Мемлекет басшысы Қасым-Жомарт Тоқаев Ұлттық құрылтайдың Атырауда өткен үшінші отырысында ұлттың жаңа келбетін айқындайтын негізгі құндылықтарға тоқталды. Жиында Президент «Бірлік және ынтымақ» еліміздің басты құндылығы екенін айрықша атап өтті. Бұл тұрғыда Шымкент қаласының Қазақстан халқы Ассамблеясы халықтар арасындағы бірлікті көздің қарашығындай сақтап, ынтымақ бар жерде ырыс та, береке де болатынын іспен дәлелдеген бірегей институт екенін тағы бір мәрте еске салғымыз келеді.
Қалалық Қазақстан халқы Ассамблеясының статистикалық дерегіне сүйенсек, бүгінде мегаполистегі 1 млн 222 мыңнан астам тұрғынның 71,1%-ы қазақ, қалған 28,9%-ды түрлі этнос өкілдері құрайды. Шаһардағы ірі этностар қатарына өзбек (15,8%), орыс (6,1%), әзербайжан (1,8%), татар (0,9%) жатады. Олардан өзге шағын этностар да баршылық. Алайда саны өте аз. Үлесі небәрі 4,3%. Шымкентте халық 80-нен астам шағын аудан мен тұрғын алапта тұрады. Соның 23-інде этнос өкілдері жинақы қоныстанған.
Ең басты мәселе ретінде айтсақ, қилы тарихи жағдайлармен қазақ жеріне қоныс аударған түрлі этностардың бүгінгі буыны болашағын қазақ жерімен байланыстырып, мемлекет құраушы қазақ халқымен бірге тату-тәтті ғұмыр кешіп келеді. Осы ретте қалалық Қазақстан халқы Ассамблеясының маңайына топтасқан 17 этномәдени бірлестік ел игілігіне бағытталған бастамаларды қолдап, қоғамдық келісімді сақтауға лайықты үлес қосып жатыр.
Мемлекеттің салиқалы саясатының нәтижесінде барлық ұлт өкілі қаланың қоғамдық-саяси, әлеуметтік-экономикалық өміріне етене араласып, Шымшаһардың өсіп-өркендеуіне атсалысып келеді. Өз кезегінде қалалық ассамблея жанындағы «Ақсақалдар кеңесі», «Аналар кеңесі», «Медиация кеңесі» сынды қоғамдық құрылымдар тұрғындармен байланыс орнатып, жергілікті жердегі түйінді мәселердің алдын алу, жас буынды тәрбиелеу, дауласқан тараптарды татуластыру бағытында жұмыс жүргізеді. Мәселен, биыл жергілікті тұрғындар арасында мемлекеттік этносаясатты түсіндіру бағытында 51 кездесу өтіп, оған 5 мыңға жуық адам қамтылды. Этноәлеуметтік шиеленістің алдын алу, жергілікті проблемаларды анықтау мақсатында этнос өкілдері жинақы қоныстанған шағын аудандарда «Бейбітшілік және келісім» жобасы аясында қоғамдық қабылдаулар ұйымдастырылып, сала мамандары тұрғындардың өтініш-тілектерін тыңдады. Этностар тұратын аумақтағы 82 кәсіпкерлік нысанға зерделеу жүргізіліп, «Тіл туралы» заң талаптары түсіндірілді.
Сонымен бірге қалалық ассамблея жанындағы этномәдени бірлестіктер мен қоғамдық құрылымдардың басын бір арнаға тоғыстырған «Достық үйі» қоғамдық-көпшілік жиындар мен түрлі форматтағы іс-шараларды ұйымдастыру алаңы ретінде жүйелі жұмыс істеп келеді. Биыл І тоқсанда Шымкентте азаматтық бірегейлік пен жалпыұлттық бірлікті бекемдеу бағытында 20-дан астам іс-шара ұйымдастырылыпты.
Әсіресе жергілікті ассамблея ұйымының ұйытқы болуымен өтетін «Мың жүйрік», «Қазақ дастарқаны» сынды ортақ құндылықтарға үндейтін жобалар жұрттың көңілінен шығып үлгерді. Ақпараттық жұмыстарды жүйелеу және еліміздегі іске асып жатқан реформаларды тұрғындарға түсіндіру бағытында мекеме тарапынан 108 материал жарияланды. Саладағы проблемалар бойынша өткен кеңестердің нәтижесін қарау, қорытынды шығару үшін тиісті органдарға өтініш, тілектер жолданды. Бұдан өзге медиация кеңесі әлеуетімен этностар арасында орын алған 7 даулы мәселе бойынша тараптар медиативтік келісімге қол жеткізді.
