• RUB:
    4.91
  • USD:
    494.87
  • EUR:
    520.65
Басты сайтқа өту
Аймақтар 16 Сәуір, 2024

30 мыңға жуық ағаш көшеті егілді

124 рет
көрсетілді

Елімізде басталған «Таза Қазақстан» республикалық акциясы аясында Сыр өңірі жұртшылығы «Таза Қазақстан – таза аймақ» экологиялық науқанына жұмыла кірісті. Облыс әкімі Нұрлыбек Нәлібаев аймақ тұрғындарын бастамаға белсене қатысуға шақырған үндеу жариялады.

Алғашқы апта «Таза өлке» акциясымен басталып, елді мекендер тұрғындары, қоғам белсенділері, ұйымдар мен кәсіпорындар қыз­мет­керлері қоршаған ортаны та­зар­туға үлес қосып, 30 мыңға жуық ағаш көшеті егілді.

Жалпы, Аралы тартылып, Сыр­дариясы сарқылып тұрған өңір тұр­ғындары қоршаған ортаның қаді­рін біледі. Бұрын көшесінде қо­қыс ұшып, сұрқы қашып тұратын Қызылорда қазір жылдың қай мез­гі­лінде көрсеңіз де, қыздың жиған жү­гіндей болып, тиянақты тір­ліктің нәтижесін аңғартып тұр­ды. Сырттан келгендердің дені облыс ор­талығының айрықша тазалы­ғына таңдай қағып, тамсанып кететіні тағы бар.

Аудандар мен ауылдардан да кө­ретініңіз – осы көрініс. Өт­кен жылдан бастап аймақ басшы­сы­ның бастамасымен ауылдық елді мекен­дерді дамытуды көздейтін «Үлгілі елді мекен» конкурсы өт­кізі­ліп келеді. Былтырғы қоры­тынды бо­йынша жеңімпаз деп та­нылған 12 елді мекенге күнделікті тұрмысқа қа­жетті деген заманауи 29 арнаулы техника табысталды. Бұл ауыл таза­лығын сақтап, айналасын абаттандыру бағытындағы істерді ілкімді ұйым­дастыруға сеп болып отыр.

Сырбойылықтар қоршаған орта мен тұрғындар үшін қолай­лы жағдай жасап, азаматтық жа­уапкершілікті арттыратын, эколо­гиялық сана мен экологиялық мәдениетті қалыптастыратын ак­цияға белсене араласып кетті. «Таза өлке» апталығынан бас­тала­тын акция «Киелі мекен», «Жа­сыл аймақ», «Өнегелі ұрпақ» апта­лықтарына ұласып, соңы 5–11 мамыр аралығына жоспарланған «Мөл­дір бұлақпен» түйінделеді.

Акция аясында 6–13 сәуір ара­лы­ғында «Менің туған өлкем» атты бастама шеңберінде облыс кө­­­леміндегі елді мекендерде, ме­­кемелер мен кәсіпорындар аумақ­тарында жаппай тазалық шаралары жүргізілді. Ал тұрғындар «Та­­биғатқа құрмет отбасынан бас­­талады» атты акцияда ауласы мен көшесін, арықтардың бойын та­зар­тып, «Жасыл желек» жал­пыхалықтық челленджін өт­кізді.

Еріктілер, экобелсенділер мен тұрғындар «Ауласы тазаның – ауасы таза» және «Көшесі тазаның – көңілі таза» тақырыптарында өтетін тазалық акцияларына қаты­сады. «Жастар таза өлке үшін» т­а­қы­рыбында та­­за­лық челенджі ұйымдас­тыры­лады.

«Taza olke – taza el» сенбі­лігі қорытындысында ұйымдас­ты­рылатын «Гүлденген өлкем» іс-ша­расында елді мекендер, көшелер мен саябақтарды көгалдандыру мен тазартуға үлес қосқан азаматтар марапат төрінен көрінеді.

Кейінгі жылдары Сыр бойын­дағы тарихи орындар мен әулиелі мекендер айналасын таза ұстап, оларға жеткізетін жолдардың жағ-д­айын дұрыстауға мән беріле бас­тады. Бұл көненің көмбесіндей ескі шаһарлармен танысуға, тарихта аты қалған белгілі тұлғалар рухына тәу етуге келетіндер үшін қолайлы болып отыр. Ескі қала­шық­­тар мен тарихи тұлғалар мәң­­гілік мекен тапқан аумақ ай­наласындағы жұмыстар 14–20 сәуір аралығындағы «Киелі мекен» апталығында жалғасады. «Сыр елі – тарихи қалалар мекені» тақырыбы аясында Қармақшы ауданындағы Қорқыт ата мемориал­дық кешені, Марал ишан, Қалқай ишан, Жала­ғаштағы Бұқарбай батыр, Тү­мен әулие кесенелері айналасы таза­ланып, абаттандырылады. Мұндай жұмыстар Сырдария ауда­нындағы Асанас, Қышқала тарихи қалашықтары, Қалжан ахун мешіт-медресесі, Шиелі ауданы аумағындағы Оқшы ата кесенесі, Жаңақорғандағы Қорасан ата кесенесі мен кейінгі жылдары археологиялық қазба жұмыстары жүргізілген әйгілі Сығанақ қаласы, Аралдағы Бегім ана мұнарасы мен теңіз түбінен табылған Кер­дері қалашығы, Қазалыдағы Жан­кент пен Жанқожа батыр кесенесі айнала­сында жүргізіледі. Басқа да тарихи ескерткіштер мен облыстық тарихи-өлкетану музейі, аудандағы музейлер айналасы абаттандырылады.

21–27 сәуір аралығындағы өте­тін «Жасыл аймақ» апта­лы­ғында «Biz taza aimaq úshіn» бас­тамасымен қала, аудан, елді ме­кендердегі саябақтар, скверлер, парктер мен аллея­лар аумағына тал отырғызылып, «Көк­темгі кө­шет» ағаш отырғызу акциясы ұйымдастырылады. Оған жал­ға­са кететін «Өнегелі ұрпақ» ап­та­лығы «Ардагерлерді ардақ­тайық» тақырыбында ұйымдас­тырылып, ардагерлер, қарттар үйлерінің ай­на­ласы тазаланып, белсенді жас­тар ұйымдарының «Жа­ныңда жүр жақсы адам» үн­деуіне үн қосқандар жалғызілікті қариялардың ауласын жинап, әктеп, сырлап қолғабыс береді. 5–11 ма­мыр аралығындағы «Мөл­дір бұлақ» апталығындағы «Бұлақ көр­сең, көзін аш» деген тәм­сілді ұстанған еріктілер, қоғам белсен­ділері мен тұрғындар тазалық іс-шараларын өткізеді.

Жалпы, облыста қоршаған ортаны қорғау, экологияның сауық­тыру іс-шаралары ұдайы жүр­гі­зі­леді. Мемлекет басшысының тап­сыр­масымен Арал теңізінің құр­ғаған ұлтанына 1,1 млн гектар сексеуіл егу кезең-кезеңімен жү­зеге асырылып келеді. «Таза Қазақ­стан» акциясы аясында облыс орта­­лығынан полигондарға 300 тон­наға жуық қо­қыс шыға­рылып, 30-ға жуық тұр­ғын үйдің қасбеттері жаңар­тылды.

 

ҚЫЗЫЛОРДА