Әр қазақтың баласы «Бірлігі жоқ ел тозады, бірлігі күшті ел озады» деген мағыналы мақалды санасына құйып өсті. Сол қасиетті ұстаным тәрбиемен бойға сіңді. Сондықтан тағдырдың тәлкегімен қоныс аударған этностарды бауырына басқан бабалар жолына қиянат жасамай, ізін жалғастырып, бірлікті сақтау – аманат. Өткен мен бүгіннің арасын жалғап тұрған алтын арқау да осы.
Қазақстан үшін этносаралық келісімді қамтамасыз ету – мемлекеттік саясаттың маңызды басымдықтарының бірі. Мәдениет және ақпарат министрлігі елдегі этносаралық келісімді сақтау және нығайту жөніндегі мемлекеттік саясатты іске асыруға бағытталған жұмысты қамтамасыз етеді. Оның аясында Қазақстан халқы Ассамблеясын дамытудың 2022-2026 жылдарға арналған тұжырымдамасы іске асырылады. Уәкілетті органдар – Мәдениет және ақпарат министрлігінің Этносаралық қатынастарды дамыту комитеті, сонымен қатар «Қоғамдық келісім» РММ және «Қолданбалы этносаяси зерттеулер институты» ЖШС. «Қоғамдық келісім» РММ қызметінің мақсаты – этносаралық қатынастарды қамтамасыз ету саласындағы мемлекеттік саясатты іске асыру, Қазақстан халқы Ассамблеясының қызметін қамтамасыз ету және оның іс-шараларын өткізу.
29 жыл белесінде Қазақстан халқы Ассамблеясы өзінің дамуының бірнеше маңызды кезеңін бастан өткерді. Ілгерілеу бағыты мен міндеттер ауқымы кеңейді. Сәйкесінше, этносаралық қатынастар дамыды, азаматтық бірлік нығайды.
Бүгінде Ассамблея 4 мыңнан астам қоғамдық құрылымды қамтиды. Оның аясында 50 мыңнан астам адам елімізде бейбітшілік пен бірлікті нығайту жолында тұрақты жұмыс жүргізіп жатыр. Сонымен қатар қайырымдылық жобаларымен танылып, медиация ісін ілгерілетіп, әлеуметтік көмекке де атсалысып жүр. Мемлекет басшысы Қасым-Жомарт Тоқаевтың саясатын қолдап, Жолдаулары мен Үндеулерінің өз дәрежесінде орындалуына қызмет етіп, ұлттық мерекелерді тұрақты насихаттайды. Сондықтан Ассамблея еліміздегі ауызбіршілікті сақтап, этностар арасындағы достықтың күретамырына айналып отыр деп айтуға толық негіз бар. Мұның нәтижесі елімізде тұрып жатқан этнос өкілдері өздерін Қазақстан халқының ажырамас бір бөлігі ретінде санауы дер едік. Олардың әрқайсы болашағын елімізбен байланыстырып, мемлекетіміздің әлеуметтік-экономикалық дамуына үлесін қосып келеді. Өңірлердегі Достық үйлері жыл он екі ай белсенді жұмыс істейді.
Қазақстан халқы Ассамблеясы мен «Amanat», «Respublica», «Ауыл», Жалпыұлттық социал-демократиялық және Қазақстан Халық партиялары арасында өзара ынтымақтастық туралы меморандумға қол қойылды. Мемлекет басшысының ҚХА-ның XXXII сессиясындағы тапсырмасына сәйкес, Парламентте «Бір ел – бір мүдде» депутаттық тобы жасақталып, оның құрамына Қазақстан халқы Ассамблеясы атынан тағайындалған Сенаттың 5 депутаты енді. Басты мақсат – Президент жүктеген міндеттерді сапалы орындау аясында сындарлы алаң қалыптастыру. Ал Ассамблеяның 11 мүшесі Ұлттық құрылтай құрамында өңірлерде үлкен идеологиялық жұмыстар жүргізіп келеді. Бұл – еліміздегі консультативті-кеңесші органның жылдар бойы жасап келе жатқан қажырлы жұмысының нәтижесі.
