Елордада көрнекті геолог-академик Қаныш Сәтбаев туралы толықметрлі фильмнің арнайы көрсетілімі өтті. Көркем туындыда ғалымның өмірі мен еңбек жолы баяндалады. Сонымен қатар ел басына күн туған нәубет кездеріндегі азаматтық бейнесі көрсетіледі. «Қазақстан» телерадиокорпорациясы түсірген «Қаныш. Қазына» телехикаясының негізіндегі толықметрлі фильмді, енді еліміздің барлық кинотеатрынан тамашалауға болады.
Көрсетілімнің алғашқы құттықтау сөзін Мәдениет және ақпарат министрлігі Мәдениет комитетінің төрағасы Күміс Сейітова жеткізді. Бұған қоса, мемлекет тарапынан алдағы елуден аса ірі мәдени жобаларды іске асыру жоспарланып отырғанын айтты. «Қаныш» тарихи фильмі де осы ауқымды іс-шаралардың – бірі.
Фильм режиссері Ерлан Нұрмұхамедовтің айтуынша, басты рөлді ойнайтын актерді таңдау оңайға соқпаған. «Қаныш сан қырлы тұлға. Оның ғалымдығымен қатар шешендігі, әншілігі де – бір төбе. Ал тарихи, әдеби мұрамызға қосқан үлесі орасан. Сондықтан біз де Сәтбаев сәулелерін жан-жақты көрсететін актерді іздедік. Әсет Есжан – біздің ең сәтті таңдауымыз», деді ол.
«Қанышты сомдау – маған жауапкершілік жүктеді. Алып тұлғаны мемлекеттік қайраткер, көрнекті ғалым деп танығанымен, оны ең әуелі ұлтын шексіз сүйген қазақтың перзенті етіп көрсеткім келді. Осы орайда Қаныш туралы қисапсыз еңбек қалдырған жазушы Медеу Сәрсеке ағамыздың рухына тағзым етеміз», дейді Әсет Есжан.
Фильм продюссері Айгүл Байбек көркем туындының жас буынға игі әсерін айта келіп, қоғамның жақсылыққа бет бұрысына ықпал ететінін жеткізді. Бұған қоса тарихи фильмді қаржылай қолдаған демеушілерге ризашылығын білдірді. Айта кетейік, сериал мен фильмді жасауға «Eurasian Resources Group» пен «Қазақмыс» холдингі қаржылық қолдау көрсеткен болатын.
Бұған дейін көркем туынды бірнеше халықаралық байқауда жеңімпаз атанған. Атап айтсақ, 2022 жылы Аргентинаның Буэнос-Айрес қаласында өткен фестивальда «Үздік фильм» жүлдесін жеңіп алса, былтыр «Үздік азиялық көркем фильм», «Үздік концепция», «Қоршаған орта туралы үздік көркем фильм» сынды үш бірдей аталыммен марапатталды.