Қазақстан хореографиялық өнерінің алтын бесігі Александр Селезнев атындағы Алматы хореография училищесінің құрылғанына –90 жыл. Әлемдік балет мектептерінің арасында жетекші орынға ие және Орта Азиядағы ең үздік классикалық би ұстаханасы болып саналатын Қазақстанның бірінші балет мектебінің бұл мерейтойы – ұлт руханиятындағы айтулы оқиға. Жыл сайын дәстүрлі түрде өтетін «Өрлеу» Халықаралық хореографиялық оқу орындарының фестивалі биыл алтыншы рет ұйымдастырылып, атақты бишілер, ел өнерінің ардақтылары қатысқан мерекелік іс-шара жаңа форматта ұсынылды.
А.Селезнев атындағы Алматы хореографиялық училищесі құрылған күннен бастап ұлттық өнердің өркендеуіне өлшеусіз үлес қосып келе жатқан би майталмандарының бірнеше буынын тәрбиелеп, республикалық, халықаралық деңгейдегі балет шеберлерін даярлаумен айналысып келеді. Алғаш балалар үйі базасында ашылып, кейін 1976 жылы қала орталығынан жеке ғимаратқа қол жеткізген оқу орнынан осы жылдар аралығында 2000-нан астам түлек ұшып шықты. Бүгінде «қазақ балеті» деген дара ұғым қалыптасса, ол ұғымды қалыптастыруға, Александр Селезнев, Шара Жиенқұлова, Сара Көшербаева секілді сахна саңлақтарының баптап өсірген дарынды шәкірттері лайықты еңбек сіңірді. Училищенің талантты түлектерінің арасында әлемге әйгілі, Қазақ КСР-нің халық әртістері мен еңбек сіңірген әртістері Дәурен Абиров, Рамазан Бапов, 3әуірбек Райбаев, Болат Аюханов, Инесса Манская, Әбдуахим Асылмұратов, Сәния Тулусанова, 3инат Ақбарова, Эдуард Мальбеков, Людмила Ли, Мұрат Төкеев, Майра Қадырова, Лейла Әлпиева, Үлкен театрдың солистері, Ресейдің халық әртістері Наталья Чеховская мен Надежда Грачева, Дмитрий Тубольцев пен Алла Бураканова және басқалары бар.
Шығармашылығы күн сайын бұрқ-сарқ қайнап жататын училище шартарапқа аты жайылған танымал балет әртістерінің ауқымды тобын әзірлегенін мақтаныш етеді. Олардың ішінде 10-нан астам адам халық әртісі, 50-ден астамы еңбек сіңірген әртіс, көптеген түлек «ҚР еңбек сіңірген қайраткері», «Білім беру үздігі», «Еңбек сіңірген мәдениет қызметкері» атақтарына ие. Ал кейінгі отыз жылда Майя Плисецкая атындағы Халықаралық балет әртістерінің байқауы (Ресей), Варнадағы (Болгария) Халықаралық балет әртістерінің байқауы, «Арабеск» (Пермь, Ресей), «Prixde Lausanne» (Швейцария, Лозанна) Халықаралық балет әртістерінің байқауы, «Ваганова-Prix» (Санкт-Петербург, Ресей) балет әртістерінің байқауы, Серж Лифарь атындағы Халықаралық балет әртістерінің байқауы (Украина, Киев), тағы басқа халықаралық байқаулар мен фестивальдарда лайықты өнер көрсеткен 500 қазақстандық жас дарын лауреат жеңімпаз атанып, ел абыройын биікке самғатты.
«Өрлеу» жобасының мақсаты да сол – ұлттық хореографиялық өнерді биік деңгейге көтеру, әлемге танымал ету, педагог-хореографтардың кәсіби қоғамдастығын нығайту, хореографиялық білім беру саласындағы шығармашылық жетістіктермен халықаралық деңгейде тәжірибе алмасу. Биыл шараға Қазақстан, Өзбекстан, Қырғызстан, Әзербайжан, Түркия, Ресей, Беларусь, Башқұртстан, Бурятия, Якутиядан хореографиялық 10 оқу орны, сондай-ақ кәсіби би ұжымдары мен балет әртістері қатысты.
