Ерейментау ауданындағы жас кәсіпкер, «Тиянақ-Трэйд» ЖШС-нің жетекшісі Әнуарбек Айтпаев жайында француз газеттерінің бірінде, жоғарыдағыдай елең етерлік атаумен, фотосуретімен суреттеме жарық көргенін естігенбіз. Жерлесіміз Трансплюм Пьера Капелло компаниясы өкілінің шақыруымен биылғы қыркүйектің екінші онкүндігінде шетелге арнайы сапармен барған екен. Әнуарбек онда қаз-үйрек асырайтын түрлі шаруашылықтарды аралап көріп, Тивьенің қаз өсіретін музейінде де болыпты. Әріптестермен кездесу барысында Астанаға жақын өңірде қаз-үйрек өсіріп, өнімін кәдеге жарататын өндірістік желі ашуға лайықталған жоба талқыланды. Жобаның мақсаты мен болашағы бізді қызықтырумен жүретін. Жуырда ауданның Көкшетауда өткізілген кезекті ауылшаруашылық тауарлары жәрмеңкесінде Әнуарбек Айтпаевпен тілдесудің сәті түсті.
Істің мән-жайына сәл шегініс жасайық. Жылдың басында аудандық газеттің редакторы Раушан Нұрғазиеваның Жаңажол ауылында қаз өсірумен айналысатын Әнуарбек жайлы жазған жылы мақаласын оқыған едім. Жобаны іске асыру мақсатында кәсіп иесі өз қаржысына Ресейден бір мезетте 25 мың данаға дейін жұмыртқа басатын жаңа технологиялық жабдық алдырылыпты. Бұдан бұрын 3000 бас «италиялық ақ тұқымды» аналық және ересек қаз сатып алыныпты. Межеленген барлық мақсат-міндет сәтімен жүзеге асты. Жарыққа шыққан қаз балапаны Ақмолаға қоса Алматы облысы көлемінде сатылды. Өсіп-жетілген қаз Көкшетау мен Астананың ауылшаруашылық жәрмеңкесінде саудаланды.
– Қазіргі таңда шаруашылықта жалпы саны он мыңнан астам құс бар, – дейді Әнарбек Айтпаев. – Оның біразын сату үшін жемдеуге қойдық, бір бөлігін тұқымға қалдыруды көздедік. Енді алдын ала тапсырыс берілген, қаз ұшасының жүнін жұлатын италиялық жабдықтың келуін күтіп отырмыз. Ойлана келе, биыл бұл қаздарды қалдырмауды ұйғардық. Себебін түсіндірейін, мамырдан бастап көптеген елдерді араладым. Бізге белгілісі, Еуропа елдерінде көбінесе құс етін қолданады, араларында осы өнімді қастерлейтіндер де баршылық. Мамығы мен қауырсынын да игілікке жаратып жатады. Қаздың майы да косметика өндірісіне пайдаланылатын нәзік, жұмсақ өнім, ал бауырына жиылған май жоғары сұранысқа ие. Бұл шикізаттан нәрлі, дәмді паштет даярланады. Бауыр майлы болуы үшін құсты мәжбүрлеп бордақылайды да, қимыл-қозғалысын шектейді. Нәтижесінде, бауырдың көлемі екі есе үлкейеді. «Фуа-гра» (бауыр) нағыз таңсық тағам болып есептеледі. Бұл өнім ежелгі Рим дәуірінен белгілі. Фуа-гра көптеген елдерде өндіріледі. Негізгі отаны – Франция. Бұл елдің дастарқанына қара уылдырық трюфелимен қатар қойылады. Сондықтан, халықаралық нарыққа шығу үшін еуропалық тұтынушылардың кең сұранысымен үйлесетін қаздың басқа тұқымы қажет. Құс өсірумен айналысатын маңдайалды компаниялардың тәжірибесі менің өндірісті ұйымдастыру қадамыма елеулі қозғау салды.