Мемлекетте жүзеге асырылып жатқан жүйелі жұмыстың нәтижесінде еліміз әлемге бірліктің бірегей мекені ретінде үлгі бола алды. Президент Қасым-Жомарт Тоқаевтың «Egemen Qazaqstan» газетіне жарияланған «Тәуелсіздік бәрінен қымбат» атты мақаласында «Біз көпэтностық сипатымызды артықшылығымызға айналдыра алғанымыз анық. Көптеген шетелдік сарапшының елімізге қатысты «Еуразиядағы шырпы тисе лап еткелі тұрған қурай», «failed state» сияқты болжамдарын жоққа шығардық. Елде аз ұлттар ұғымы қолданылмайды. Барлық этностың құқы мен бостандығы бірдей» екенін айтты.
Қазақстан халқы Ассамблеясы әлемдік қоғамдастықта да бейбітшілік пен келісім саясатының қазақстандық тәжірибесін ілгерілету бойынша халықаралық ұйымдармен өзара іс-қимыл жасап, елдегі этностардың түпкі түбірі шыққан тарихи елдерімен байланысты дамытып, шетелдегі қазақтарды қолдап отырады. Бірлікті нығайтудың бұл моделі ЮНЕСКО мен Еуропаның қауіпсіздік және ынтымақтастық ұйымы, Азшылық ұлттар істері жөніндегі жоғарғы комиссары, Еуроодақ пен АҚШ мемлекеттеріне таныстырылып, 56 тілге аударылды. Бүгінде Ассамблеяның әлемнің дамыған 13 мемлекетінде 14 Достық елшісі бар.
Барлық этноста ата-ана, бала бірімен-бірі байланысты үштаған саналады. Бабалардан қалған «Әке – асқар тау, ана – бауырындағы бұлақ, бала – жағасындағы құрақ», деген ұлағатты сөз бар. Асқар тау асқаралы шыңымен, бұлақ қайнар көзімен, құрақ жайқалған нуымен қажет. Демек әр буынның сабақтастығы – бүгін мен болашақты көрсететін айна. Сондықтан Ассамблеяның барлық өңірлерде жұмыс атқаратын «Ақсақалдар кеңесі, «Аналар кеңесі», «Ассамблея жастары» құрылымдарының орны бөлек, қызметі құнды.
«Ақсақалдар кеңесі» өткен жылы Мемлекет басшысының тапсырмасымен құрылған. Ертеден елімізде ақсақалдар институтының алар орны ерекше болған. Ақыл мен даналықтың қазынасы ретінде қадірлеген қариялар бір әулеттің ғана емес, бір атаның мәселесін шешіп, бағыт-бағдар беріп отырған. Бүгінгі Ақсақалдар кеңесі де заман ағымына сай әлеуметтік және тұрмыстық жанжалдарды шешу, этномедиацияны жүзеге асыру, қоғамдық келісімді нығайту, жастарға тәлімгерлік практикасын енгізу және жетілдіру міндетін алған. Аз ғана уақыттың ішінде еліміздің жиырма өңіріндегі 1 119 құрылым құрамындағы 7 639 ақсақалдың белсенділігін танытып үлгерді.
Қазақта «Ана бір қолымен бесік тербетсе, екінші қолымен әлемді тербетеді» деген әдемі сөз бар. «Аналар кеңесінің» қызметі де жан-жақты дамып келеді. Бүгінде облыстық, қалалық, аудандық және ауылдық деңгейлерде және ірі кәсіпорындар ұжымдарында 16 мыңнан астам белсенді мүшенің басын қосқан 1 713 кеңес жұмыс істейді. Жұмыстың негізгі бағыты – отбасы институтын сақтау мен нығайтуға ықпал етіп, әйелдердің құқықтық сауаттылығын арттыруға, ата-ананың қамқорлығынсыз қалған балалардың мәселелерін шешуге қатысады, берекелі, үлгілі әрі тату отбасыларды насихаттайды. Бір ғана «Мәдениетті ана – мәдениетті ұлт» жобасы аясында дағдарыс орталықтары базасында әйелдердің жеке дамуы бойынша 400-ден астам семинар-тренинг ұйымдастырылды.
