«Бәрібір шетелдік өнімді ығыстыруға күш саламыз». Сөзі нық естілді. Әдетте сырттың өніміне көбірек мұқтаж екеніміз рас. Кейіпкеріміздің сенімділігі сөзінен де, әрекетінен де байқалады. Бастамасы орашолақ іс емес. Ауқымы кең.
Астана қаласы маңындағы №1 Индустриялық парктен 1 гектар жер алып, зауыт көтерген кәсіпкер Мақсат Оразханұлының ендігі мақсаты – отандық өнім көлемін кеңейту. Біз барған өндіріс орны «Metal Former» деп аталады. Кәсіпорын шатыр мен үйдің сыртқы және ішкі қабатына әр беретін қаптау материалдарын шығарады.
Жоба былтыр желтоқсанда іске қосылды. Мемлекет басшысы Қасым-Жомарт Тоқаевтың өзі келіп, сәттілік тілеген кәсіпорынның қазіргі қарқыны қуантып-ақ тұр.
6 млрд теңгеге жуық инвестиция салынған өндіріс ошағының өзіндік ерекшелігі көп. Кәсіпорын директоры Мақсат Садуақасов цех ішін аралай жүріп, жұмыс тәртібін бізге түсіндіріп берді.
«Қазір мұнда 56 адам жұмыс істейді. Зауыт толық іске қосылғанда 96 қызметкерге дейін қабылданады. Өндірісті іске қосар алдында бір ғана жоспар құрдық. Ол – сырттан келетін импорттық тауарларға телмірмей, өзімізден шығару. Отандық өнім ауқымын кеңейтіп, халықты құрылысқа қажетті тауарлармен қамтамасыз етсек дейміз. Тіпті оған қажетті шикізат та өзіміздің елден табылып отыр емес пе? Расымен, біздің цехтың өнімінің басты шикізаты – Теміртаудың темірі, Павлодардың аллюминийі мен Семейден келетін тығыздалған панелдер. Осыларды өңдей отырып, ғимарат пен тұрғын үйдің шатырын жабуға, сондай-ақ әртүрлі қалыңдықта сыртқы қабатты қасбеттік әрлеуге, ішкі бөлмелердің қабырғаларын қаптауға арналған түсті панелдер мен оларға қажетті қосалқы жабдықтар шығарамыз», дейді.
Мақсаттың айтуынша, жаңа зауыт үшін инвестиция құюға «Samruk-Kazyna Construction» 80 пайыз үлес қосса, қалғанын кәсіпкердің өзі жобаға бағыттаған.
«Қазір елде «Жайлы мектеп» жобасы басталғанын білесіз. Бұл құрылысты салуға көп көлемде материал керек. Аталған жобаға қатысып жатырмыз. Өйткені мемлекет ұстанған бағыттың бірі – отандық өнімді қолдау. Бізде қазір «CT KZ» сертификаты бар. Бұл – жергілікті өнім екенін дәлелдейтін құжат. Негізінен өнімдерге тапсырыс ірі құрылыс компанияларынан түседі. Бүгінде 56 түрлі құрылыс өнімі Астана, Алматы, Қостанай, Шымкент, Түркістан, Ақтау, Атырау қалаларына жіберіліп жатыр. Қосымша Польша мемлекетінен қызығушылық танытып отырғандар бар. Отандық өнімге деген Үкімет қолдауы тоқтамаса, осы заттардың шетелдік баламасынан сапасы кем емес, тіпті одан да асып түсетінін шығара аламыз», дейді Мақсат Оразханұлы.
Айтуынша, жаңа ашылған өндіріс пен ондағы тауарлардың таралуы үшін қолдау әлі де көп керек. Әрі Президенттің отандық өндірушілермен офтейк-келісімшарттардың үлесін кем дегенде 10%-ға дейін арттыру туралы тапсырмасы бар. Офтейк-келісімшарты болса, өнім шығарушы да уайымға салынбайды. Себебі тауарды белгілі бір мөлшерде өткізуге мемлекет тарапынын кепілдендірілген құжат болады. Егер елдегі кәсіпорындар шығарған тауардың сатып алу үдерісін осылай жеңілдетіп, сапасы мен үлесін арттыру сияқты жұмыстарды бір жүйеге түсірсе, онда экономикалық көрсеткіш те жаман болмас еді.
