• RUB:
    4.85
  • USD:
    498.34
  • EUR:
    519.72
Басты сайтқа өту
Саясат 13 Сәуір, 2024

Армения Премьер-министрі Н.В. Пашинянның «Egemen Qazaqstan» және «Казахстанская правда» газеттеріне берген сұхбаты

642 рет
көрсетілді

​Қазақстан Республикасының Президенті Қасым-Жомарт Тоқаевтың Армения Республикасына ресми сапары қарсаңында Премьер-министр Никол Пашинян «Egemen Qazaqstan» және «Казахстанская правда» газеттеріне арнайы сұхбат берді.

– Премьер-министр мырза, биыл Қазақстан мен Арменияның достығы мен ынтымақтастығы туралы шартқа қол қойылғанына 25 жыл толуы атап өтіледі. Осы ширек ғасырда біздің елдеріміздің екіжақты қарым-қатынасы қалай ілгеріледі?

– Шынында да, бұл құжат біздің мемлекетаралық қатынастарымыздың жалпы қағидаттары мен негізгі басымдықтарын елеулі дәрежеде белгілеп, екіжақты әріптестікті мүлдем жаңа деңгейге шығару жолындағы шешуші сәт болды. Содан бері өткен кезең екіжақты ынтымақтастықтың әлеуетін одан әрі арттыру армян және қазақ халықтарының түбегейлі мүдделеріне толық жауап беретіндігін айқын көрсетіп берді.Бүгінгі таңда біздің қарым-қатынасымыз шын мәнінде өзінің стратегиялық сипатымен ерекшеленіп, сенімді саяси диалогті, оның ішінде ең жоғары деңгейді де қамтып отыр. Екіжақты қатынастарды жаңа мазмұнмен және стратегиялық бағдарлармен байыта отырып, барлық бағытта ілгерілеуге мүмкіндік беретін өзара саяси ерік-жігер бар екенін зор ықыласпен атап өткім келеді. Біз шынайы тең құқылы байланыс, өзара көмек, бір-бірінің егемендігі мен аумақтық тұтастығын құрметтеу және мүдделерін ескеру қағидаттарына негізделген екіжақты қарым-қатынасты дамытуға бейілдіміз. Бұл – Армения халқына да, Қазақстан халқына да ортақ құндылықтар.Біздің елдеріміз ғасырлар бойы жалғасып келе жатқан тығыз байланыстарға сүйене отырып, екіжақты және көпжақты форматтағы саяси ықпалдастық пен барлық салада сауда-экономикалық ынтымақтастықты кеңейтуден бастап, мәдени-гуманитарлық байланыстарды тереңдетуге, өңіраралық деңгейде серіктестік қатынастарды дамытуға дейінгі барлық бағытты қамтитын мемлекетаралық диалог пен ынтымақтастықты жан-жақты және дәйекті түрде арттыруды белсенді түрде қолдап отыр.Бұған дейін ауқымды істер атқарылды. Алдағы уақытта бірлесе жүзеге асыратын қыруар жұмыс бар екені сөзсіз.

– 2023 жылы Қазақстан мен Армения арасындағы тауар айналымы 23 пайыздан астам өсті. Осындай қарқынға қарамастан, біздің елдеріміздің сауда-экономика саласындағы ынтымақтастығының әлеуеті көп жағдайда толық пайдаланылмай отыр. Сіздің ойыңызша, өзара ықпалдастықтың қандай бағыттары перспективті саналады?

– Былтырғы екіжақты тауар айналымының өсімі бизнесті жүргізу жағдайын жеңілдету үшін жасалған тетіктердің тиімді екендігін растайды. Алайда экономика салаларындағы ынтымақтастықты елдеріміздің әлеуеті мен даму басымдықтарына сай келетін мүлде жаңа деңгейге шығаруға бағытталған өзара ықпалдастықтың тың жолдарын іздеу үшін шаралар қабылдау қажет екенін құптаймын. Бұл тұрғыда Армения Республикасы мен Қазақстан Республикасы арасындағы Экономикалық ынтымақтастық жөніндегі үкіметаралық комиссияға айрықша жауапкершілік жүктеледі. Оның кезекті, оныншы отырысы биылғы сәуір айының басында өтті. Жиында көлік бағыттарын әртараптандыру, экспорттық-импорттық және транзиттік операциялардың жаңа тізбектерін анықтау мәселелеріне ерекше назар аударылғанын ескерсек, таяу келешекте тиісті нәтиже күтуге болады. Тамақ және зергерлік өнеркәсіп немесе фармацевтика сияқты дәстүрлі бағыттармен қатар, біз инновациялық технологиялар саласындағы ынтымақтастық (бірлескен стартаптарды іске қосу, құрылғы жасау, білім беру ісін цифрландыру, секторлық инвестицияларды ынталандыру және т.б.) мәселесін қозғап отырмыз.Армения да Қазақстан сияқты көлік-логистикалық инфрақұрылымды дамытуға ерекше мән беріп отыр. Осыған орай Армения Республикасының Үкіметі біздің өңір үшін ауқымды «Бейбітшілік тоғысы» инфрақұрылымдық жобасын таныстырды. Оның аясында бірқатар көлік-коммуникация желісін тарту және жаңғырту көзделген. Аталған жобаның мақсаты – мүдделі мемлекеттер арасындағы сауда-экономикалық байланыстарды дамыту үшін неғұрлым қолайлы жағдай жасау, сондай-ақ елдердің егемендігі мен юрисдикциясын және теңдік пен өзара түсіністік қағидатын толық құрметтеу негізінде Оңтүстік Кавказ аймағының логистикалық әлеуетін едәуір арттыру.Бұдан бөлек, «Бизнес бизнес үшін» ("В2В") форматында тікелей байланысты жолға қою елдеріміздің сауда-экономикалық әлеуетін іске асыруға оң ықпал ете алады деп ойлаймын. Бұл ретте осы айдың басында Ереванда өткен Армения-Қазақстан бизнес форумы аясында атқарылған жұмыстарды айрықша атап өткім келеді.

