Ақтөбе облысы наурыздың кейінгі онкүндігінен сәуірдің ортасына дейін су тасқынын бастан кешірді. Күннің күрт жылынуынан өзендер арнасынан шығып, елді мекендерді су басу қаупі төнді. Облыс орталығы мен алты ауданда төтенше жағдай жарияланып, мыңдаған адам су басу аймақтарынан шұғыл түрде көшірілді.
Қызыл судан қауіп төнген күндері жұдырықтай жұмылып, бір үйдің баласындай әрекет еткен азаматтардың алдыңғы легінде волонтер жастар жүрді. Олар қаланың Елек және Қарғалы өзендері бойындағы 11 бау-бақша ұжымы мен тұрғын үй алаптары тұрғындарын қауіпсіз жерге көшіруге көмектесті, су басқан үйлерден өздігінен жүре алмайтын мүгедек жандар мен қарт кісілерді, жас балаларды, үй жануарларын алып шығып, полиция қызметкерлері мен құтқарушыларға жәрдемдесті. Тасқын күндері Ақтөбе қаласы мен алты ауданға 4 мыңнан астам волонтер көмекке келді. Сондай-ақ олар қаладағы 36 эвакуациялық бекетте жатқандарға киім-кешек, төсек орын таратып, азық-түлік, дәрі-дәрмек жеткізді.
Еріктілер облыс орталығымен шектеліп қана қоймай, аудандарда да белсенді әрекет етті. Мәселен, су басқан Қобда ауданына 60 волонтер көмекке келіп, адамдарды эвакуациялауға көмектесті. Ал төтенше жағдай жөніндегі өңірлік штаб жанында құрылған еріктілердің фронт-офисі қай жерде көмек күші зәру болса, сол жерге волонтерлерді жұмылдыра білген үйлестіруші орталыққа айналды. Еріктілердің қатарына колледж, жоғары оқу орындарының студенттерінен басқа түрлі мамандық иелері, ересектер де қосылды. Волонтерлік орталықтармен жұмыс істейтін зейнеткерлер үйлерінде ас дайындаса, оларды жастар тасқынмен алысып, бөгеттерді биіктетіп жүрген азаматтарға таратты.
Қызыл судың беті қайтса да, волонтерлерге әлі жұмыс көп. Қазіргі уақытта тасқын су зардабын Ырғыз ауданының бес ауылы тартып жатыр. Тосын құмдарынан келген Торғай өзенінің суы Белшер, Нұра, Жайсаңбай, Мамыр, Құйылыс елді мекендеріне кіріп, тұрғындар Ырғыз ауданы орталығындағы үш эвакуациялық орынға көшірілді. Нұра, Белшер, Мамыр ауылдары су астында қалды. Енді Тәуіп ауылдық округінің Құйылыс және Жайсаңбай ауылдарына қауіп төніп тұр. Жұрт қолдан бөгет үйіп, судың осы белдеуден асып кетпеуі үшін күні-түні еңбектеніп жатыр. Өзен жағалауларын бекітуге Ақтөбеден әскери бөлім жауынгерлерімен бірге 100 волонтер келді. Қостанайдан жеткен Торғай өзенінің суы Құйылыс ауылының шетінде Ырғызбен қосылып, Құрдым деген елсізде құмға сіңіп жоғалады. Құмдауыт жер болып көрінсе де, Құрдым – жер асты суы мен жер беті суының қосылатын тұсы. Құрдымға құлаған су жер астымен Арал теңізіне барады дейді үлкендер.
Волонтерлер Ырғыздағы уақытша паналау орындарында жатқан 500 адамды тамақтандырады, облыс орталығынан жеткізілген гуманитарлық көмекті таратып береді. Өйткені Қорғаныс министрлігінің тікұшағымен шұғыл көшірілген ауыл тұрғындары үйлерінен басы артық киім де алмай шыққан. Су тасқыны халқымыздың бауырмал, мейірімді, ізгілікке толы бір қырын ашты. Түрлі волонтерлік ұйымдарға біріккен еріктілер сапында еліне, туған қаласы мен туған жерінің табиғатына бейжай қарамайтын азаматтар көп екен. Волонтерлік қозғалысқа күн санап қосылып жатқан әртүрлі жастағы азаматтарға қарап осылай деп ой түюге болады.
Ақтөбелік ерікті жастардың ендігі бір тобы «Таза Қазақстан» республикалық экологиялық акциясына белсенділікпен кіріскен. Олар қыстан қалған қоқыстарды жинап, көшелерді, арықтарды, өзен-көлдер бойын тазалаумен айналысып жатыр. Елімізде басталған жалпыхалықтық экологиялық акцияға ақтөбелік 80-ге жуық волонтер қатысуға ниет білдірген. Олар әсіресе қала мен далада тал егу, гүл отырғызу жұмыстарына қатысуға ынталы. Сәуір, мамыр айларында табиғат қорғаушы жастардың бастамасымен Ақтөбе облысында «Таза қала – таза жағалау», «Бұлақ көрсең – көзін аш», «Ардагерлерді ардақтайық» тақырыбымен көптеген іс-шара өткізілмекші.
Ақтөбе облысы