Қазақтың әйгілі кәсіпқой боксшысы, орта салмақтағы WBO мен IBF нұсқалары бойынша әлем чемпионы Жәнібек Әлімханұлымен жұдырықтасуға атақ-даңқы алысқа тараған жігіттердің өздері жүрексінетіні жасырын емес. Сол себепті де қазіргі кезде оған қарсылас табудың өзі оңай болмай тұр.
«Qazaq style» деген жанама есімді таңдаған 31 жастағы Жәнібектің жуық арада «Ұлыбританияның өкілі Хамза Ширазбен қолғап түйістіруі мүмкін» деген әңгіме бұл күндері желдей есіп тұр. Ал сол боксшы жайында не білеміз? Хамза 24 жаста. Лондонның Илфорд аймағында дүниеге келген ол 2017 жылдан бері кәсіпқой рингте күш сынасып жүр. Сол аралықта 19 кездесу өткізіп, барлығында жеңіске жетті. 15 бәсекеде айқын басымдық танытты. Бұл былғары қолғап шеберінің WBO нұсқасы бойынша Еуропа чемпионы деген атағы бар.
Өз жекпе-жектерін Ұлыбританияда ғана өткізетін Хамза Шираз шетелде бір рет қана өнер көрсеткен екен. Былтыр тамыз айында ол Польшаның Вроцлав қаласында Украинаның мықты боксшысы Дмитрий Митрофановты екінші раундта есінен тандырды. Сол жарқын жеңістерден кейін Тұманды Альбион елі өкілінің даңқы өрледі. Соңғы жекпе-жегінде Хамза кезінде әлем чемпионы атағынан үміткердің бірі болған өзінің отандасы Лиам Уильямстің тас-талқанын шығарды. 10 ақпанда Лондонда ұйымдастырылған бұл бәсекенің тағдыры бірінші раундта-ақ шешілді. Шираздың шабуылына қарсыласы тойтарыс бере алмады. Санаулы секундтар аралығында Лиам екі рет нокдаунға түсті. Шәкіртінің шарасыз күйін көрген бапкерінің рингке ақ орамал тастаудан басқа амалы қалмады. Ал осыдан екі-үш жыл бұрын ғана дәл осы Уильямс атағы алысқа жайылған Деметриус Андраде мен Крис Юбэнк сынды дүлдүлдерге дес бермей, 12 раунд бойы айызы қанғанша айқасқан еді.
Орта салмақтағы боксшылардан Хамзаның ірі әрі еңселі екені бірден байқалады. Мәселен, оның бойы Жәнібектен тура 10 сантиметр ұзын. Ағылшын боксшысының одан да басқа артықшылықтары жетерлік. Атап айтсақ, Шираздың джебі өте күшті. Біраз қарсыласын ол сол соққымен-ақ сұлатып салды. Хамза оң қолмен де, сол қолмен де жақсы ұрады. Және де соққылары өте жойқын. Ұлыбританияда оны «Джебтің королі» деп атайды. Бір анығы, бұл жекпе-жекте Жәнібекке оңай болмайды.
Ал қазақтың қайсар ұлының жүріп өткен жолы барша қазақ жанкүйерлерінің көз алдында. Бозбала шағында-ақ дара талантымен оқшауланған Жәнібек әуесқой рингте толағай табысқа қол жеткізді. Мұрат Сиқымбаевтай білікті бапкерден тәлім алған Жетісу өңірінің тумасы 2013–2014 жылдар аралығында әлем және құрлық чемпионы, Азия ойындарының жеңімпазы атанды. 2016 жылы Рио Олимпиадасында ширек финалға дейін жетті. Кәсіпқой рингтегі 15 жекпе-жектің барлығын өз пайдасына шешіп, 10 қарсыласын нокаутқа жіберді.
Өткенде Сауд Арабиясының астанасы Эр-Риядта ұлыбританиялық Энтони Джошуа мен франциялық Франсис Нганнудың күш сынасқаны белгілі. Алыптардың айқасы ағылшын боксшысының айқын жеңісімен аяқталды. Сол кеште Жәнібек Әлімханұлы мен Хамза Шираз бетпе-бет кездесті. Екеуі бір-бірімен көз түйістіріп, біраз тілдесіп те үлгерді. Енді қос тарап ортақ мәмілеге келсе, онда жанкүйерлерді өте қызықты жекпе-жектің күтіп тұрғаны анық. Олай деуге негіз – екеуі үшін де үлкен сынақ. Шынын айту керек, дәл осындай деңгейдегі боксшымен қандасымыздың жолы әлі қиысқан емес. Егер Ширазды ұтса, Әлімханұлының абыройы одан әрі асқақтай түсетіні анық. Екінші жағынан қазақ жігітіне шегінерге жол жоқ. Өйткені Хамза WBO рейтингінде бірінші орында тұр. Яғни «Qazaq style» ұлыбританиялық оғланмен міндетті түрде жұдырықтасуға тиіс. Егер бас тартса, алтын белбеуінен айырылады. Сонымен қатар «Джебтің королі» – WBC тізімінде екінші орында. Бұл нұсқаның чемпиондық атағы америкалық Джермалл Чарлоға тиесілі. «Уақытша чемпион» атағын доминикандық Карлос Адамес иеленіп отыр. Ал осы рейтингте біздің тағы бір мықты боксшымыз Мейірім Нұрсұлтанов бірінші орында.
Хамзаның Жәнібекпен жұдырықтасудан бас тартпайтыны анық. Өйткені бұл – Ұлыбританияның арланы үшін өзінің мықтылығын түбегейлі мойындатудың бірден-бір жолы. Дәл қазір Хамза өзінің атақ-даңқын шартарапқа таратып, өз елінде ғана емес, басқа да сан миллион жанкүйердің алдында абыройын асқақтатуға аса мүделлі. Егер бағы жанып жатса, «Джеб патшасы» екі бірдей белді нұсқа бойынша әлем чемпионы атанады. Алдына биік мақсат қойған боксшылардың ешбірі ондай мүмкіндікті қалт жібермеуге тырысатыны анық.
Жәнібек Әлімхан үшін де бұл бәсекенің берері көп. Олай деуге негіз, қазақтың өр мінезді өрені Хамза Ширазды жақсылап тұрып сабаса, бүгінгі таңда даңқы дүркіреп тұрған Сауль Альварес немесе Джермалл Чарло сынды дүлдүлдермен айқасуға мүмкіндік туындайды. Ал Жәнібектің сол саңлақтармен әлі күнге дейін жолыға алмай жүргені белгілі.
Кәсіпқой боксшылардың басты мақсаты – атақ пен абыройға кенеліп, өз дәуірінің дара тұлғасы атану. Сол арқылы мал табуға, мол олжаға кенелуге және үлде мен бүлдеге орануға да болады. Ал осы жағынан алғанда Әлімханұлы мен Шираздың арасындағы жекпе-жекті «өте тиімді жоба» деп қарастыруға болады. Бірі – қазақтың ғана емес, жер-жаһан жанкүйелерінің көзайымына айналған әмбебап боксшы. Екіншісі – бүкіл Ұлыбритания табынып отырған дарын иесі. Қазірдің өзінде қос саңлақтың сайысын көруге барша жұрт ерекше құштарлық танытып отыр. Қос тараптың ортақ мәмілеге келгенін тағатсыздана күтіп отырған кәсіпқой бокстың айналысында жүрген пысықайлар да алақандарын ысқылауда. Олай болса, тартынатын ештеңесі жоқ. Жуық арада біз «Qazaq style» мен «Джеб королінің» айқасын көруіміз әбден мүмкін.