Мәжіліс спикері Ерлан Қошановтың төрағалығымен бюро отырысы өтіп, алдағы жалпы отырыстың күн тәртібі нақтыланды.
Депутаттардың талқылауына Әкімшілік құқық бұзушылық туралы кодекске енгізілген түзетулерді бірінші оқылымда қарау ұсынылады. Заң жобасында қоғамдық жұмыстарға тарту түрінде әкімшілік жаза енгізу, оны орындау тетігін және жазаның осы түрін қолдану құрамын айқындау көзделеді, сондай-ақ әкімшілік құқық бұзушылық туралы істерді жүргізу кезінде күштеп әкелу мәселелерін заңнамалық регламенттеу қарастырылады.
Алдағы жалпы отырыста депутаттар Мемлекеттiк наградалар туралы заң жобасына енгізілетін түзетулерді қарайды. Құжат «Айбын» орденінің дәрежелеріне Сағадат Нұрмағамбетов, Бауыржан Момышұлы және Рахымжан Қошқарбаевтың есімдерін беруді көздейді. Заң жобасы Мемлекет басшысының Ұлттық құрылтайдың үшінші отырысында берген тапсырмасын орындау мақсатында Парламент депутаттарының бастамасымен әзірленді.
Сонымен қатар екінші оқылымда депутаттар «Масс-медиа туралы» және «Ғылым және технологиялық саясат туралы» үкіметтік заң жобаларын ілеспе түзетулерімен қарайды. Сондай-ақ Салық кодексіне ғылым мәселелері жөніндегі өзгерістер енгізіледі.
Мәжіліс Әкімшілік құқық бұзушылық туралы кодекске масс-медиа мәселелері бойынша өзгерістер енгізу туралы және Ресеймен біртұтас энергетикалық жүйелерінің қатар жұмыс істеуін қамтамасыз ету жөніндегі шаралар туралы келісімді ратификациялау туралы заң жобасын жұмысқа алады.