– Бүгінде Қазақстанда армян капиталының үлесі бар 400-ден астам компания тіркелген, ал Сіздің еліңізде экономиканың түрлі салаларында қазақстандық капиталының үлесі бар 100-ге жуық компания жұмыс істейді. Қазақстандық кәсіпкерлер үшін Армения несімен тартымды? Сіздің ойыңызша, біздің мемлекеттеріміз үшін инвестициялық саладағы ынтымақтастықты дамыту перспективасы қандай?

– Армения Республикасының Үкіметі жүргізіп отырған «Ашық есік» саясатының арқасында елімізде инвестициялық қызметке ешқандай шектеу қойылмайды. Біздің Үкіметіміз шетелдік инвесторларға, соның ішінде қазақстандық серіктестестерімізге жан-жақты қолдау көрсетіп келеді. Біз экономикалық дамуға және инновацияларға ықпал ететін инвестициялық жобаларға мемлекеттің қолдауы мен ресурстарын ұсынатын бірқатар бағдарлама қабылдадық. Сондай-ақ Арменияның еркін экономикалық аймақтарында бизнес жүргізу үшін қолайлы жағдай жасалған. Салық жеңілдіктерінің кешенді топтамасы ұсынылады және жеңілдетілген рәсімдер қолданылады.Армения көпвекторлы сыртқы сауда саясатын дәйекті түрде жүргізіп келеді. Мұнда біздің ЕАЭО аясында Қазақстанмен преференциялық сауда режимі, сондай-ақ екі елдің сауда-көлік бағыттарын әртараптандыру мақсатында көлік-логистика әлеуеттері ұштастыру мүмкіндігі ескерілген. Бұл қадамдар елімізді қазақ кәсіпкерлері үшін тартымды етеді.Осы орайда инвестицияларды ынталандыру үшін Армения мен Қазақстанның бизнес-қоғамдастық өкілдерінің арасындағы тікелей байланыстардың маңызды екеніне тағы да назар аударғым келеді. Екі елдің мемлекеттік мекемелері капиталды тиісті деңгейде қорғап, қауіпсіз және болжамды инвестициялық ортаны қамтамасыз ету үшін бар күш-жігерін жұмсайды деп сенемін.

– Бүгінде Қазақстан цифрландыру саласы бойынша Орталық Азияның көш бастап тұр. Қаржы технологияларынан бастап электрондық үкіметке дейінгі барлық бағытты қамтитын осы саланы әрі дамыту еліміздің басты басымдықтарының бірі болып қала береді. Армения да ақпараттық-коммуникациялық технологияларды жаңғыртуға, білім экономикасын дамытуға баса мән беріп отыр. Елдеріміз осы салада қандай тәжірибесімен алмаса алар еді?

– Бизнес жүргізу үшін жасалған қолайлы жағдай, білікті мамандар, сондай-ақ мемлекеттік қолдаудың арқасында Арменияда да IT-индустрия кейінгі жылдары айтарлықтай өркендеп келеді. Отандық ақпараттық-технологиялық сектор жыл сайын 20 пайыз деңгейінде тұрақты өсім көрсетіп отыр, яғни бұл – елдегі ең қарқынды дамып келе жатқан салалардың бірі. Халықаралық аренада армян компаниялары бағдарламалық қамтамасыз ету, жасанды интеллект, машиналық үйрену, ақпараттық қауіпсіздік әзірлемелері, сондай-ақ инновациялық қаржылық-тенологиялық стартаптар саласында зор беделге ие.Екі елдің жоғары технологиялық өнеркәсібінің өкілдері арасында өзара үлкен қызығушылық бар. Осыны ескерсек, бұл бағыттағы ықпалдастықтың нақты механизмдері мен формаларын анықтау жұмыстары таяу болашақта перспективті бірлескен жобаларға ұласады деп ойлаймын.

