Ұлы дала жыраулары мен жыршыларының даналық, тапқырлық, шешендік өнегесін, аманатын, сыншылдық көзқарасын, рухын тірілткен, бірқатар эпостық шығармаларды хатқа түсірген, қолжазбаларды жинақтап, жүйелеп зерделеген филология ғылымдарының докторы, профессор Оразгүл Нұрмағамбетова (1923-2003) есімі ғылыми ортаға жақсы таныс. Оның «Казахский героический эпос «Кобланды батыр» (1988), «Ұлы жыршы» (1972), «Өмір өрнектері» (2004) атты сүбелі еңбектерінде халық ақындарының (Жамбыл, Нұрпейіс, Үмбетәлі) шығармашылығы, айтыс өнері, фольклор мен әдебиеттің өзара байланысы зерттелінген. Әсіресе, қазақтың эпикалық мұрасы «Қобыланды батыр» хақындағы ой-тұжырымдары жаңаша таным, көзқарас, пайым тұрғысынан бағалы. Ғылым текстологиялық, типологиялық салыстырулар жасап, ауызша поэзия өкілдерінің көркемдік әдіс-тәсілдерін, жыршылық, жыраулық, орындаушылық өнер ерекшелігін, кәнігі шебер жыршылардың әлеуетін, көңіл қалауын, түпкі сырын, қызығушылықтарын көрегендікпен байқайды. Сондықтан да жырлау үдерісінде алуан қырлы тәсілдерді, сарын-мақамдарды қолданатынын жетік түсіндіреді.
Фольклортанушы Оразгүл Әмірәліқызы «Асыл мұра» атты зерттеуінде ауыз әдебиетінің дара сипатын және оны хатқа түсіру тарихын байыптайды. Қолжазба – халық тарихының, әдебиетінің куәлігі. Оны жинау ісінде, қорын қалыптастыруда В.В.Радлов, Г.Н.Потанин, И.Березин, А.Алекторов, В.Васильев, Ш.Уәлиханов, Ы.Алтынсарин, Ә.Диваев сынды ұлт мұрасын ұлықтаған санаткерлер ерен еңбек сіңірген. И.Ильминский 1859 жылы Марабай жыраудан «Ер Тарғын» жырын жазып алып, 1862 жылы жариялады.
1906 жылы Орынбор архив ғылыми комиссиясы (төрағасы В.Карлсон) ішінде Қазақбай мен Көшелек бар 50-ден астам ақын-жыраулардың қаһармандық жырларын хатқа түсірген. Мысалы, Әбубәкір Диваев Сырдария, Түркістан, Әулиеата, Ташкент өңірін тегіс сүзіп шығып, ұшан-теңіз ескілікті мұраларды жинақтаған-ды. Бұл асыл мұралардың көшірмелері М.О.Әуезов институтында жинақталып, жүйеленіп, ғылыми айналымға түсті, ел игілігіне айналды.
Ұлт фольклорының жанашыры О.Нұрмағамбетованың көрсетуінше, 1920 жылдардан бастап Қазақ өлкетану қоғамы (кейін Ұлт мәдениетін зерттеу институты), тағы басқа мекеме-ұйымдар Қазақ елінің мәдениеті, тарихы, этнографиясы, фольклоры жайында экспедициялар ұйымдастырып, қисапсыз қолжазба материалдар жинақтап, М.О.Әуезов атындағы Әдебиет және өнер институтының қолжазбалар қорын толықтырып байытқан.
Ғалым Оразгүл Әмірәліқызы 1906 жылы хатқа түсірілген «Қобыланды батыр», «Бозмұнар» жырларының көшірмелерін 1955 жылы Орынбор архивінен алдыртыпты. Сөйтіп, ескі сөздің – ел қазынасына қайта қосылуына, оқымыстылар қауымының ғылыми талқысын салуға себепші болған.
