Павлодар қаласының 10 жастағы оқушысы Астана тұрғындарын «Керуен» сауда орталығына шабуыл жасауға үндеген. Ол терактіге қатысқандарға бір миллион теңге берілетінін айтқан, деп хабарлайды Egemen.kz.
Елордалық полицияға WhatsApp мессенджерінде тарап жатқан ақпарат туралы хабар келіп түскен. Ақпаратта Астана қаласының сауда-ойын-сауық орталықтарының бірінде теракт ұйымдастырылатыны жазылған.
«Мәскеудегі «Крокус Сити Холлдағы» теракт туралы естідіңіз бе? Мен сізге «Керуендегі» теракт үшін бір миллион теңге ұсынамын. Қажетті жабдықтар ұсынылады, ал біздің адам сізді оқиға орнынан алып кетеді. Ұсыныстан бас тартсаңыз, үйіңізге келеміз, тұрғылықты мекенжайыңызды білеміз», делінген елорда тұрғындарына жіберілген хабарламада.
Полицейлер хабарламаның авторы Павлодар мектептерінің бірінде оқитын оқушы екенін анықтады. Бала әпкесімен қалжыңдамақ болған.
«Оның әрекеті Қазақстан Республикасы Қылмыстық Кодексінің 273-бабы – терроризм актісі туралы көрінеу жалған ақпарат тарату бойынша қаралады. Бірақ бала қылмыстық жауапкершілікке тартылатын жасқа толмаған. Қылмыстық немесе әкімшілік құқық бұзушылық белгілері бар қасақана әрекетті жасағаны ескеріліп, білім алушының заңды өкілі кәмелетке толмаған баланы тәрбиелеу мен оқыту, құқықтары мен мүдделерін қорғау міндеттерін орындамағаны үшін жазаланды», деп түсіндірді облыстық Полиция департаментаментінің баспасөз қызметі.
Қырмызы ЖҰМАҒАЛИҚЫЗЫ,
ЕҰУ студенті