«Бұл – отандық тауар өндірушілерге үлкен қолдау әрі сырт мемлекеттерден келетін өнімді күтіп жаутаңдамайтын да боламыз. Қаржы да сыртқа кетпей, өзімізде қалады», деп ағынан жарылды кәсіпорын директоры.
Бір байқағанымыз, мұнда арнайы келісімшартпен келген түрік азаматтары кәсіпорын жұмысшыларына өндіріс барысын оқытып, үйретіп жүр. Олар белгілі бір уақытқа келген. Ары қарай қазақ жігіттері бұл істі толыққанды өз қолына алады.
«Біздің зауыт қалдықсыз жүйемен жұмыс істейді. Металды еріту арқылы арнайы формадағы құрылыс заттары шыққан соң, одан қалған қалдықтарды қайта өңдеуден өткізіп, өндіріске пайдаланамыз. Барлық жабдық жартылай автоматтандырылған. Өнім шығаратын станоктар Қытай мен Түркиядан келсе, компьютерлік құрылғыларды Германиядан алдырдық. Енді «Astana Invest» қалалық инвестицияларды дамыту орталығы тағы 1,7 гектар жер ұсынып отыр. Ол жерге көлемі бұдан 3 есе үлкен, осындай өнім шығаратын зауыт орналастыруды жоспарлап отырмыз. Жоба сәтті аяқталса, 150 адамға дейін жұмыс күші қажет. Қазір ішкі өнімді қамтып отырсақ, ол кезде сыртқы экспортқа да көптеп қол жеткізуге болады», дейді кәсіпорындағы цех басшысы Әділет Беркінбаев.
Бір жақсысы – жұмысшыларға барлық жағдай жасалған. Тегін ас мәзірі, жатақхана мен арнайы жуынатын бөлмелері бар. Әділет Беркінбаевтың сөзінше, қала орталығынан қатынайтын қызметкерлерге шағын автобус бөлінген. Маусымдық жұмыс киімі уақтылы беріліп отырады. Тапсырыс көбейген кезде кәсіпорын екі ауысыммен жұмыс істейді. Ал орташа айлық жалақы – 500-600 мың теңге. Сонымен қатар қызметкерлерге әлеуметтік қолдау пакеттері жиі ұйымдастырылып тұрады.
«Шатыр және қаптау материалдарын шығаратын «Metal Former» зауыты арнайы экономикалық аймақтың (АЭС) басқарушы компаниясы – «Astana Invest» қалалық инвестицияларды дамыту орталығы көмегімен іске асқан жоба. Соның нәтижесінде заманауи жабдықтар арқылы өнім сапасы мен қуаттылығын арттыру, ауқымын кеңейту, қосымша жұмысшыларды тарту жұмыстары жүргізілді. Өнімнің негізгі сатып алушылары – «BI-Group», «Mabco», «Bazis-A» құрылыс компаниялары. Әртүрлі өнеркәсіптік және азаматтық нысан салатын мұндай ірі компаниялардың отандық өнімге деген сұранысы жоғары. Одан бөлек, Қазақстанның бірнеше қаласында жүріп жатқан құрылыстарға да зауыт өнімдері жеткізіледі. Енді аталған кәсіпорын өнім түрлерін кеңейту үшін екінші зауыт салуды қолға алмақ», дейді «Astana Invest» Басқарма Төрағасы Асхат Бекеев.
Төрағаның айтуынша, қазір елордада екі арнайы экономикалық аймақ (АЭА) жұмыс істейді. Бірі – «Астана – жаңа қала» деп аталса, екіншісі – «Астана-Технополис» экономикалық аймағы. Осы АЭА-ның басқарушы компаниясы – «Astana Invest» қалалық инвестицияларды дамыту орталығы.
Былтыр осы екі аймақта жалпы құны 8,59 млрд теңгеге 7 жоба пайдалануға берілген. Олардың қатарында біз айтқан зауыттан бөлек, пластикалық терезелер өндірісі («Астанапластрой»), инновациялық энергия үнемдейтін материалдар («3i Materials»), полимерлі құбырлар мен фитингтер («АТЗ Арыстан»), термосталған кварц генераторларын өндіру (ArtXtal»), құрылыс материалдары («ҚТКСС») және жиілікті реттейтін электр жетектерінің өндірісі («Power Conversion Systems») бойынша серіктестер бар. Ал биыл құны 19,8 млрд теңге болатын 10 жобаны іске қосу жоспарланған. Іске асса, 260-қа жуық жұмыс орны ашылмақ.