Елімізде отбасылық тұрмыстық зорлық-зомбылыққа қатысты кейінгі жылдары қабылданған әкімшілік және құқықтық жауапкершілік жәбірленушілер арыз жазбаса да іс қозғауға мүмкіндік береді. Полицияның түсіндіруінше, көрші үйдегі айқай-шу туралы хабарламаның өзі абьюзердің әрекетіне тосқауыл қойып, жуан жұдырыққа жаза арқалатуға негіз бола алады. Алайда құқыққа нөлдік төзімділік танытқысы келген куәгерлердің басын дауға қалдырған 438-бап отбасы-ошақ қасындағы қылмысты азайтуға септігін тигізе ала ма?
Тәртіп сақшыларының жәбірленушілердің арызынсыз істі ашуға құқық алғаны көпшілікті қуантып отыр. Куәгерлер мен олардың айғақтары, сондай-ақ аудио және бейнежазбалары жаза қолдануға жетіп жатыр. Бұл өзгерістер зардап шеккендерді тиімді қорғауға, салааралық үйлестіруге және тұрмыстық зорлық-зомбылықтың алдын алуға қызмет ететін бірден-бір норма ретінде қабылданғаны рас. Өйткені «ерлі-зайыптының арасында есі кеткен түседі» деген түсінік көбіне ұйып отырған отбасының шаттығын бұзбау ретінде емес, ыдыс-аяғы жиі сылдырлайтын үйдің ісіне араласпауға қатысты айтылып кеткені тағы бар. Сондықтан болар, елдегі болып жатқан қайғылы оқиғалардың алдын алу мүмкін болмай барады. Жылдар бойы жалғасып келе жатқан зорлық-зомбылықтың салдары орны толмас өкінішке апарып, адам өлімімен аяқталған кезде жазықтыны жазғырып, күдіктіні көпшілікпен бірге кінәлауға әуеспіз. Бірақ құқық бұзушылыққа жол беріп, қылмыстың болуына жол беруге белгілі бір деңгейде себепші болғанымыз жайлы жақ ашқымыз келмейді.
Психологтердің пайымынша, агрессорлардың айтқанынан шықпайтын үйдегі жәбірленушінің дені үздіксіз зорлық-зомбылыққа еті үйреніп кетеді. Себебі табиғатынан нәзік жаратылыс иесінің сезімге ерік беретіні бір бөлек, қазақ қоғамындағы «әйел еркектен бір саты төмен тұруға тиіс» деген тұжырымы да отағасының айтқанына көніп, айдауымен жүруі қалыпты дүние ретінде қабылданады. Тіпті өз басындағы зорлық-зомбылыққа үнсіз көніп қана қоймай, балаларын да үйдегі тираннан қорғауға күші жетпейді. Мәселен, кейінгі жылдары өгей әкесі түгілі, өз әкесінен жәбір көрген балалардың арасында аса ауыр қатыгездікпен өлтірілген оқиғалар болды. Ең сорақысы, жаға ұстатар оқиғаға куә бола тұрып, қылмысты жасырып қалуға тырысатын аналардың әрекетінің артында, психологтер айтқандай, «тиранға тәуелділік» тұр.
Осындай жағдайда отбасындағы әлімжеттікке ұшырап жатқан жәбірленушілердің жан-жарасын түсініп, зорлық-зомбылықтан арашалап қалу маңызды бола түсті. Дегенмен біздегі заңның нормасы зардап шегушінің құқығын барынша қорғауды қарастырғанымен, куәгерлердің әрекетін ақтап алатын мүмкіндікті қаперге алған ба?
Куә болғаны үшін кінәлі ме?
Күші кеше елорда тұрғынының полицияға көрші пәтердегі құқық бұзушылық туралы хабарлағаны үшін айыппұл арқалай жаздағаны белгілі болды. Куәгердің сөзінше, көрші үйде қатты айқайлаған дауыстар шығып, күйеуінің әйелін ұрып жатқаны естілген. Кезекті айқай-шудың соңы орны толмас өкінішке себеп болмасын деген ол құқық қорғау органдарына хабар беріп үлгереді. Алайда полиция оқиға орнына келген кезде жанжал басылады. Сол үшін құзырлы органнан келесі күні хабар берген адамның өзіне жалған қоңырау соққаны үшін жауапкершілік қарастырылып, айыппұл салынуы мүмкін екендігі ескертілген.
«Оқиға болған күні балалардың «әке, жоқ» деп айқайлаған дауыстары естілді. Сол үшін полиция шақырдым. Тәртіп сақшылары келгенше ұрыс-керіс басылды. Шақыруға келген патрульдік полиция маған қайта қоңырау шалып, көрші пәтерде күйеуінің жоқ екенін хабарлады. Сөйтіп олар әйелінің сөзіне сүйеніп, төбелес болғанын жоққа шығарды», дейді елордалық тұрғын. Ал келесі күні куәгердің өзіне полициядан қоңырау шалып, факт расталмаса, жалған қоңырау үшін ӘҚБтК-нің 438-баппен 110 мың теңге айыппұл салынатыны жеткізілген.
