Алмас Нұрғожаев қолтаңбасында көшпелі халқымыздың тұрмыс тіршілігі, салт-дәстүрі, әдет-ғұрпы кеңінен көрініс табады. Тұяғымен ор қазып, ауыздығымен алысқан арғымақ, жауына жебедей атылған хас батыр, самалмен жарысып іңкәріне жан сөзін айтуға асыққан бозбала, тіршіліктің тынымсыз қозғалыс пен үздіксіз күрестен тұратынына үңілдіреді, философиялық тереңдікке тартады.
Бүгінгі қазақ бейнелеу өнерінде өз мәнерін қалыптастырып үлгерген жас суретші ішкі әлемінің жан толғанысын ұлттық тақырыптармен ұштастырған. Натураны жалпылау мен монументалдауға жүйрік суретші негізгі бейнені кейіптеумен шектелмей, оның жасырын ішкі мағынасын көрсетуді көздейді. Күрделі қозғалыс пен ракурсқа құрылған экспрессияға толы тылсым композициялар кенептегі қаһарман бейнелерді үздіксіз қозғалыс үстінде көрсетеді.
– Суретші өзінің кескіндемелік туындыларында деталдаудан саналы түрде алшақтап, композицияның монументалдылығына ұмтылады. Ол өзі мен кенептегі бейненің ара қашықтығын сақтай отырып жалпылыққа қол жеткізеді. Яғни сыртқы тұрмыстық суреттеуден гөрі философиялық ойлауға талпынады. Оған автордың «Әке қанаты», «Диалог», «Ауыз бекіту», «Сырласу», «Келісім алдында» композициялары жақсы мысал бола алады. Мұнда қылқалам шебері басты бейнені ауқымды етіп көрсетсе, жазықтық бетіндегі заттар мен фигуралар үшін кенеп көлемі әрқашан тарлық ететіндей әсер қалдырады. Ал «Автопортретінде» әр кезеңде де өз дәуірінің қаһарманы болып табылатын суретші бейнесін күрделі қозғалыста барынша айшықты етіп жазады. Мұндағы суретшінің басты қарулары – қылқалам мен палитра. Сонымен қатар «Ояну», «Қызыл кітап», «Жаңа әуен», «Суретшінің жолы», «Шарықтау» кенептері тұрмыстың шиеленісін, шығармашылықтың тынысын, сезім мен ойдың драмалық диалогін көрсетеді. Нұрғожаев шығармашылығында заманауи қазақ бейнелеу өнеріндегі жаңа ізденістер мен талпыныстар көрініс табады, – дейді өнертанушы Самал Мамытова.
Суретші қаламына іліккен тақырыптардың желісі кең. Әке мен бала, махаббат, қоғамдағы өткір мәселелер, сондай-ақ ең бастысы адам және оның өмірмен немесе өзімен күресі. Бұл бейнелердің әрқайсысы ғаламдық тебіреніспен көмкерілген. Олар өткір жағыстар мен монохромды түстер үйлесімінде күрделі ракурста шешіліп, дене-бітімдеріне ерекше мән беріле бейне бір мүсінші секілді саз балшықпен емес, түс арқылы сомдалады. Жұмақын Қайрамбаев, Өмірбек Жұбаниязов секілді ұстаздардың шеберханасында шыңдалған Алмас Нұрғожаев та еңбек жолын ұстаздықпен ұштастырған.
«Суретші – дәуірдің айнасы. Әр шығармадан уақыттың үні естіліп тұруы қажет деп есептеймін. Тарихымыздағы қаһарман сюжеттерді заманауи ізденістермен әрлеп, ұлттық мінезімізді, танымдық қуатымызды танытатын дүниелерге бет бұрып жүрген жайым бар. Меніңше қылқалам шеберлері өнер өкілдері ғана емес, олар күрескерлер. Адалдықтың, әділдіктің қайтпас жауынгерлері», – дейді А.Нұрғожаев.
Дала халықтарының дәстүрі мен мәдениетіне асқан сезімталдықпен ден қоюы шығармашылық иесін ұлттық тақырыптың этноромантикалық биік сатысына жетелейді. Ұлттық мінезге бай суретшілер мектебінің көшін жалғаған туындыгер өз көрерменін терең дүниелермен қуанту үшін үнемі ізденіс үстінде.
АЛМАТЫ