Сондай-ақ фестивальдың құрметті қонақтары қатарында ТҮРКСОЙ Бас хатшысы Сұлтан Раев, Түркияның Мемлекеттік опера және балет театрлары Бас басқармасының бас директоры және көркемдік жетекшісі Тан Саатүрк, Жапония меценаты мен импрессариосы Тошихико Такахаси бой көрсетіп, балет өнерінің бүгінгі деңгейі мен бағытын саралағандардың жанынан табылды.
«Мұндай алаң біз үшін аса маңызды. «Өрлеу» хореография саласындағы жас дарындарды анықтауды, келешегінен үміт күттіретін жас балет әртістерін қолдауды, хореографиялық білім беру мен өнер саласындағы халықаралық шығармашылық жетістіктер мен тәжірибе алмасуды дамытуды, педагог-хореографтар, балетмейстер мен мәдениет және өнер қайраткерлері арасындағы ынтымақтастықты нығайтуды, сондай-ақ ұлттық хореографиялық мұраны сақтауды және дамытуды қамтиды», деп атап өтті А.Селезнев атындағы Алматы хореографиялық училищесінің басшысы Мұрат Түкеев.
«А.Селезнев атындағы АХУ тарихы: педагогтер, түлектер, ізденістер» атты тақырыпта дөңгелек үстел ұйымдастырылып, жаңадан ашылған балет мектептері таныстырылып, соңынан көрнекті жетекші хореографтардың, фестиваль қонақтарының, Қазақстанның балет жұлдыздары мен корифейлерінің шеберлік сағаттары өткізілді.
Almaty Theatre сахнасында жарқыраған бишілердің өнерін сараптау комиссиясының құрамында Халықаралық хореография қайраткерлері одағының бірінші вице-президенті Сергей Усанов, Ресей Федерациясы мен Қазақстан Республикасының еңбек сіңірген әртісі, халықаралық конкурстардың лауреаты Юрий Васюченко, Ресей Федерациясының еңбек сіңірген өнер қайраткері, «Балет» журналының бас редакторы Валерия Уральская, Аустриядағы Еуропалық би академиясының профессоры Вакиль Усманов, Еуразия мәдениет қорының президенті Ерұлан Қанапьянов, Қазақ ұлттық хореография академиясының ректоры Бибігүл Нүсіпжанова, Анкарадағы Хаджетеппе университетінің хореография бас репетиторы, Қырғыз Республикасының халық әртісі Айсұлу Тоқомбаева болды.
Фестиваль аясында ТҮРКСОЙ халықаралық ұйымының қолдауымен «Түркі елдерінің хореографиялық оқу орындарының қауымдастығы» құрылды. Бұл қауымдастық балет өнерінің өркендету, талантты бишілерді даярлау, халықаралық шеңбердегі іс-қараларға қатысу, тәжірибе алмасу мақсатында үлкен жобаларды іске асырмақ.
«Өрлеу» хореографиялық оқу орындарының VI халықаралық фестивалінің жабылу салтанатында алматылықтар және қала қонақтары Абай атындағы Ұлттық опера және балет театрының, «Астана Балет» театрының, «Астана Опера» Мемлекеттік опера және балет театрының, Мемлекеттік академиялық би театрының, Роза Бағланова атындағы «Қазақконцерт» Мемлекеттік концерт ұйымының, «Гүлдер» ансамблінің, «Самұрық» заманауи би театрының, «Салтанат» мемлекеттік би ансамблінің, «Наз» мемлекеттік би театрының шеберлері қатысқан «Балет жұлдыздары» атты гала-концертті тамашалады.
АЛМАТЫ