• RUB:
    4.85
  • USD:
    498.34
  • EUR:
    519.72
Басты сайтқа өту
Саясат 15 Сәуір, 2024

Мемлекет дипломатиясының тарихи белесі

239 рет
көрсетілді

Шетелмен қарым-қатынас, көрші елдермен байланыс жасау, дипломатия тарихы Қазақ хандығынан бастау алады. Керей мен Жәнібек, Қасым мен Тәуекел хандардың Қазақ елінің көрші мемлекеттермен дипломатиялық қарым-қатынас орнатуда еңбегі орасан зор болды.

ХХ ғасырда қазақ халқы екі мем­­­­лекеттің құрамында болды. Ал­­­­ғаш­қысы – 1920 жылы 26 та­мыз­­да құрылған Қазақ кеңестік со­циа­­листік автономиялық респуб­ли­касы, астанасы Орынбор қала­сы еді. Екіншісі – Оңтүстік Қазақстан­ның 5 облысы (Талдықорған, Алма­ты, Жамбыл, Шымкент, Қызыл­ор­да) Түркістан кеңестік социа­лис­тік республикасының құрамы­на ен­ді. Сол кезде астанасы – Ташкент қа­ласы. Бұл республика­ның бас­шы­лығы құрамында Тұрар Рыс­құлов, Сұлтанбек Қожанов, Нәзір Төре­­құлұлы, Мұстафа Шоқай, Мұха­мед­жан Тынышбаев секілді қа­зақ халқының азаматтары тұр­ды. Үкімет мүшелері ретін­де көптеген білімді, білікті қазақ жұмыс атқарды. Бұған дейінгі Түркістан мұхтарияты мен Алаш автономиясында да сыртқы істерді қадағалайтын құрылым жасақталды. Түркістан Респуб­ли­касында алғашқы Сыртқы істер комиссариаты 1920 жылдың басында құрылды. Қазақтан шыққан Сауд Арабиясындағы тұңғыш елші Нәзір Төреқұлұлы еді. Өкінішке қарай, оған жалған айып тағылып, тұтқындалып, 1937 жылы ату жазасына кесілді.

Кейін кеңес өкіметі одақтас республикалардан сыртқы саясатты толық өз қолына алып, республикалардағы сыртқы істер ведомствосын жойды. Екінші дүниежүзілік соғыс кезін­де 1943 жылғы 28 қараша – 1 желтоқ­сан аралығында Тегеран қаласында өткен конференцияда үш мемлекет­тің басшылары: кеңес одағынан Иосиф Сталин, Америка Құра­ма Штаттарынан Франклин Рузвельт, Ұлыбританиядан Уинстон Черчилль фашистік Германия­мен соғысуды жеделдету және жеңістен кейін халықаралық қауіпсіздікті, тұрақты бейбітшілікті сақтау туралы ұйым құру қажеттігін мәлімдеді. Соған байланысты И.Сталин жаңа құрылатын халықаралық ұйымға кеңес одағының 15 одақтас республикаларын кіргізбекші болды. Сөйтіп, КСРО Жоғарғы кеңесі «бірыңғай одақтық Сыртқы істер халық комиссариатын одақтық-республика­лық Халық комиссариаты ретін­де өз­герту туралы және одақтас рес­пуб­ликаларға сыртқы байла­ныс жасауға өкілеттілік беру туралы» заң қабылдады. Осы заң­ның негізінде Қазақ КСР Жоғары Кеңесі Төралқасының төрағасы А.Қазақбаев, Қазақ КСР Жоғары Кеңесі Төралқасының хатшы­сы С.Нұрмағамбетов 1944 жыл­ғы 13 сәуірде Алматы қаласында «Қазақ КСР бірыңғай одақтық-рес­публикалық Халық комиссариатын құру туралы» заңға қол қойды.

Республика Конституциясына 16-бап қосылды. Бұл бап бойынша Қазақ кеңестік социалистік рес­публикасына шет мемлекеттер­мен тікелей байланыс жасау, олар­мен дипломатиялық келісімге отыру, дипломатиялық және консул­дық өкілдіктерімен алмасу құқығы бе­рілді. Конституцияның 16-бабы­мен Қазақ КСР дипломатиялық өкілдіктерін тағайындайды және қайтарады. Сонымен қатар келе­сідей толықтыру берілген – КСРО-ның шет мемлекеттермен жалпы бекітілген қарым-қатынас аясында Қазақ КСР шет мемлекеттермен қарым-қатынасын жүзеге асырады. Шет мемлекеттердің дип­ло­ма­тиялық өкілдерінен Сенім грамотасын қабылдайды.

Сөйтіп, Қазақ КСР және басқа да одақтас республикаларда Сыртқы істер министрліктері құрылды. Алай­да жоғарыда көрсетілген бап­тар іс жүзінде жүзеге аспады, өйт­кені Мәскеу мемлекеттің шетелмен байланыс тізгінін бергісі келмеді.

1945 жылдың 4-11 ақпан ара­лы­ғында өткен Ялта конференция­сында үш жетекші держава бас­шыларының кездесуінде Гер­ма­нияны күйреткеннен кейін әлемде тұрақты бейбітшілік орнату үшін жаңа халықаралық ұйым құру туралы мәселе шешілді. Оның аты Біріккен Ұлттар Ұйымы деп аталатын болды.