Өкінішке қарай, биылғы жаздың жайсыз болғанын айтады Әнарбек бауырымыз. Жем өндірісін дамытуға лайықты техника, жайылым бола тұра, жеткілікті шамада азық даярлауға мүмкіндік келмеген. Қолдағы осыншама құсқа күніне үш тоннаға жуық азық, дәрумендер қажет көрінеді. Салмағы жеңіл (Франциядағы құстың сойыс салмағы 8-9 келі) мұндай құсты асырау тиімсіз деген шешім қабылданыпты. Келесі жылдың көктемінде Ресейден асыл тұқымды құс жұмыртқасын, Франциядан да 1,5-2 мың данасын алдыртуға келісімшарт жасалып қойылыпты. Қазір шаруашылықтағы 14 жұмысшы мен маман қора-жайды, техниканы, құрал-жабдықты алдағы жұмысқа дайындау үстінде. Мұндайда өңірге жерсінетін тұқымды таңдау, қоректендіру нормасын, зоогигиеналық талаптарды, екпе тәртібін ескеру, бизнесті бүге-шігесіне дейін дұрыс жоспарлау негізгі шарт. Реті келсе, мамандарды тағылымдамадан өткізу жоспарланып отыр.
Ерейментаулық кәсіпкер «өз қабілетіңнен де мықты шешім қабылдағаның – жұмысыңның алға басқаны» деген ұстанымға сүйенеді екен. Сондықтан, түрлі тұқымды қаз өсіріп жүрген тәжірибелі адамдармен ақылдасуға жақын жүреді. Қазан айында Халықаралық бизнес академиясын үздік тәмамдаған Ә. Айтпаевтың жаңа тұрпатты өндірісші ретіндегі ой-пайымдары да назар саларлықтай.
– Өңірдің атқарушы билігімен өзара әріптестікке, ауылдық округтің әлеуметтік саласын сүйемелдеуге әрқашан дайынмын, – дейді Әнарбек. – Сонымен қатар, қызмет бағыты сан қырлы кәсіпкерлік саланың өңірге бейімділігін кеңейтетін анағұрлым ынталы көзқарас болғанын да қалар едім. Бәлкім, аудан экономикасын дамыту негіздері қаланатын шақта, бизнесмендерді де шақырып, ұсынысына ден қою қажет шығар. Қойнауы тарихқа толы, өсімдіктер мен жануарлар дүниесіне бай, ауыл шаруашылығы мен өнеркәсібі өркендеген Ереймен өңірінің даңқын жаңғырту мақсатында адамдарды біріктірген әлдеқайда жеңілірек деп ойлаймын.
Сөз түйінінде өндірісті дамыту, қаз өнімін ұқсату болашағына кеңінен тоқталды. Мемлекетіміз құс өнімі нарығы жағынан көршіміз Ресейге қарағанда әлі даму сатысында тұр. Бизнестің бұл түрінің тиімділігін дәлеледеудің қажеті жоқ. Дегенмен, кәсіпкерлердің көбі оған асыл тұқымды, әлде репродукторлы құс фермасын ұқсату желісімен бірге ашып алып, қадам басқысы келеді. Статистикалық дерекке жүгінсек, әлемде жылына 1,5-2 миллиард тонна қаз өнімі тұтынылады екен. Оның өндірісі Еуропа мен Азияның 11 елінде шоғырланған. Бізге француздар тарапынан анағұрлым серпінділігімен, жұмсақтығымен, беріктігімен, гигроскопиялық қасиетімен, жылу өткізгіштігімен ерекшеленетін қаз қауырсыны мен түбітін жеткізуге ұсыныс түсті. Қаз қауырсынының тозуға төзімділігі – 25 жыл (тауық жүнінен екі есе ұзақ). Бұл өнім халық тұтынатын тауар өндірісіне ауадай қажет. Ал, жанама өндірісті жергілікті жерде де қолға алуға әбден болады, дейді ол.
Ереймендік бауырымыздың осы сөздерінен-ақ, «Қазаққа «фуа-гра» бауыр баса ма?» деген француздық сауалға талассыз жауап тапқандаймыз.
Бақберген АМАЛБЕК,
«Егемен Қазақстан».
Ақмола облысы,
Ерейментау ауданы.