Сондай-ақ көктем шыға еліміздің солтүстік, батыс аймақтарында болған тасқын селден келген зардапқа этномәдени бірлестік мүшелерінің де қабырғасы қайысты. Осы ретте ассамблея өкілдері жылу жинап, су басқан өңірлерге ең қажетті керек-жарақтарды жөнелтті. Жалпы, «Қайырымдылық – қайырлы іс» екенін жіті ұғынған этнос белсенділері сын сағатта қиналғандарға қолұшын созуды игі дәстүрге айналдырған. Соның айқын дәлелі, биыл су тасқынынан зардап шеккен өңірлерге гуманитарлық көмек беру мақсатында қалалық ҚХА жанынан ашылған штаб жүйелі жұмыс істеп, Атырау, Батыс Қазақстан, Солтүстік Қазақстан өңірлеріне 90 тоннадан астам гуманитарлық көмек аттандырды. Бүгінде бекеттерде жинаулы тұрған қосымша 30 тоннаға жуық материалдық көмекті тағы да су басқан өңірлердің біріне жіберуді көздеп отыр.
Мәселен, өзбек этномәдени бірлестігінің басшысы Тахирбек Нышанбаев қаладағы 14 этномәдени ұйым «бір жағадан бас, бір жеңнен қол шығарып», жылу жинауға ассамблеядан арнайы штаб ашқанын мәлімдеді.
«Президент өз Үндеуінде ең басты мәселе азаматтардың амандығы екенін жеткізді. Қазіргі таңда еліміздің 10 өңірінде төтенше жағдай орын алып, табиғи апатпен күресу үшін барлық ресурс сол жаққа жұмылдырылып жатыр. Ішкі істер, қорғаныс саласының қызметкерлері, еріктілер бәрі қазір апат аймағында жүр. Қазақстан халқы Ассамблея мүшелері, оның ішінде түрлі этномәдени бірлестік өкілдері қарап отырмай, қолдан келгенше көмек беруді ұйғардық. Еліміздің басына түскен бұл да бір сынақ шығар. Ең бастысы, осындай қиналған шақта бірлігіміз ажырамай, сабырлық сақтай білейік. Рас, апат айтып келмейді. Сондықтан бір-бірімізге жанашырлық танытып, бір атаның баласындай, бір қолдың саласындай, ұйымдасқан түрде бұл қиындықтан шығуға тырысуымыз керек. Өткен Рамазан айында да Жаратушыдан елімізге жеңілдік бере гөр деп көп дұға қылдық. Ақпейілді халықтың сол ниет-тілектері қабыл болғай. Әлбетте, осындай қиын қыстау кезеңде біз біргеміз. Күшіміз – бірлікте!», деді Т.Нышанбаев.
Айта кеткен жөн, «Жүректен – жүрекке!» қайырымдылық акциясы аясында 23 сәуір күні Шымкент қалалық ассамблея белсенділері су тасқынынан зардап шеккен еліміздің батыс өңіріне осымен бесінші саналатын гуманитарлық көмектің және бір легін шығарып салды. Бұл жолы тағы да Батыс Қазақстан облысы Орал қаласына көмек жөнелтілді. Жүк көліктер керуеніне құны 9,2 млн теңгеден асатын 25 тоннаға жуық азық-түлік өнімдері мен аса қажетті дүниелер (макарон өнімдері, күріш, қарақұмық, қант, шай, өсімдік майы, ұн, тұз, су, газдалған су, 978 қалың көрпеше және тағы басқа заттар) артылды. Бұл жылудың барлығы қарапайым жұртшылықтан жиналды.
Мұнан өзге, ел аумағында жүріп жатқан республикалық «Таза Қазақстан» экологиялық акциясына жергілікті ассамблея белсенділері жұмыла кірісіп жатыр. Қолдарына күрек, тырмаларын алып саябақтардың ішін тазалап, мекеме аумағындағы талдарды әктеп, қоқыстарды жинап, қала экологиясының тазалығына біраз еңбек сіңірді. Сонымен ассамблея мүшелері 5 аумақта өткен тазалық іс-шарасына бір кісідей атсалысып, шуақты шаһардың шырайын кіргізуге үлес қосты.
ШЫМКЕНТ