Соңғы рет алаңсыз армандаған кезіңіз есіңізде ме? Егер қойын дәптеріңіздегі қойдай көп жоспарларыңызды айта бастасаңыз, жолымыз осы жерден айырылуы мүмкін. Жоқ, ғайыптан тайып ғарышқа ұшып, ғаламшарда ауық-ауық серуендеуді жақсы көрсеңіз, мен сізді құттықтаймын. Сіз – әлемдегі ең бақытты жанның бірісіз.
«Арманымның бәрін жазар болсам, дәптерге сыймас еді», дейтін Қожаны ұмытпаған шығарсыз. Иә, арман ешқандай өлшемге сыймайды. Ол тап-таза жүректе, ақ қағаз көңілде ғана салтанат құра алады. Арманымыздың асудан, қиялымыздың қиядан аса алмай қалып жатқаны содан емес пе екен? Кім біліпті? Әйтсе де санамыздың түкпірінде балалық бағындағы сәулелі сәттердің бір ұшқыны қалғаны анық. Оларды тіршілік батпағынан аршып алып, ғарышқа самғату үшін кішкентай қиялшылдардан көп үйренуіміз керек. Мұндағы «қиялгер» сөзімді «қиялшыл» деген дұрысырақ деп қия басып жүрмеңіз. Ересектігіңізге басып ережешіл болудың қажеті жоқ. «Қайраткер» деп қолданып жүргенде, «қиялгер» деген де қисынды емес пе? Сондықтан санаңыздағы шекараларды бір мезет алып тастаңыз да, бала қиялында барлығы рұқсат деп, әрі қарай тарта беріңіз.
Шекара дегеннен шығады. Баяғыда бір топ құрбақа құдықтың түбіне құлап кетіпті. Әрі талпынып, бері талпынып шыға алмай амалы құрыған соң, ақсақалдарының біреуі ақыл айтыпты. «Құдай бұйырған құдық екен. Сексен құлаш тереңнен секіргеннен пайда жоқ. Мына жер де жаман емес. Осында өсіп-өне берейік. Кейін ұрпағымыз «аңсап жүрген аспандарың теңгедей-ақ нәрсе ғой» деп, құдықта құрқылдасып жатады әлі», деп сабырға шақырыпты. Айтып жатқаны сол еді, бір жас құрбақа қарғыды да құдықтан бір-ақ шығып кетіпті. Сөйтсе, әлгі бақа саңырау болған көрінеді. Ересек бақаның ережесін естімегеннен кейін, еркіндікке шығатын сенімі де өшпеген екен оның. Сол сынды баланың да еркін ойына ересектердің шектеуі қойылмағаны ләзім.
Иә, арманның бір аты – еркіндік. Тартылыс заңына табиғаты қайшы құбылыс. Оның айқын дәлелі – ұшуға деген ұмтылыс. Екі метр ересектердің аспаннан қарасаң нүктедей ғана тұлғасы мәз қылмай көрсін баланы. Мәселе онда да емес. Арқасына қанат байлап, қалықтап тұрған балаға алпауыт дүн-дүние кішкентай ойыншығы секілді көрінеді. Ал кішкентай ойыншықты барлық бала жақсы көреді. Осы сезімді бастан кешкісі келгеннен кейін, арманшыл көңілдің аспанды аңсайтыны сондықтан болса керек. Қанаттылармен қатар ұшқан қиял иесі қашанда азат. Ал азат сананың иесі қашанда бақытты.
Баланың келесі әрі ең үлкен қиял кеңістігінің бірі – ғарыш. Ғарышкер болуды армандамаған бала болмаған да шығар. Себебі ғарыш – ғажайып әлем. Ал ғажайыпты танып-білу – бала санасының ең сүйікті ісі. Өзіңіз ойлаңызшы, жұлдызға жақындап, Айды айналып жүруден асқан қуаныш бола ма? Сондағы көңіл күйді өзің де сезініп, қиялыңа қанат байлауы үшін балалар әдебиетіне бармаса болмайды. Бағанадан бері осы тақырыпты төңіректеп келе жатқанымызды түсінген боларсыз, қадірлі оқырман. Ендеше, осы турасында ойымызды ортаға салып, балалар әдебиетіндегі ғарыш тақырыбына танымдық барлау жасап көрейік.
