Талай жылдан бері тұралап қалған ауыл театрларына жан бітіріп, жарыққа шығаруда жарғақ құлағы жастыққа тимей, еселі еңбек сіңірген белгілі театр режиссері, сатира сардары Асқар Наймантаевтың есімін ел қадірледі.
Аспантау аясындағы өнерлі отбасында дүниеге келіп, бала күнінен театрдың табалдырығында ержетіп, ұлттық өнерді бойына сіңіріп өскен Асқар Наймантаевтың бұл салаға сіңірген еңбегі ұшан-теңіз. Ата-ана жолын жалғап, өнерге адал қызмет етуді өзіне мақсат еткен Асқар Наймантаев Алматы Мемлекеттік театр және көркемсурет институтына түсіп, халық әртістері – Хадиша Бөкеева мен Тұңғышбай Жаманқұловтың шеберханасында білім алып, М.Әуезов атындағы Қазақ ұлттық академиялық драма театрында еңбек жолын бастайды. Онда Ж.Тәшенов пен И.Савиннің «Көшеде жүрген пақырды, әкім бол деп шақырды» комедиясындағы басты кейіпкер Нұртазаның рөлін бейнеледі. Бұдан әрі Ш.Айтматовтың «Ғасырдан да ұзақ күн», Ж.Аймауытұлының «Ақбілек», М.Мақатаевтың «Қош, махаббат», Б.Римованың «Қос мұңлық», М.Әуезовтің «Айман-Шолпан», «Қаракөз», Е.Аманшаевтың «Үзілген бесік жыры», Р.Мұқанованың «Мәңгілік бала бейне», М.Гаппаровтың «Тұзды шөл» атты спектакльдерінде үлкенді-кішілі бірқатар бейнені кемеліне келтіре кейіптеді.
Асқар Наймантаев атындағы кіші залдың тұсаукесері
Көрерменнің көзайымына айналған «Тамаша» ойын-сауық отауы мен өзі негізін қалаған «Терісқақпай» театры арқылы да танымал болған сатира сардары кейін келе қазақ киноөнерінде де өзіндік ізін қалдырды.
Осылайша, өнердің жарық жұлдызына айналған Қазақстанның еңбек сіңірген қайраткері, театр актері, режиссер Асқар Наймантаев өмірінің соңғы жылдары ауылдағы жабылып қалған халық театрларының қайта құрылып, жандануына күш салды.
Режиссердің ерен еңбегінің нәтижесінде 2020 жылы Райымбек аудандық «Хан Тәңірі» театры ұзақ жылдардан соң көрерменмен қайта қауышты. Көп ұзамай келесі кезекте Ұйғыр ауданындағы «Қарадала» театры құрылып, Абайдың «Ескендір» қойылымының премьерасымен сахна шымылдығын ашқан болатын. Ауыл мәдениетін дамытуда айрықша маңызға ие театр құруды мықтап қолға алған Асқар Наймантаев Еңбекшіқазақ ауданына қарасты «Қаракемер» балалар театрын құрып, жас буынның рухани өсуіне, танымдық көкжиегінің кеңеюіне даңғыл жол ашқан өнер қайраткері еді. Өкініштісі сол, өнердің қия жолында таймай, талмай қызмет еткен актер, сатирик, театр және кино режиссері Асқар Наймантаев өткен жылдың желтоқсан айында 58 жасында жалғанның жарығымен қоштасып, өнерсүйер қауымның қабырғасын қайыстырды.
Өзі өлсе де соңына өшпес мұра қалдырған өнер саңлағының есімін ел есінде қалдыру үшін жуырда Қаракемер ауылындағы Мәдениет үйінің кіші залына актердің есімі берілді.
«Қаракемер балалар театры кездейсоқ құрылған жоқ. 2014 жылдан бастап ауылдың жас жеткіншектерінің актерлік өнерге әуесқойлығын аңғарған мәдениет үйінің қызметкерлері ауыл жастары үшін драма үйірмесін аштық. Ол үйірмеге ауылдың мектеп оқушылары қызығып келе бастады. Әуелгі уақытта мәдениет үйінің қызметкері Әйгерім Сүндетбаева үйірмеге жетекші болды. Іс-шараларда әртүрлі интермедиялық қойылым қойып, халықтың назарына іліне бастаған жас «әртістерге» шығармашылық өресі даму үшін кәсіби маманның мектебінен өту керек деген ойға келдік. Сөйтіп, 2015 жылы Асқар Наймантаев ағамыздың мұрындық болуымен драма үйірмесінің жеткіншектерінен құралған труппаға халық арасында «Қаракемер» балалар театры деген айдар тағылды. Түрлі іс-шараға арналған қойылымдарымен халықтың ықыласына бөленген ұжымға Алматы облысы мәдениет басқармасының қолдауымен 2017 жылы 3 штаттық бірлік беріліп, «Қаракемер» балалар театрының іргетасы қаланды. Бүгінгі күні штаттық бірліктер саны артып, оған кәсіби мамандар жұмылдырылып, әр мерекеде тақырыпқа сай қойылымдар қойып, халықтың көңілінен шығып келеді», дейді Мәдениет саласының үздігі, Қаракемер ауылдық Мәдениет үйінің директоры Арайлым Мамырбекқызы.
Бүгінде білікті ұстаз баулыған балалар театрының өнердегі өрісі кеңейіп, өңір мәдениетінің өсіп-өркендеуіне айшықты үлес қосуда. Жас театр ұжымының түрлі байқауларда бақ сынап, топ жарған жетістіктері де жетіп-артылады.
Мәдениет үйінде өткен игі іс-шараға өнер тарланы Асқар Наймантаевпен үзеңгілес болған әріптестері мен шәкірттері, туған-туыстары қатысып, жылы естеліктердің тиегін ағытты.
«Асқардың негізгі мамандығы актер бола тұра, кәсіби режиссерлікті бітірді. Қоғамның ащы шындығын мысқылдай суреттеген сатирик ретінде танылды. Ол мықты ұстаз бола білді. Таланттарды танып, театрға әкелді. Өзі сияқты шындыққа, әділдікке жаны құмар шәкірттер тәрбиеледі. Ол өте еңбекқор еді. Аудандардың арасында «Жаяу Мұса» атанып жүріп, халқының рухани өсуіне қызмет етті. Сондықтан халықтық өнер барда Асқардың аты өшпейді», дейді әріптес досы, композитор Қадырғали Көбентай.
Рухани кеште айтыскер ақын Даубай Әбдісай өнер майталманының рухына жалынды жырын арнаса, актердің әпкесі Тұрсынхан Наймантаева бауырын тебірене еске алды.
Салтанатты іс-шара соңында жиылған жұрт кезінде Асқар Наймантаев сахналаған «Арыстан патшаның есеп беруі» атты спектакльді тамашалады.
Алматы облысы