КСРО басшысы И.Сталин 15 одақ­тас республиканы болашақ құ­ры­­латын БҰҰ-ға кіргізуді ұсынды. АҚШ Мәскеудің 15 республикасы­ның жаңа ұйымға мүше болуына қар­сы шықты. Вашингтонның айтуынша АҚШ 49 штаттан құра­ла­ды, штат дегеніміз «өзінше бір мем­лекет», олардың федералдық заң­­ды қабылдау не қабылдамауы өз ер­кі. Әр штат өз заңдарын шығара алады. Осылайша, Мәскеу 15 республиканы ұсынса, Вашингтон 49 штатын жаңа ұйымға кіргізбекші болды. Келіссөз барысында ортақ мәмілеге келіп, екі жақ та өз ұсыныстарын қайтып алуға мәжбүр болды. Екінші дүниежүзілік соғыста Украина мен Беларусь халқының Германияға қарсы қажырлы күресін және соғыс зардабын ескеріп, қағидаттан тыс екі республиканы да БҰҰ-ны құрушы 51 мемлекеттің құрамына кіргізді.

Жоғарыда айтылған Қазақ КСР Сыртқы істер министрлігі 1944 жылы 13 сәуірде құрылғанына қара­мастан, Қазақстан Республикасы Сырт­қы істер министрлігі өз құ­­рылу тарихын 1992 жылғы 2 шілдеден бастады. Өйткені 2 шілде­де Қазақстан Президенті­нің Сырт­қы істер министрлігінің жұмы­сы туралы Жарлығы шықты. Осы ­құ­жат­ты министрлік негізге алып, Қазақстанның Сыртқы істер ведом­ствосының құрылғанына 30 жыл толды деп тойлады. Біздіңше, бұл мәселеге терең, жан-жақты қара­уы­мыз керек.

Қалай дегенде биыл 13 сәуірде елі­міз­дің Сыртқы істер халық комис­са­­риатының құ­рылғанына 80 жыл то­лды. 1944 жылы тағайындал­ған Төлеген Тәжібаев алғашқы Сырт­қы істер халық комиссары болды. Бұдан бұ­рын ол 1940-1944 жылда­ры Ха­лық ағарту комиссары қыз­ме­тін ат­қар­ған. Кейін Үндістандағы КСРО елшілігінде Өкілетті уәкіл ре­тінде дипломат болып жұмыс іс­те­ді. Т.Тәжібаев белгілі ғалым, пе­да­гогика ғылымдарының докторы, Қазақстан Ғылым академиясы­ның академигі, «Абай Құнанбайұлы­­­ның философиялық, психологиялық және педагогикалық көзқарастары», тағы да басқа көптеген құн­ды ғы­лыми еңбектің авторы.

80 жылдық тарихы бар Қазақ­стан дипломатиясы елеулі жетістік­тер­ге жетті. Тәуелсіз Мемлекеттер Дос­тас­тығына мүше елдер арасы­нан Қазақстан Республикасы ал­ғаш­қы болып БҰҰ Қауіпсіздік Кеңе­сінің мүшесі болды. Әлемдік бей­бітшілікті сақтау мақсатында ядро­лық қару-жарақты 2045 жылға дейін жою мәселесін ұсынды. Орталық Азия және түркі мемлекеттерінің ынты­мақтастығын нығайтуға ұйыт­қы болып отыр. Еліміздің сыртқы сая­­сатының басты ұстанымы тату көр­шілік қатынас пен өзге мем­ле­­кеттің ішкі ісіне аралас­пау, бас­қа мем­лекеттермен тең құқы­лық жағ­дайында түрлі салаларда ын­ты­мақ­­тастықты дамыту, туындаған мә­се­лелердің бәрін бейбіт және дип­­ло­матиялық жолмен шешуге ұм­тылу қағидаттарына негізделген. Қа­зақ­станның сырт әлеммен сындар­лы қарым-қатынас орната білуі эко­номикалық әлеуетіміздің артуы­на, сауда-экономикалық, сон­дай-ақ ин­вестициялық байланыс­та­рымыздың нығаюына жол ашып отыр. Бүгінде әлемдік қоғамдастық елімізді сенімді әріптес ретінде таниды.

Сыртқы істер министрлігі құ­рыл­ғаннан бері 20-ға жуық министр қызмет атқарды. Олардың ішін­­де дипломатия тарихында қал­­ған тұлғалар – Т.Тәжібаев, Ә.Шә­рі­пов, Б.Бөлтірікова, М.Фазылов, М.Есен­әлиев бар. Тә­уелсіз Қазақ­стан дипломатиясы­на үлкен үлес қос­қан белгілі министр­лер – А.Арыс­тан­бекова, Т.Сүлей­менов, Қ.Тоқаев, М.Тә­жин, Қ.Саудабаев, Е.Қазыхан, Қ.Әбдірах­манов, М.Тілеуберді және басқалар. Бүгін, Мемлекет басшысының тапсырмасымен ел тарихының көптомдығы жазылып жатқан уақытта, Қазақстан дипломатиясының тууы мен қалыптасуының бел-белестерін нақты сараптап, тұжырымдаудың уақыты туды деп есептейміз.

 

Сайлау БАТЫРШАҰЛЫ,

Қазақстан дипломатиялық қызме­тінің еңбек сіңірген қызметкері