• RUB:
    4.91
  • USD:
    494.87
  • EUR:
    520.65
Басты сайтқа өту
Пікір 16 Сәуір, 2024

Зорлық-зомбылықтың барлық түріне жаза күшейеді - Бибігүл Жексенбай

106 рет
көрсетілді

Парламент Сенатының депутаты Бибігүл Жексенбай әйелдердің құқықтары мен балалардың қауіпсіздігін қамтамасыз ету жөніндегі заң туралы пікір білдіріп, Facebook әлеуметтік желісінде жазба қалдырды, деп жазады Egemen.kz.

Сенатор жазбасында бүгінге дейін қыз-келіншектер арасындағы күрмеулі мәселенің себебі мен салдарына тоқталып, ендігі ретте тұрмыстық зорлық-зомбылық үшін жаза күшейетінін тілге тиек еткен.

«Отбасы, ошақ қасындағы оқиғалар көбі­не-көп «жабулы қазан жабулы күйінде» қалатынын қоғам қалыпты жағдай ретінде қабылдап келді. Алайда, жыл сайын «қорғаушым, тірегім, серігім» деген ең жақын адамдардың зорлығы мен қорлығынан дәл біздің елімізде жүзге жуық қыз-келіншек мерт болып, қаншамасы өз-өзіне қол жұмсауға дейін барды. 

Астана қаласынан соңғы 5 айдың ішінде 2 мыңнан астам жаннан қоңырау келіп түсіп, зорлықтан құтқаруды өтінген. Өкініштісі, білегінің күшін нәзік жанды әйеліне батырып, таяқтап, бассыздыққа салынып баласын сабайтындар елімізде күн санап көбейіп барады.

Кеше Қазақстан Республикасының Президенті Қ.Тоқаев «Әйелдердің құқықтарын және балалардың қауіпсіздігін қамтамасыз ету туралы» Заңға қол қойды.

Заңды Мәжіліс депутаттары 2023 жылдың қыркүйегінде Мемлекет басшысының тұрмыстық зорлық-зомбылыққа жауапкершілікті күшейтуді тапсырған Жолдауынан кейін бірден әзірлеген болатын.

Оны дайындауға Бала құқықтары жөніндегі уәкіл Динара Зәкиева, Президент жанындағы Әйелдер істері және отбасылық-демографиялық саясат жөніндегі ұлттық комиссияның мүшелері, сондай-ақ Ұлттық құрылтайдың мүшелері белсене атсалысты. Мәжілістегі талқылаулармен қатар, Сенат қабырғасында ғана жиырмаға жуық жұмыс отырыстары өтіп, жан-жақты талқыланды. Сондықтан иіні қанған заңдардың бірі деуге толық негізі бар.

Негізгі заңнамалық жаңашылдықтарға тоқталсақ,  тұрмыстық зорлық-зомбылықты криминализациялау, балаларға қатысты зорлық-зомбылықтың барлық түрлері үшін жазаны күшейту және онымен күресу бойынша алдын алу шараларының тұтас кешені бар.

Әйелдер мен балалардың құқықтарын қорғау - мемлекеттік саясаттың басым бағыттарының бірі.  Мемлекет басшысы бұл мәселеге баса назар аударып келеді.

Ұлттық құрылтайдың үшінші отырысында Мемлекет басшысы тұрмыстық зорлық-зомбылықпен кешенді күрес - ізгілік жолындағы қоғам келешегінің кепілі екенін атап өтті.

Тұрмыстық зорлық-зомбылық пен буллингтен зардап шеккендерге көмек көрсететін 111 сенім телефонының іске қосылғанына жарты жыл өтті. Орталыққа осы күнге дейін 10 мыңнан астам адам жүгінген екен. Мемлекет басшысы қол қойып, сиясы кеппеген жаңа заң мұндай өкінішті көрсеткіштің кемуіне көмектеседі деп ойлаймыз», деп жазды Бибігүл Жексенбай.