, Ақмола, Қостанай, Шығыс Қазақстан, Атырау және Солтүстік Қазақстан облыстарында 3 358 жеке тұрғын үй, 326 аула және 2 089 саяжай үйлері су астында қалып отыр. Сондай-ақ республикалық, облыс­тық және жергілікті маңы­зы бар автожолдардағы 100 автожолдың, оның ішінде 9 көпір және 91 жол төсемін су шайған. 114 жолды су шайған. Қазір еліміздің 69 елді мекенінде көлік қатынасы үзілген. Азаматтық қорғау қызметтерімен 80 мыңнан аса адам құтқарылған, оның ішінде 29 мыңға жуық бала бар. 7 656 адам қауіпсіз жерге орналастырылды.

ТЖМ және жергілікті ат­қа­рушы органдардың күшімен 7,9 млн текше метрден аса еріген су тар­тылғанын, 1 млн-нан аса қап құм, 1 мың тонна инертті мате­риал төселгенін жеткізді. Сон­дай-ақ авариялық-құтқару жұ­мыс­тарына 18 мыңға жуық адам, 3,5 мыңға жуық техника, 9 әуе кемесі жұмылдырылған.

«Еліміздің 9 өңірі – Ақтөбе, Қостанай, Батыс Қазақстан, Ұлы­тау, Ақмола, Қарағанды, Атырау, Павлодар, Солтүстік Қазақстан облыстарында жергілікті ауқымдағы 29 төтенше жағдай жарияланды. 20 өңірде республикалық және облыстық жедел штабтар жұмыс істеп жатыр», деді ол.

Батыс Қазақстан облысында да су басу қаупі сейілген жоқ. Облыс орталығы мен 4 ауданға қатер төніп тұр. Мәселен, Ақжайық, Бәйтерек, Бөрлі, Теректі аудан­дары Жайықтың бойында орна­ласқан. Жайық – Ресейдің Челябі облысынан келетін өзен. Кейінгі күндері су көлемі 2 140 текше метрге дейін жеткен.

 

Ауа райы алаңдатады

Синоптиктер Солтүстік Қа­зақ­стан, Ақмола, Алматы, Ба­тыс Қазақстан, Жамбыл, Пав­лодар облыстары бойынша 9 гидрологиялық дауылды ескерту жариялады. Болжамды республикалық ақпараттық штабта өткен брифингте «Қазгидромет» РМК баспасөз хатшысы Алина Исмағұлова мәлімдеді.

Оның айтуынша, солтүстік-ба­тыста, солтүстікте, респуб­ли­­ка­­ның орталығында жауын-ша­шын жауа­­ды. Мәселен, СҚО бойын­ша 9-11 сәуірде Есіл өзен сала­ларында еріген су ағынының қарқыны күшейіп, мұз еріп, су деңгейі шектік белгілерге дейін күрт көте­рілуі ықтимал. Алматы облысын­да 9-10 сәуір аралығында жауын-шашын мол болуына байланысты таудағы еріген қар суымен өзендер көтеріледі деп болжанады. Бұл ретте тасқын болуы мүмкін. Сондай-ақ Үлкен және Кіші Алматы өзендерінің бассейндеріне қар көшкіні түсу қаупі бар. Ал Ақмола облысы Атбасар ауданындағы Жабай өзені арнасынан асады дейді мамандар.

«Елдің солтүстік-батысында, солтүстігінде түнде жауын-шашын (жаңбыр-қар аралас) болады, күндіз жаңбыр жауады, оңтүстік-шығыстың таулы аймақтарында жауын-шашын жауады, шығыс, оңтүстік, оңтүстік-шығыс облыс­тарында қатты жаңбыр жауып, найзағай ойнайды. Тек елдің баты­сында, оңтүстік-батысында жауын-ша­шынсыз ауа райы тұ­рақ­­ты», деді А.Исмағұлова.

Елдің бір бөлігінде тұман, жел­дің күшеюі, солтүстігінде көк­тайғақ, оңтүстігінде, оңтүс­тік-шығысында дауыл тұрып, бұршақ жауады деп болжанады.

 

Ел дегенде көмекке әзір

Тасқынға – тосқын болуға кі­ріс­кен еріктілердің саны күн сайын өсіп жатыр. Жергілікті жұрт­шылықпен бірге 25 мыңнан аса волонтер қызмет көрсетіп жүр. Еріктілердің ең басты атқарып жатқан жұмысы – зардап шеккен тұрғындарды ыстық тамақпен, жылы киіммен, жататын төсек орын­дарымен қамтамасыз ету. Қа­зіргі уақытта зардап шеккен жан­дарға дәрі-дәрмектермен қам­тамасыз ету жұмыстары ұйым­дастырылып жатыр. Бұл жөнін­де «Ұлттық волонтерлік желі» ұйымының өкілі Айбек Досым­бетов айтып берді.

«Волонтерлер құтқарушылар­ды ыстық тамақпен қамту жұмыс­тарын жасап жатыр. Барлық 20 аймақта жедел жері телефондары іске қосылған. Гуманитарлық көмек жинау орталықтары ашылып, бұл көмек зардап шеккен аймақ­тарға жіберілуде. Қа­зірге дейін ел бойынша 550 тоннадан аса гуманитарлық көмек жи­нал­ды. Бұл көмектің 370 тоннасы қажетті елді мекендерге жеткізілді. Республика бойынша 25 мыңнан аса волонтер түрлі қызмет көрсетіп жатыр», деді ол.

Бұған қоса еліміздегі жағ­дай­­ға шет мемлекеттер де алаң­дау­шылық білдіріп отыр. Су тас­қынынан зардап шеккендерге гуманитарлық көмектің алдың­ғы легі бауырлас Қырғыз елінен жетті. Гуманитарлық жүкті Қыр­ғыз Республикасы ТЖМ вице-ми­нистрі Урматбек Шамырқа­нов бастап алып келді. Азық-түлік, киім-кешек, төсек-орын жабдықтары, жылытқыштар т.б. түріндегі гуманитарлық жүк Атырау, Ақтөбе, Батыс Қазақстан, Қостанай облыстарының тұрғын­дарына жіберіліп жатыр. Сонымен қатар бауырлас Түркия елінен де осындай көмек келе жатқан көрінеді.

Айтып келмейтін апатқа алаң­даулы жұрт жұдырықтай жұмы­лып, қиындықты бірге еңсе­ріп жатқаны күпті көңілге демеу беретіні рас. Әсіресе Ақтау – Аты­рау арасында маңғыстаулық таксишілер жұртты тегін тасымалдап жүргені көпшілікті қуантты. Бұған қоса мемлекеттік күштік құрылымдар да елмен бірге күн-түн демей қалтқысыз қызмет қылып жатқанын байқауға болады. «Саусақ бірікпей, ине ілік­пейді» демекші, желіде жарияланып жатқан елдің бірлігіне қарап, елді селге де, желге де жібермес жігерлеріне тәнті боласыз. Қазір бізге керегі де – осы.