• RUB:
    4.91
  • USD:
    494.87
  • EUR:
    520.65
Басты сайтқа өту
Аймақтар 25 Сәуір, 2024

150 отбасы баспаналы болды

119 рет
көрсетілді

Облыс орталығындағы Жаппасбай батыр көшесі бойынан салынған көпқабатты үйден 150 отбасыға пәтер кілті табысталды. Жұртшылықтың көптен күткен қуанышына ортақтасып, тілек қосқан облыс әкімі Нұрлыбек Нәлібаев халықты баспанамен қамту Мемлекет басшысының назарында тұрған мәселе екенін атап өтті.

– Халықтың аз қамтылған тобына баспана беру, қам­қор­лық көрсету – еліміздің әлеуметтік-экономикалық даму бағдарының негізгі басымдығы екенін білесіздер. Өткен жылы аймақта 4 108 пәтерлік 300 тұрғын үй салынды, 2 400-ге жуық пәтер табысталып, 11 мыңнан аса тұрғын баспанаға қол жеткізді. Биыл бюджет қаражаты есебінен 13,3 млрд теңгеге 1 269 пәтерлік 67 тұрғын үй құрылысы жүргізіледі. Жыл басынан бері 252 отбасына пәтер кілтін табыстаған едік. Бүгін солардың қатарын 150 үйелмен толтырып, қоныстойын тойлайды. Алда «Сыр жастары» жеңілдетілген ипотекалық несие бағдарламасымен тағы да 60 шақты жас отбасы баспаналы болады, – деді облыс әкімі.

Осы жолы пәтерлер мүге­дектігі бар азаматтарға, толық емес отбасыларға, жетім балаларға берілді. Жаңа 60 және 90 пәтерлік көпқабатты тұрғын үйлерді «Сәт Сервис» және «СК Дәнекер» серіктестіктері салды. Қоныстой иелері атынан Айсұлу Ошпанова қуа­нышын жеткізсе, құрылыс саласының ардагері Ақмұрат Мадияров бата берді. Өңірдің әлеуметтік-экономикалық дамуына үлес қосқан тұрғындар мен құрылысты сапалы салуға атсалысқан мердігер мекеме қызметкерлері де марапатталды. Бүгінде Қызылорда қаласы мен аудандарда бой көтерген әлеуметтік нысандардың сәулетті, сапалы және үйлесімді болуына баса назар аударылып келеді. Құрылысқа қойылатын талаптардың бұлжытпай орындалуы да қатаң бақылауда тұр.

Жалпы, облыста құрылыс қарқынды жүріп жатыр. Қа­ланың сол жағалауынан 300 орындық жатақханасы бар 400 орындық физика-математика мектеп-интернаты бой көтеріп келеді. Осы ауданнан тарихи-өлкетану музейі ғимаратының іргесі қаланар күн де алыс емес.

Мемлекет басшысының бастамасымен қолға алынған «Жайлы мектеп» ұлттық жобасы аясында биыл 10 мектеп ел игілігіне табысталады, тағы 11-інің құрылысы басталады. Балалар мен жасөспірімдер шығармашылығын ұштайтын «Шығармашылық академиясы», Жаңақорған, Шиелі аудандарында Оқушылар үйі мен Өнер мектептері салынады.

 

Қызылорда