• RUB:
    4.85
  • USD:
    498.34
  • EUR:
    519.72
Басты сайтқа өту
Ғылым 17 Сәуір, 2024

Инженер мәртебесін көтеру керек

706 рет
көрсетілді

Ғылым мен технологияның дамуын инженерлік жоғары білім бе­р­у жүйесінің дамуынан бөліп қарай алмаймыз. Бұл медальдың екі беті секілді, біреуі дамымай, екіншісі ілгері баспайды. Ал са­­па­лы жоғары білім болмаса, ғылымның дамуы қиын. Мем­ле­­кет басшысы 2020 және 2023 жылғы халыққа арнаған ке­зек­­ті Жолдауында экономикада техникалық мамандарға сұ­­ра­ныстың өте жоғары екенін, бірақ оған отандық білім бе­ру мүм­кіндігі жет­кіліксіз екенін атап көрсеткен еді. Мен 50 жыл­ға жуық жоға­ры оқу орнында қызмет істеймін. Осы тәжі­­р­и­­­­бем­нен түйген ойла­рымды ұсыныс ретінде айтсам деймін.

Сапалы жоғары білім бе­ру: бірінші – студент­тер­ге кәсіби оқыту бағ­дар­­­ла­ма­сын, екінші – білікті оқы­ту­шылар мен оқу зертханалары бар ұтымды ұйым­дас­ты­рылған оқу үдерісін, үшінші – мектеп түлек­терінің білімді болуын талап етеді.

Мамандарды даярлау бағдар­лама­сының сапасы ең алдымен жоғары оқу орын­дарының бас­шылығы мен олардың оқу үдерісін кәсіби ұйымдастыруына байланысты. Университетті бас­қарудың қазіргі жүйесін ескере отырып, ректорлардың кадрларды даярлау сапасына ықпалын асыра бағалау мүмкін емес. Сондықтан ұлттық университеттерге жоғары құзыретті ректорларды тағайындау үшін олардың кандидатурасын ашық түрде талқылаған дұрыс. Сонымен қатар жоғары оқу орын­дарының ғылыми кеңестеріне оқу үде­рі­сін ұйымдастыруға нақты әсер ету мүм­кіндігін беру – маңызды.

Сондай-ақ еліміздегі техника­лық универ­ситеттерде инженерлік бағыт­тағы атауы және мазмұны жағынан да халықаралық стан­дарт­тарға сәйкес келмейтін бір­неше оқыту бағдарламасы бар. Бұл студенттердің қазіргі за­ма­науи техниканың негізі сана­ла­тын математика, механика, фи­зика, химия және информати­ка (соның ішінде жасанды интел­лект), бо­йынша іргелі білім алу мүм­кін­дігін айтарлықтай кемітеді.

Соңғы жылдары жоғары оқу орындары үкіметтің жоғары білім мен ғылымды дамытудың 2023-2029 жылдарға арналған тұжырымдамасына сәйкес ха­лық­­­аралық жоғары білім беру жүйесіне белсенді ықпалдасуда. Мұн­дайда оқу орындары мен оқу жоспары мазмұнының бел­гілі университеттердің оқу бағ­дар­ламасынан көп айыр­машылығы бұған кедергі жасайтын түрі бар.

Қысқаша айтқанда, инже­нер­лік білім беру мамандығы бойынша студенттердің сапалы білім алуын қамтамасыз ету үшін жоғары оқу орындарында халықаралық стандартқа сәй­кес келетін түлектерді да­йын­дау бағдарламасы және кәсіби ұйымдастырылған оқу үдерісі болуы керек. Бұл мәселені «ABET» сияқты белгілі халықаралық аккредиттеу компанияларын тартып, университеттердің инженерлік білім беру бағдарламасын аккредиттеу арқылы шешуге болады. Сонымен қатар осы саладағы пәндерді бүгінгі заманауи зертханалық құрал-жаб­дықтармен қамту әлі шешімін таппады.

Білім бағдарламаларының көп бөлшектенуі, оқу тобын көбейтіп, оқытушылардың оқу жүк­темесін арттырды. Бұл олар­дың ғылыми ізденісін төмен­детіп, оқытушылардың еңбек­ақы­сын азайтты. Қазір профессор­ мен оқытушылардың еңбек­ақысы олардың жоғары білімді кадр­лар даярлаудағы рөлі мен жауап­кер­шілігіне сай емес. Дегенмен соңғы жылдары мемлекет тарапынан жоғары оқу орындары оқытушыларының біліктілігін көтеруде біраз жұмыс атқарылды. Енді бұл тәжірибеге тұрақты сипат беру үшін оны заңнамалық түрде ресімдеген жөн.

Нобель сыйлығының лауреаты Джеймс Уотсон: « Менің ойымша, озық білім беру үшін студенттердің сапасы оқытушылардың сапасына қарағанда әлдеқайда маңызды», деп айтыпты.

Осы тұрғыдан алғанда, кейінгі жыл­дары мектеп бітірушілердің инже­­нерлік мамандыққа қызығу­шы­­лығы азайған. Өйткені осы мамандыққа тапсырған талап­кер­лерді қабылдау кезіндегі орташа балл өте төмен. Сондықтан бұл ма­ман­дықтың дәрежесін көте­руге мемлекет деңгейінде мән бе­ріл­гені жөн. Президент 2022 жылғы кезекті Жолдауында орта мектептерде жаратылыстану, математика пәндері мен ағылшын тілін оқытуды күшейтуді айтқан еді.

Ел экономикасының басым көпшілігінің пайдасы үлкен жер қойнауын пайдаланушылар немесе монополистер құрайтын қазіргі жағдайда, ғылымнан болатын 10-15% пайда олар үшін маңызды емес. Сондықтан олардан ғылым­ға шынайы қызығушылық күту қиын. Біз бұған «Қаз­атом­пром» ҰАК мен 15 жылдан аса уақыт бойы ынты­мақ­тасуға тырысқан жеке тәжі­рибемізде көз жеткіздік. Олар­ды ғылымды инвестициялауға ынта­ландыру мемлекеттік деңгейде ғана іске асатын сияқты. Бірақ ғылымды қолдау және дамыту экономика құрылымынан тәуелді емес, бұл – үкіметтің жауапкершілігі. Сондықтан елдің ұлттық қауіпсіздік мүддесін қамтамасыз ету үшін университеттер мен ғылыми-зерттеу институттарының базасында мына бағыттар бойынша ұлттық ғылыми зертханалар құрылғаны орынды. Бірінші – суды және минералдық ресурстарды ұтымды пайдалану; екінші – күн, жел және геотермальді энергия көздерін тиімді пайдалану; үшінші – денсаулық сақтау және салауатты өмір салты; төртінші – жасанды интеллект және ұшқышсыз ұшу аппараты мен роботтарды дамытып, оны экономикада пайдалану.

Қорыта айтқанда, қоғамда инженер мамандығының мәртебесін түбе­гейлі көтеру керек. Бізге өнді­рісті жаңғыртуға және ғылыми инновацияны енгізуге мүмкіндік беретін креативті инженерлік шешім қажет. Бұған өскелең ұрпақты инженер болуға ұмтыл­дыру үшін мемлекеттік қолдау және оны ел арасында насихаттау арқылы қол жеткіземіз.

 

Айдархан ҚАЛТАЕВ,

Қ.Сәтбаев университетінің кафедра меңгерушісі, профессор