Ол кісі Ғылым академиясының М.О.Әуезов институтында 16 жыл директордың ғылыми жұмыстары жөніндегі орынбасары қызметін атқарып, 1950-1970 жылдары Батыс Қазақстан, Маңғыстау, Семей, Шығыс Қазақстан, Оңтүстік Қазақстан, Қостанай, Сыр елі және Әмудария бойындағы Шымбай, Хожелі, Қоңырат, Шаббаз (қазіргі Беруни), көне Үргеніш (ерте заманғы Бесқала) қалаларына ұйымдастырылған 30 шақты экспедицияның құнды дерегін хаттап көрсеткен. Осы сапардың нәтижесі қазақ халқының жыраулық, жыршылық, шежірешілдік, әңгімешілдік бай дәстүрінің, жауһар үлгі-нұсқаларының қорын молайтты деуге негіз бар.
Асылы, халық әдебиеті нұсқаларын жазып алу, құнттап жинақтау («құнттыға құт үйірілер» деген қанатты сөз бар), мұқият табиғи қалпында мұртын бұзбай сақтау, жанрларға жіктеу, шеберлікпен пайдалана білу мен толық картотека жасау – айрықша айтулы ғылым мехнаты.
«Орталық ғылыми кітапхана мен институт қолжазбаларының толық картотекасы жасалды, сөйтіп бұл екі фондта 200 мыңнан аса шығарма саны бар екені анықталып отыр. Барлық шығармалар жанрға бөлініп те реттелді. Соңғы есебіміз бойынша (майда жанрларды есептемегенде) қазір қолымызда ірі жанрлардан: батырлық жырлар – 92 (барлық варианттарымен 300), ғашықтық, тұрмыс-салт жырлары – 227 (барлық варианттарымен 399), тарихи өлең, жырлар мен аңыз әңгімелер саны – 98 (барлық варианттарымен 444), шығыс сюжеттерінен келген поэмалар, дастандар – 81 (варианттарымен 215). Бір ғана мақал-мәтелдің өзі 20 мыңдай, шешендік сөз бір мыңнан асады, оның жүзден артығы кейінгі жылдары түскен, тарихи шежіре 4858 бет екен», деп жазады ұлт қолжазбаларын қызғыштай қорғаған О.Нұрмағамбетова.
Ғалымның «Қазақ эпосын айтушы жыршы, жыраулар» атты байыптамасында, ауызша поэзияның көркемдік, композициялық құрылымын, әдіс-тәсілдерін, табиғатына тоқталмас бұрын білгір эпостанушылардың Ш.Уәлиханов, В.Карлсон, А.Ф.Лосевтердің елеулі пікірін саралайды.
Замана жыршыларының халық алдында ақиқаттың ақ семсеріндей өнерпаздық тұлғасында, жыршылық, жыраулық, шежірешілдік, әңгімешілдік болмысында, сөз саптау, ой толғау өнерінде нешеме алуан тәсілдер, сан сипатты сарын-мақамдар, дәстүрлі, тұрақты бейнелі, суретті оралымдар қолданылады. Шебер, психолог, алғыр жыршылар жырдың құлақкүйін әсерлендіріп, тыңдаушыларды жырды ұйып тыңдауға мейірлендіріп құштарландыруды, киелі қауымды өзіне бағындыруды діттейді. Бұл орайда фольклортанушы О.Нұрмағамбетова Марабай жыраудың (1843-1906) мынандай қуатты, жанды даналығынан мысал келтіреді:
Алдамшы екен бұл жалған,
Бұл жалғанда кім қалған.
Бұл жалғанның жүзінен,
Қара да өткен, хан да өткен,
Мырза да өткен, бай да өткен,
Батыр да өткен, би де өткен,
Ақын да өткен, сері өткен,
Ойлап тұрсаң, әлеумет
Шегіне мұның кім жеткен?..
Теңіздей толқыған халық жыршыларының көзін көріп, жырларын хатқа түсірген О.Нұрмағамбетова «Халық жырауы Ғылым академиясында» («Қазақ әдебиеті», 9.05.1958 жыл) атты мақаласында Рахмет Мәзқожаев (1881-1976) 1958 сол жылы ақпанда институтқа арнайы шақырылғанын айтты.
