«Қазгидромет» РМК алдағы үш күнге арналған ауа райы болжамын ұсынды. Синоптиктердің болжамынша, 16-18 сәуір аралығында Қазақстанда күн райы 30 градусқа дейін жылиды, деп жазады Egemen.kz.
Метеорологтардың мәліметінше, алдағы үш күнде республика аумағының басым бөлігі атмосфералық фронтальды бөліктердің ықпалында болады.
Осыған байланысты жаңбыр жауады, түнде республиканың солтүстігінде, шығысында және орталығында жауын-шашын (жаңбыр, қар) болады, 16 сәуір күндіз еліміздің оңтүстігінде, оңтүстік-шығысында нөсер жаңбыр жауады. Тек республиканың оңтүстік-батысында күн ашық болып, жауын-шашынсыз ауа райы сақталады.
Республиканың кей өңірлерінде екпінді жел соғып, түнде және таңертең тұман түседі, күндіз найзағай ойнайды.
«Алдағы 3 күнде термометрде температура тұрақты болмайды. Батыс, оңтүстік аймақта күндіз 22-30 градусқа дейін, солтүстікте, оңтүстік-шығыста, орталықта 15-25 градусқа дейін күн жылиды. Тек елдің шығысында түнде және күндіз ауа температурасы тұрақты болмайды», делінген хабарламада.