Ал «Ассамблея жастары» республикалық қоғамдық бірлестігі 9 мың жасты бір арнаға тоғыстырып, заманауи қызықты жобаларды жүзеге асырып жатыр. Ұйымның кешенді дамуы үшін алты магистралды бағыт анықталған. Бұл жобалар жастарды әлеуметтік қолдап, білім деңгейін арттыруға, жұмысқа орналасуға, мемлекеттік тілді үйренуге көмектеседі. Тарихи-мәдени мұраны сақтау, экология мен қоршаған ортаны қорғау, әскери-патриоттық тәрбие, медиа-жобаларды дамыту және медиа-сауаттылықты арттыру да бар.
Бірыңғай ғылыми және оқу-әдістемелік тәсілдерді әзірлеуде зияткерлік күш-жігерді біріктіру мақсатында құрылған Қазақстан жоғары оқу орындарының Қазақстан халқы Ассамблеясы кафедраларының Қауымдастығы, Ғылыми-сарапшылық кеңес, Қазақстанға инвестициялар, инновациялар мен технологияларды тарту мен бизнестің құқықтары мен мүдделерін қорғайтын Кәсіпкерлер Қауымдастығы, Журналистер клубының жұмыстарын атап өтуге болады. Әрдайым белсенділікпен алғы шепте жүретін 1 000-нан астам этномәдени бірлестік, ақпарат айдынына өзіндік жол салған 10 тілде 52 басылым шығатын этностық бұқаралық ақпарат құралы бар. Мәдениет пен өнердің қаймағына айналған ұйғыр, корей, неміс, өзбек ұлттық театрлары жұмыс істейді. Ұйғыр, корей, неміс театрлары 2017 жылы академиялық мәртебеге ие болды. Медиация кеңесі бабаларымыздың жолын жаңғыртты. Қазақ халқының дәстүрлі бір ауыз сөзбен кесімін айтқан билерінің тағылымын, әдет-ғұрып тәжірибесін қалпына келтіруге жасалған игі қадамның бірі. Оның тиімділігі уақытпен дәлелденіп те үлгерді.
Ассамблеяның консультативтік-кеңесші органы Медиация кеңестері халық көп жүгінетін құрылымдарының бірі деп айтуға болады. Жасыратыны жоқ Ассамблеяның Медиация кеңестеріне жыл сайын өтініштер үздіксіз келіп түсіп жатады. Бұл көпшіліктің медиация жайлы кеңірек хабардар болып, дауларды соттан тыс реттеуге құлықты екенін көрсетеді. Өткен жылы Медиация кеңестері 2 160 адамды қамтитын 80-нен астам іс-шара өткізді. Жалпы, Ассамблеяның Достық үйлеріндегі республикалық және өңірлік 20 медиация кабинетінде 1 294-тен астам медиатор бар. Өткен жылы ҚХА медиаторлары 9 389 өтінішті қараған, оның 2 655-і медиативтік келісімдермен, 6 488-і консультациямен шешіліп, 246-сы қарау сатысында тұр.
Айта кету керек, Мемлекет басшысының тапсырмасымен елімізде Этномедиация институты құрылып, Мәдениет және ақпарат министрлігінің Қолданбалы этносаяси зерттеулер институтының базасында Этномедиация орталығы белсенді жұмыс атқарады.
Элина МАСАГУТОВА,
«Қоғамдық келісім» РММ директоры