• RUB:
    5.2
  • USD:
    523.72
  • EUR:
    544.09
Басты сайтқа өту
Қазақстан 24 Сәуір, 2024

Су тасқыны кезінде 1 млрд теңгеге залал келтірілген - ҚМА

249 рет
көрсетілді

Қаржылық  мониторинг агенттігі төрағасының орынбасары Жеңіс Елемесов су тасқыны кезінде ұрлық бойынша қозғалған қылмыстық істердің жай-жапсарын айтты, деп хабарлайды Egemen.kz.

«Біздің ведомство гидротехникалық құрылыстарды салуға бөлінген бюджеттік қаражатқа қатысты 4 қылмыстық істі тіркеді. Аталған істер Ұлытау, Ақтөбе, Қызылорда облыстарында және Алматы қаласында тергеліп жатыр. Бұл қылмыстық істердің басым бөлігі бюджет қаражатын ұрлау фактілері бойынша қозғалған. Бір жағдайда арнайы осы бөгеттерді күтіп ұстаудағы заңсыз әрекеттер себеп болды. Осы істер бойынша 1 млрд теңге шамасында залал келтірілгені анықталды», деді Ж.Елемесов Мәжіліс отырысында.

Елемесовтың айтуынша, аталған заңсыз әрекеттер өткен жылдары да жасалған. Бұл ақша бірнеше жыл бұрын гидрологиялық нысандарды күтіп ұстауға бөлінген.

«Бұл қаражат биылғы су тасқынына қарсы бөлінген 140 млрд теңгеге қатысы жоқ. Қазір игеріліп жатқан осы қаражаттың мақсатты жұмсалуына мониторинг жасаймыз, яғни заңсыз әрекеттерге тосқауыл қоямыз», деді агенттік төрағасының орынбасары.

Сондай-ақ Ұлытау, Ақтөбе, Қызылорда облыстары мен Алматы қаласында 1 миллиард теңгені ұрлау ісі бойынша күдіктілер анықталғаны қоса хабарланды.

«Күдікке ілінгендер арасында тиісті тендерлерді алған кәсіпкерлер де, сондай-ақ орындалған жұмыстардың актісіне қол қойған лауазым иелері де бар. Олар әлі тұтқынға алынбады. Себебі аталған өңірлерде су тасқыны жағдайы әлі де күрделі, кейбір адамдар су басқан жерлерлерде қызмет атқарып жатыр. Қазір тек қылмыстық істерді тіркедік және тергеу процесі жүріп жатыр», деп түсіндірді Жеңіс Елемесов.

 

Қырмызы ЖҰМАҒАЛИҚЫЗЫ,

ЕҰУ студенті