«Түркістан облысынан табылған Қаңлы жазбасы орындалу форматы тұрғысынан қазақ тарихын жазба мәдениеті қалыптасқан ежелгі өркениеттермен теңестіреді» дейді археолог Александр Подушкин.
Археолог ғалым Александр Николаевич бұл туралы «Көне Түркістанның құпиясы» атты дәрісінде баяндады. Орталық Еуразияның ежелгі өркениеттер жүйесінде Қаңлы мемлекетінің атқарған рөліне арналған дәрісті Түркістан қаласында «Qalam» біліми-ғылыми көптұғырлы жобасы ұйымдастырды.
Қаңлы арыс (прото-соғды) жазбасының айғақтары Күлтөбе қаласының орнынан (Түркістан облысы, Ордабасы ауданы, Сарыарық ауылы) қыш тақта-кестелер түрінде табылған болатын. Археологиялық және нумизматикалық материалдар бойынша бұл тақтайшалар біздің заманымызға дейінгі I ғасыр мен біздің заманның I ғасыр аралығында жасалған.
«Бұл – әлемдік деңгейдегі жаңалық. Орталық Еуразия аумағында тақтайшаларға балама жоқ. Қазақстан, Ресей, Ұлыбритания, Израиль, Францияның беделді палеолингвистері зерттеу барысында онда қандай жазу келтірілгені туралы бірнеше нұсқа келтірді. Зерттеу нәтижесі тақтайшалардағы жазудың жол болып жазылғанын, арамей әліпбиімен берілгенін көрсетті. Ежелгі иран тілінің шығыс диалектілерінің бірі анықталды, оны Қаңлы мемлекетіне тән бөлек көрсетуге болады», деп мәлімдеді археолог.
Күлтөбе мәтіндері (жалпы саны – 30) біздің дәуіріміздің алғашқы ғасырларындағы Орталық Азияға қатысты саяси, әлеуметтік және тарихи-мәдени сипаттағы маңызды ақпаратты қамтитынын айтады археолог. Тақтайшаларда ежелгі мемлекеттер мен ірі қала орталықтарының (Нахшеб, Самарқанд, Кеш, Шаш, Бұқара) атаулары, кісі аттары, ежелгі билеушілердің лауазымы жазылған. Сонымен қатар әлеуметтік терминдер («шатыр адамдары» – көшпелілер); мемлекеттік терминдер («асыл заттар» – қазына); қоғамдық жұмыстар («қаланың негізін қалау, қала салу»); династиялық және туыстық терминдер («ұл»); қызметтік сөздер, аймақтық масштабтағы тарихи оқиғаларды атау және жергілікті билеушілердің іс-әрекеті, тағы басқалары кездеседі. Қаңлы мемлекетінің жоғарғы табы мемлекеттік деңгейде жазуды меңгерген.
Профессор Подушкин қайталанбас жазбалар қазақ мәдениетінің Орталық Азияның тарихи-мәдени мұрасына қосқан ұлы үлесінің дәлелі деп санайды: «Жоғары деңгейлі өркениеттің көрінісі және мемлекеттіліктің айрықша белгісі ретінде Қаңлы жазбасы Қазақстанның қазіргі ғылыми және азаматтық қоғамы үшін үлкен әлеуметтік маңызға ие. Бұл жәдігер қазақ ата-бабаларының төл мұрасы және ежелгі салт-дәстүрі қаншалықты бай әрі үлкен екенін анық көрсетеді. Бізге оны мемлекет және халықаралық қауымдастық деңгейінде сақтап, насихаттау қажет. Жазба мәдениеті – адамзат қол жеткізген ең ұлы жетістіктердің бірі екенін, әлемде санаулы ғана ел «бұрынғы бабаларымызда жазба болған» деп айта алатынын атап өткім келеді», дейді археолог.