Астаналық тұрғынның сөзін әлеуметтік желіде растап, өз оқиғаларымен бөліскендер көп екен. Мәселен, блогер Алексей Лодочниковтың айтуынша, дәл осындай жағдай оның да басынан өткен. «Үстіңгі қабатта тұратын ерлі-зайыпты үнемі ұрысып-керісетін. Күйеуі әйеліне жұдырық жұмсайтыны анық. Бір жолы осындай кикілжің үстінде полиция шақыртуға тура келді. Полиция жетемін дегенше, айқай-шу басылып қалды. Есікті тоқылдатса, ешкім есікті ашпаған. Соңында тәртіп бұзушылық туралы жалған ақпарат берген адам ретінде айыппұл арқалайтыным туралы ескертті. Бірақ айыппұл салынған жоқ. Біреуді құтқарамын деп кінәлі болып кетуің де мүмкін екен», дейді ол.
Тағы бір тұрғын: «Әйелдер алдымен озбыр күйеуінен құтқаруды сұрап жалынады, сосын күйеуімен қосылып алып «жалған ақпарат берді» деп үстіңнен арыз жазады. Осындай жағдай өз басымнан өтті. Сондықтан қазір біреуге көмектесер алдында әбден ойланатын болдым. Біздегі заңның түсінбейтін тұсы мынау: полиция қоңырау соққан адамнан дәлелдеме талап етіп жүргенде, еркек әйелі мен балаларын жер жастандыруы мүмкін. Полицияға осындай толық дәлел керек шығар», деген пікірін қалдырған.
Нөлдік төзімділікті қолдан «өлтіреміз»
Құқық қорғаушы Дина Тәңсәрінің айтуынша, бұл мәселе бұрыннан бар. Жекеленген адамдар емес, құқық қорғау ұйымының сөзіне күмән келтіру қалыпты жағдай екенін айтқан ол: «Әйелдерге қатысты зорлық-зомбылық болғанын айтқан кезде полиция тарапынан оқиғаны растау талап етіледі. Тіпті Қылмыстық кодекстің 274-бабымен көрінеу жалған ақпарат таратты деген айыпқа ілініп жатамыз. Бір жағынан жәбірленушілердің құқығын қорғау үшін заң қабылдайды, екінші жағынан олар бізге осы заң аясында ақпарат беруге мүмкіндік бермейді. Мәселен, Ішкі істер министрінің орынбасары Игорь Лепеха тұрмыстық зорлық-зомбылық туралы жаңа норманы түсіндірген кезде «Азаматтардың өтініші бойынша әрекет етеміз», деді. Бізге «баланың жылағаны, әйелдің өксіп жылаған дауыстары шығады», «түнде қатты төбелес болды» деп хабарласатындар бар. Полиция куәгердің сөзімен келіп, тынышталған пәтерден ештеңе таба алмаса, куәгердің өзіне жалған айыптау бойынша кінә артады. Егер істің анық-қанығын толық тексеріп, тергеу жүргізбей жатып, куәгерге айыппұл салу қонымсыз болады. Сондықтан заңдағы норманы қабылдайтын кезде, осындай фактілер болмауы үшін заңға тәуелді актілерді нақты жазуы керек. Әйтпесе адамдардың құқық бұзушылыққа нөлдік төзімділігін қолдан «өлтіріп аламыз». Ал жәбірленушілердің көбі үйдегі дебоширдің сөзінен ары аса алмайтыны белгілі», дейді Д.Тәңсәрі,
Демек бұл оқиға туралы полицияға хабар бермес бұрын алдымен қабырғаның сыртына шығып жатқан дауысты телефонға басып, аудио-бейнедәлел жинау керек екенін көрсетеді. Алайда Астана қаласы Алматы аудандық полиция басқармасының учаскелік полиция инспекторы Досжан Жұмабаев кәсіби шеберлік болса, куәгердің дәлелінсіз-ақ оқиғаны анықтауға болатынын айтады. Оның айтуынша, учаскелік инспектор оқиға туралы хабар берген адамға бірден айыппұл сала алмайды. Бұл үшін алдымен тәртіп бұзды деген отбасының барлық мүшесінен жауап алынып, қажет болса жәбірленушіні мәжбүрлі түрде сот сараптамасынан өткізеді. Қосымша куәгердің сөзі дәлелді болуы үшін басқа да көршілерден жауап алынып, алдыңғы шақыртулар да сараланады. Себебі кейбір кезде көршілердің арасындағы араздық та жалған қоңырау соғуға түрткі болатын көрінеді. Бірақ мұндай фактілер мыңнан бір рет қана кездеседі. Дегенмен айыппұлды айтпағанда, оқиға туралы хабар берген куәгерді бөлімшеге алдырып, қажет болса соттың шақыруымен шапқылатуға итермелейтін қазіргі тәжірибе құқық бұзушылықты жоюға кедергісін келтірмес пе екен?..