Париж Олимпиадасы лицензиясының иегері Азамат Дәулетбеков (86 кг) Қырғызстан астанасы Бішкекте өтіп жатқан Азия чемпионатында топ жарды. Байрақты бәсекеде еркін күрестен Қазақстан құрамасы Азия чемпионатын 1 алтын, 2 күміс және 1 қола жүлдемен аяқтады.
Туризм және спорт министрлігі Спортты дамыту дирекциясының баспасөз қызметі хабарлағандай, Ұлттық құрама көшбасшысы финалда Олимпиада жолдамасының тағы бір иегері, өзбекстандық Джабраил Шапиевтен басым түсті. Есеп – 5:2.
Бұл Азаматтың сары құрлық чемпионатындағы қатарынан үшінші алтыны. Сонымен қатар ол күміс (2017 жыл, Дели) және қола (2018 жыл, Бішкек) медаль жеңіп алған.
Күндізгі сессияда Азамат ирандық спортшы Хади Вайаейпураны ұпай санымен, сосын жартылай финалда қытайлық Пейлонг Лиді (11-0) таза жеңді.
Асыл Айтақын мен Ризабек Айтмұхан дүбірлі додада күміс жүлдені қанағат тұтты.
Азия чемпионатында 61 кг дейінгі салмақта ел намысын қорғаған Асыл Айтақын финалда жарыс қожайыны Тайырбек Жумашбекуулына 1:3 есебімен жол берді. Күндізгі сессияда Асыл Палестинадан келген Әли Әбурумайланы (6-0), Моңғолия балуаны Энеболду Энгбатуды (11-0), ал жартылай финалда үндістандық Акаш Дахияны (11-0) жықты.
Аталған сайыста Ризабек Айтмұхан да күміс жүлдеге ие болды. 97 кг дейінгі салмақтың финалында екі әлем чемпионы күш сынасты. Аса тартысты өткен Ризабек Айтмұхан мен Ахмед Тажудинов арасындағы айқас кейінгісінің жеңісімен аяқталды. Есеп – 4:2. Ресейлік А.Тажудинов бүгінде Бахрейннің атынан сынға түсіп жүр. Бұл – Ризабек пен Ахмед арасындағы екінші белдесу. Бірнеше ай бұрын Антальядағы халықаралық турнирдің жартылай финалында Бахрейн спортшысы басым түскен.
Ұлттық құраманың 19 жастағы балуаны Ризабек күндізгі сессияда қырғыз Андрей Ароновты (6-0), сосын өзбекстандық Махсұд Вейсалов (11-0) пен үндістандық Викиге (13-0) ұпай бермей ұтты.
Айта кетейік, балуанымыз былтыр Астанада өткен сары құрлық чемпионатында 92 кг дейінгі салмақта күміс медаль алған.
Азия чемпионатының алғашқы күнінде еркін күрестен 57 кг дейінгі салмақта Мейрамбек Қартбай қола жүлдегер атанды. Ұлттық құрама спортшысы 3-орын үшін белдесуде Қытай өкілі Ли Вейюді 7:2 есебімен жеңді. Естеріңізге сала кетейік, 2023 жылы Сербияда өткен әлем чемпионатында Мейрамбек 5-орынды місе тұтқан еді.