Ғалымдар ұзақ уақыт бойы адам ойын оқитын технологиялардың соңынан қуып келеді. Бұл ізденістер қаншама ғылыми жаңалық ашқанымен, толыққанды нәтижеге жол таба алмады. Дегенмен Сидней технологиялық университеті біртабан жақындаған сынды. Олар ойыңды оқып, бірден мәтінге айналдыратын жасанды интеллектіні іске қосты.
Бұл салада белгілі бір жетістіктерге жеткен ғалымдар туралы осыған дейін бірнеше рет жаздық. Мысалы, Илон Масктың «Neuralink» компаниясы ми мен компьютер арасындағы деректер алмасу үшін адам миына чиптерді имплантациялады. Солай гаджеттерді ой күшімен басқаруға мүмкіндік берді.
Бірақ Сидней технологиялық университетінің қызметкерлері Масктан да биік шыңға шықты. Олар ойды оқып, мәтінге айналдыратын құрылғы жасады.
Ең ғажабы, бұл үшін миға қандай да бір құрылғы енгізу қажет емес. Толық түсіндіретін болсақ, ой оқу мидың белсенділігін тіркейтін электроэнцефалограмма көмегімен жүзеге асады. Яғни электродтары бар қалпақ кию жеткілікті. «DeWave» алгоритмі ми тол-
қындарын салыстырады. Алынған мәліметтерді жасанды интеллект өңдейді және оны сөзге айналдырады. Әзірге жүйенің тиімділігі машиналық аударманың дәлдігін өлшейтін BLEU шкаласы бойынша шамамен 40 пайызды құрап тұр. Әзірлеушілер оны 90 пайызға дейін көтереміз деп уәде берді. Бұл туралы «Осы құрылғы – ми толқындарын тікелей тілге аударудың инновациялық жетістігі. Үдеріс дискретті кодтау әдістері мен ми толқындарын мәтінге аударудан тұрады. Құрылғыны тағы да жетілдіре түсеміз», деді жоба жетекшісі профессор К.Т.Лин.
«NeurIPS» конференциясында құрылғыны тексеретін эксперимент өтті. Қатысушылардың ми толқындарын талдап, бірден экранға мәтін шығарылды. Бір қызығы, жүйе зат есімдерге қарағанда етістіктерді жақсы таныған. Зат есімдерге келетін болсақ, технология көбінесе түпнұсқа сөздерді емес, синонимдерді қолданған. Зерттеушілердің пікірінше, мұндай қателік мидың семантикалық ұқсас сөздерді өңдеуіндегі үдеріске байланысты болған.
Егер ғалымдар технологияны әрі қарай жетілдірсе, ол адамзат игілігіне қызмет істейді. Қандай да бір себептерге байланысты сөйлей алмайтын адамдарға ортамен байланысуға көмектеседі.