• RUB:
    5.2
  • USD:
    523.72
  • EUR:
    544.09
Басты сайтқа өту
Мереке 15 Сәуір, 2024

Махаббат қақпасы

123 рет
көрсетілді

Ғашықтық – жан қуаты. Ол – жүрек қазынасын ашатын жалғыз кілт. Мұндай баққа қол жеткізген жандардың өмірі нұрлы, көңілі гүлді болмақ. Күллі дүние олар­дың шұғыласына шомылады. Қисапсыз қатыгездікті әзер көтеріп тұрған қара жер осындай пәруана көңіл, пәруаза пейіл ғашық­тардың құрметіне бола аман тұрғандай. Халқымыздың Қозы мен Баян, Төлеген мен Жібек секілді сезім сәруарларын алғаусыз ардақ­тап келе жатқаны сондықтан.

Иә, ғашықтық – ұлы сезім. Сүйгенін тұтас болмысымен қабылдауға жүректің батылдығы қажет. Сезімге селкеу түсіретін нәрсенің бірі – шарттылық. Хакімдерден қалған хикмет бар. Күн жерге жарық беріп тұрғанына қай заман? Содан бері ол жерге келіп бірде-бір рет: «қашанғы саған жарығым мен жылуымды төге беремін? Сен де бір уақ шуағыңды шашсаңшы» деп айта ма? Жоқ. Күннің махаббаты шартсыз. Адам баласы да осы күнге ұқсауы керек...

Осы орайда мына бір өлеңді өнеге, тәлімді тәм­сілдің ойға оралып отырғаны. Бірде баябан шөлді кезіп, арып-ашқан бір жолаушы махаббат қақпасын қағады. Қақпаның арғы жағынан әуез келеді.

– Бұл кім екен сұраусыз қаққан есік?

– Менмін, – деді жолаушы тақ-тақ етіп. Сол кезде махаббат өктем үнмен жауап қатады:

 – О, бейәдеп! Ашпаймын қақпа саған. Саған арам мүбәрак тақ-босағам! – Жолаушы аңтарылып қалады да, Мәжнүндей еңіреп айдалаға маңып кетеді. Жалғыз кезіп баябан шөлді күнде, өкінішпен өлетін болды мүлде. Талақ қылып іштегі өз қалауын, қанды жаспен суар­ды көз жанарын. Ай ауысып, жылдар көшкен соң, рухани кәмелетке жеткен соң жолаушы махаббаттың қақпасын қайта қағады.

 – Бұл кім екен сұраусыз қаққан есік? Алатындай құдды мен жаққа көшіп, – күткеніндей сол сәтте шөл­дің жауын:

– Сенмін, – деді жолаушы, – сенмін, жаным!

Нағыз ғажайып осы кезде орнайды. Аппақ есік ашылды өскен гүл боп, аппақ әлем шақырды «Қош келдің!» деп. Содан жолаушыға сүйінші әуез келеді:

– Қылып ішіп ап-ащы жасты шырын,

Махаббаттың тауыпсың басты сырын!

Алғышарты осы-дүр асыл заңның:

«Мен» деген жоқ тілінде ғашық жанның.

Иә, ғашықтық деген – болмыс бірлігіне ұмтылу. Бұл хәлге жеткен бақыт иелері «мен» деп емес, «біз» деп сөйлейді. Шайда еріген шекердей, жарының жүрегіне мәңгілік сіңіп кетеді нағыз ғашықтар...