Ол 4 циклден тұратын «Көрұғлы сұлтанның Әуезханды алған сапары» (Раушанбек Көрұғлының әкесі, Көрде туған Көрұғлы, Көрұғлының Райхан арабпен соғысы, Көрұғлының Ираншахы Шағадатпен соғысы) дейтін жырды тап-тұйнақтай етіп жырлаған. Көлемі – 4465 жол. Сонымен қатар Алшынның қызы Айманкүл мен Майлықожаның айтысы. Мұны да жазып алған – О.Нұрмағамбетова. Бұл бейнебір сахналық қойылым. Жыршының шеберлігі, ішкі жан дүниесі музыкалық қабілеті әдемі баяндалады.
Рахмет жырау Мәзқожаевтың шеберлік сырларына қанық зерттеуші оның алдын ала тыңдаушыларды өзіне ыңғайластыру мақсатын:
Сөз өлшеуін білмеген,
Құр шағалаша шулайды.
...Тал жібектей таза сөз,
Еш жеріңді жырмайды –
атты терме-толғауларымен көрсетіп, сонан соң негізгі «Жыр желісіне» көшкенін көрсетеді. Мұны «халықтың жыр тыңдауы» деп атайды екен.
Асылы, халық жыршыларының жырға кірісерде белгілі бір сарын ұстанады. Мұнда тосыннан айтылған тапқырлық бар. Жырдарияның айдынында жүзген жыршылардың аузынан дүрлерді жазып алған О.Нұрмағамбетова оюлы, ойлы жыр мәйегін дәйектейді:
Кәрілерің – ескі сөз,
Еске алмай жүрмеңіз,
Әлімдерің – көзді сөз,
Көңілге алмай жүрмеңіз,
Қарияларың – қайыр сөз,
Бұрынғыдан қалған көз.
Мұндағы «көзді сөз», «қайыр сөз» – ұлт тіліндегі тосын тіркестер.
Фольклоршы Оразгүл Әмірәліқызы «Қобыланды батыр» эпосының негізгі варианттары және олардың өзара байланысы» атты еңбегінің дерегінше, Қобыланды батыр жайындағы жырлар мен аңыз-әңгімелердің саны – 26, ал 3-еуі – Қобыланды батырдың балалары хақындағы жырлар. Жалпы саны – 29. «Қобыланды батыр» жырын Марабай, Мергенбай, Біржан Толымбаев, Көшелек Еламанов (1906), Нұрпейіс Байғанин (1940), Айса Байтабынов (1941), Мұрын Сеңгірбаев (1942), Нұрсейіт Битілеуов (1954), Сүйіншалы Жаңбыршин (1958), Ережеп Тілеумағамбетұлы (1960) жырлаған. Жыршылардың ұзын саны – 25.
Бұл қаһармандық эпосымыздың толық нұсқасы 1975 жылы КСРО «Халықтары эпосы» сериясымен орыс тілінде Мәскеуде басылып шықты. Академиялық басылымды әзірлегендер: Н.В.Кидайш-Покровская, О.Нұрмағамбетова. Ғалымның айтуынша, бұл бүтін жырды 1954 жылы Құлзақ Аманкелдиннен аспирант Дәкен Шалабеков (1922-1958) жазып алған. Көлемі – 6490 жол.
О.Нұрмағамбетованың құрастыруымен (алғысөзі мен түсініктемесі бар) батырлар жырының 2-томдығы «Ақсауыт» жинағында да 1977 жылы жарияланды. (Тиражы – 100 000). Сонымен қатар «Едіге батырдың» жеті нұсқасы топтастырылып басылды.
Жинақтай айтсақ, ел әдебиеті үлгілерін жинаушы, хатқа түсіруші, зерттеп жариялаушы профессор О.Нұрмағамбетованың әдеби-ғылыми мұрасы, ұйымдастырушылық еңбегі ұлт әдебиеті тарихында көнермейді.
Серік НЕГИМОВ,
Қазақстанның еңбек сіңірген қайраткері, профессор