– Премьер-министр мырза, қалай ойлайсыз, ЕАЭО-ға мүше мемлекеттердің күш-жігерін ұштастыру геосаяси сызаттарды жымдастырып, экономикалық ынтымақтастықтың неғұрлым орнықты моделін жасай ала ма?

– ЕАЭО – қандай да бір саяси һәм геосаяси күн тәртібі жоқ экономикалық бірлестік. Армения және Қазақстан көп жағдайда осы ұстанымды жақтап, аталған экономикалық бірлестік аясындағы өзара іс-қимылды нақ осы тұрғыда дамытып отыр.Біз ЕАЭО-ны саясаттандырудың әртүрлі әрекеттерінің жолын кесуге тырысып, экономикалық ынтымақтастық аясында өзара іс-қимылды дамытуды жалғастырып отырмыз. ЕАЭО және оның экономикалық қағидаттарын саяси амбициялармен араластырмау керек. Сауда мен ықпалдастықтың негізгі еркіндіктері саяси пиғылдарға байланысты шектелмейді және шектелмеуге тиіс. Әйтпесе, бұл бірлестіктің іргелі қағидаттарына нұқсан келтіреді. – Қазақстан мен Армения екіжақты ғана емес, көпжақты құрылымдар аясында да өзара қарым-қатынас жасайды. Екі ел арасында халықаралық және өңірлік күн тәртібіндегі негізгі мәселелер бойынша өзара түсіністік бар ма?

– Біздің көпжақты алаңдарда өзара сенімге негізделген тұрақты қарым-қатынас жасап келеміз. Жаһандық және өңірлік күн тәртібіндегі өзекті мәселелер бойынша ашық пікір алмасамыз. Сондай-ақ туындаған мәселелердің шешімдерін бірлесіп іздеуге әзірміз.Армения да Қазақстан сияқты, халықаралық құқық нормалары мен қағидаттарын құрметтейді, соның ішінде мемлекеттік егемендікті құрметтеу, бір-бірінің аумақтық тұтастығын мойындау және құрметтеу, мемлекеттік шекаралардың мызғымастығы мен қол сұғылмаушылық мәселелеріне байыппен қарайды.Біздің елдеріміз экономикаларын мен транзиттік әлеуеттерін әртараптандыруға ұмтылады.Жоғарыда айтылған жайттардың барлығы Армения мен Қазақстанның халықаралық панорамадағы негізгі мәселелер бойынша ұстанымдарын бір-біріне түсінікті етіп отыр.Сондай-ақ көпжақты құрылымдар аясында Ереван мен Астананың ұстанымдары әрдайым бірдей болмағанымен, көбінесе бір-біріне өте жақын. Осыны ескере отырып, Армения өзара қолдау негізінде Қазақстанмен әртүрлі халықаралық және өңірлік алаңдарда сындарлы ынтымақтастықты одан әрі дамытуға және тереңдете түсуге әзір.– Әдетте мемлекеттер арасындағы өзара түсіністік пен ынтымақтастықты дамытуға гуманитарлық байланыстар, әсіресе, адами қарым-қатынастар зор үлес қосады. Қазақстанда өз мәдениеті мен тілін дамытуға, тарихи Отанымен байланысты нығайтуға мүмкіндігі бар көптеген этникалық армяндар тұрады. Ал Арменияда қанша қазақ тұрады? Қос халықтың өзара ынтымағы мен достығын одан әрі нығайту үшін мемлекетаралық деңгейде қандай шаралар қабылданып жатыр?

– Армяндар ежелден диаспоралық ұлт ретінде тілдік, этностық, мәдени және діни бірегейлігін еркін білдірудің және сақтаудың қаншалықты маңызды екенін жақсы түсінеді. Біздің үкімет үшін халықтар арасындағы байланыстарға жол ашу, мәдени-ақпараттық орталықтар мен отандастарымыздың бірлестіктерінің қызметін қолдау басым сипатқа ие.Бүгінде Қазақстанда ондаған мың армян өмір сүріп жатыр. Олар достас елдің қалыптасуы мен дамуына қомақты үлес қосып жүр. Олар өз еліне шын берілген азаматтар ретінде ұлттық бірегейлігін, ана тілі мен дәстүрін сақтау үшін бәрін жасауда. Біз, әлбетте, инклюзивті және тең құқылы қоғамдық орта құрғаны үшін Қазақстан халқы мен Үкіметіне зор ризашылығымызды білдіреміз.Арменияда тұратын этникалық қазақтардың саны салыстырмалы түрде аз болғанымен, біздің халқымыз қазақ халқымен ғасырлар бойғы достығын жоғары бағалайды әрі сіздерге әрқашан зор ілтипатпен, құрметпен қарайды.

– Уақыт тауып, сұхбат бергеніңіз үшін көп рақмет.