Алматы әуежайындағы уақытша сақтау қоймасының 29 жастағы жүк тиеушісі жалпы сомасы жеті миллион теңгеден астам ұрлық жасап, 3,5 жылға сотталды, деп хабарлайды Egemen.kz.
Ішкі істер министрлігінің хабарлауынша, 29 жастағы азамат «Алматы-Дубай», «Алматы-Прага» және «Алматы-Гонконг» халықаралық бағыттарында жолаушылардың мүлкін бірнеше рет ұрлаумен айналысқан.
«Ұсталған азамат әуежайдың уақытша сақтау қоймасында жүк тиеуші болып жұмыс істеп, биылғы жылдың қаңтар-наурыз аралығында жалпы сомасы 7 645 371 теңге көлемінде ұрлық жасаған. Көлік полицейлері ұрлық фактілері бойынша жедел сотқа дейінгі тергеу амалдарын жүргізіп, оның барысында заттай айғақтарды алды», деп хабарлады ІІМ баспасөз қызметі.
Алматы қаласы Түркісіб аудандық сотының үкімімен құқық бұзушы барлық фактілер бойынша кінәлі деп танылып, үш жыл алты айға сотталды.
Қырмызы ЖҰМАҒАЛИҚЫЗЫ,
ЕҰУ студенті