Ғарыш культі әлем әдебиетінде аз орын алған жоқ. Керісінше, жердегі қалыпты қаһармандардан гөрі кішкентай оқырмандар ғаламшарларда саяхаттап, түрлі жағдайды басынан кешетін ғарышкерлерді жанына жақын тұта бастады. Қаламгерлер де пәлсапалық мән дарытып, баланы биікке самғатқан сайын, жүрегіне тереңдеуді үйретті. Антуан де Сент Экзюперидің «Кішкентай ханзадасы» балаларға махаббаттың мәнін, достықтың бағасын, өмір сүрудің мазмұнын ғарыштан үйретті.
Юрий Гагарин ғарышқа ұшқаннан кейін іле-шала жарық көрген Николай Носовтың шығармасы балалармен қатар ересектерге қатты әсер етті. Кім не десе де «Дымбілместің Айға саяхаты» кеңес дәуірі балаларының отаншылдық сезімін ерекше көтерді. Мемлекеттің ғылыми жетістігі балалар әдебиетінде көрінуі – дамудың негізгі іргесі. Балалардың барлығы ғарышкер болуды армандауына бәлкім осы шығарма – негізгі себеп. Н.Носов осы орайда өзінің «Дымбілмесімен» адамшылық қағидаларын насихаттай отыра, мемлекеттің технократиялық әлеуетін бейсаналы түрде таныстыра білді.
Қазақ балалар әдебиеті де ғарышқа сапар жасады. Фантаст жазушы Абдулхамит Мархабаевтың 1972 жылы жарыққа шыққан «Ғарыштағы қымыз» шығармасын оқырман қауым жақсы қабылдады. Мектеп бағдарламасына енгізілді. Альфалықтар туралы қиял-ғажайып әңгіменің оқиғасы күрделі екеніне қарамастан, тілі жеңіл, баяндалуы қызықты. Өзге өркениеттерді зерттеу арқылы, достық, ынтымақ тақырыбы насихатталады.
Ал Жүніс Сахиевтің «Айдағы жасырынбақ» шығармасы балаларды табиғат тазалығына үндейді. Оқиға Сартай мен Мергеннің ғарыш кемесімен қалай саяхаттағанын сыныптастарына баяндауынан басталады. Айға барып жасырынбақ ойнамақшы болған балалар ондағы қауіпті сезеді. Оларды саяхатқа алып шыққан әкесі кезінде айда да тіршілік болғанын айтады. Алайда адамдардың табиғатқа деген қамқорсыздығынан, осындай аянышты күйге түскенін түсіндіреді.
Иә, бергі заманда жазылған осы тақылеттес шығармалар көп. Алайда қазақ балалар әдебиетіндегі ғарыш тақырыбы ХХ ғасырдан ғана бастау алады деген ойдан да алшақ болған дұрыс. Қазақ баласын ең әуелі ғарышқа самғатқан – Тазша бала. Әйгілі қырық өтірігінің бірінде ол жеті жылқысын жоғалтып алады. Айналасына қараса, ештеңе көрінбейді. Бойы жетпеген соң, құрықтың үстіне шығып қарайды. Онда да нәтиже болмайды. Кенет қалтасында тебен иненің бары есіне түсіп, оны құрыққа қадап, үстіне шығады. Айналаның бәрі ап-анық жарқырап сала береді. Ғалым Ақжан Машанидің пікірінше, Тазша баланың «өтірігінде» ғарыштық ғылыми шындықтар тұр. Жоғалған жылқы деген – жеті қарақшы жұлдыздар шоғыры. Ал оларды айдан анық, күннен жарық көрсеткен тебен ине – кәдімгі компас. Машанидің бұл талдауына сүйенсек, ілкідегі ғарыш туралы түсініктің тым терең болғанын түсінесіз. Сондықтан қазақ балалар әдебиетіндегі ғарыш тақырыбының генеологиялық өрісі сонау Тазша баладан келе жатыр деп айтуға тұрарлық.
Балалар секілді жазу, балалар секілді ойлану – ең қиын нәрсе. Бұл жанр ақыл айтып көсемсуді, ересектерге тән үйретімпаздықты ұнатпайды. Балаға жай ғана дос бола білу керек. Шіркін, баланы өзі секілді түсіне білсек қандай? Сөзімізді мына диологпен аяқтағымыз келеді:
– Балақай, сен өскенде кім болғың келеді?
– Бақытты боламын.
– Сен сұрақты түсінбеген сияқтысың.
– Керісінше, сіз жауапты түсінбеген секілдісіз...