• RUB:
    4.91
  • USD:
    494.87
  • EUR:
    520.65
Басты сайтқа өту
Таным 22 Сәуір, 2024

Ештен кеш жақсы

116 рет
көрсетілді

Жаңа дүниені үйренуге жасым өтіп кетті деп жүрсеңіз, қателесесіз. Мәселен, әйгілі Лев Толстой велосипедке 67 жасында отырған. Алғаш көрген сәтінде-ақ жазушы оның жүру механизміне қатты қызыққан көрінеді. Сол-ақ екен ізденімпаз ақсақал велосипед туралы зерттеулерді жаздырып алып, әуелі онымен толық танысып шығады.

Осылайша, жазушы теориялық танымын әбден бекітіп алғаннан кейін велосипедке бір-ақ отырады. Заман­дастарының айтуынша, денсаулығы әлі де тың қаламгер жаңа көлікті бірден меңгеріп алған.

Бастапқыда Мәскеу Манежінде велосипед айдап жүрген алаңсыз ақсақал – «Соғыс және бейбітшіліктің» авторы екеніне көпшіліктің көзі бірден үйрене қоймапты. Ол түгілі Манеж алаңының күзетшісі «мұнда графтар ғана серуендей алады» деп велосипедші Толстойға рұқсат бермей қойыпты. «Осыған (велосипедке) қандай күш тартып тұрғанына таңғаламын... Байқаймын, бала сияқты болып барамын. Қуаныш сыйлайтын әрекетпен айналыссам, «мен туралы не ойлайды?» деген ойды мүлде ұмытып кетемін», – дейді ол 1895 жылы 25 сәуірде жазылған күнделігінде.

Иә, қаламгердің замандастары Тол­стойдың велосипедке сондай сүйіс­пенші­лікпен қарағанын жеткізеді. «...Құдды кішкентай бала өз ойыншығын жақсы көргеніндей, Толстой да велосипедтен түспейтін болды», – дейді олар таңданыспен. Жазушының өзі «Менің басымнан күлкілі жағдайлар өтіп жатыр. Алдымдағы кедергіні елестетсем болды, соған міндетті түрде соғылғым келіп мазам кетеді. Ақыры дегеніме жетпей қоймаймын», – дейді қызы Татьянаға жазған хатында. Бұл әңгіме Мәскеу Манежінде велосипед үйреніп жүрген басқа бір ханымға қатысты жазыл­ған еді: «Оның шляпасында көз сүйін­дірер әдемі қауырсын бар еді. Тағы бір қарап қалғаным сол еді, дөң­гелегімнің солай қарай жүйткіп бара жат­қанын байқадым. Ханым болса айқайға басып, менен бұрылып кет­пекші. Бірақ амал не? Велосипедтен секіріп түспекші едім, ол әрекетім сәтсіз болып, ханымды бір-ақ құлаттым», – деп еске алады Толстой. Осы оқиғадан кейін жазушы Манежге ханымдар се­руен­демейтін уақытта ғана баруға ты­рысқан екен.

Велосипедке әуестенгені сонша жазушы кейде түні-бойы дамыл таппайды. «Түнде төрт-ақ сағат ұйықтадым. Велосипедпен жүріп әбден шаршап қалыппын», – дейді ол 1895 жылдың 15 мамырында жазған күнделігінде.

Лев Толстойдың бұл салада жетістік­ке жеткені сондай, ол Мәскеудегі вело­си­педшілер одағына мүше болып қабыл­данады. Ал 1896 жылы қалалық әкімшілік оған жүргізуші куәлігін табыс етеді. Кез келген жаңа дүниені бастау – ешқашан да кеш емес. Шет тілін үйрену, саяхатқа шығу, жаңа мамандық иесі атану немесе қарапайым Толстой секілді жүргізуші куәлігін алу, барлығы да сіздің тәуекеліңізді қажет етіп тұрған армандар.