«Таза Қазақстан» республикалық акциясы аясында өңірдегі «Киелі мекен» апталығын түйіндеген облыстық сенбілікте аймақтағы тарихи орындар, ескерткіштер айналасы абаттандырылды. Облыс орталығында сенбілікке 2 570 адам қатысып, 500 текше метр қоқыс шығарылды.
Қызылорда қаласындағы Қорқыт ата кітабының 1300 жылдығына арналған ескерткіш, Амангелді Иманов, Жанқожа Нұрмұхамедұлы ескерткіштерінің аумағына тал тігілді. Жалаңтөс Баһадүр, Мұстафа Шоқай, Бұқарбай батыр, Ғани Мұратбаев, Саяси қуғын-сүргін құрбандарына арналған мемориалды ескерткіштері мен С.Қожанов, Ы.Жақаев мүсіндері маңы тазаланды.
Аралдықтар Балықшылар музейінің ауласын көркейтіп, Әбдіжәміл Нұрпейісов музейі аумағын тазалады. Қазалы ауданындағы Жанқожа батыр кесенесі мен Ғ.Мұратбаевтың мемориалдық музейінің аумағында тазалық жұмысы қарқынды жүрді. Жанкент қалашығы мен Бегім ана мұнарасы, Кердері кесенелерінің аумақтары да абаттандырылды. Қармақшылықтар түркі жұртына ортақ қасиетті мекен Қорқыт ата ескерткіш-кешені мен Марал ишан, Қалқай ишан кесенелеріне тазалық жұмыстарын жүргізді.
Жалағаш ауданында да Бұқарбай батыр, Екінші дүниежүзілік соғыс құрбандарына арналған ескерткіш, Түмен әулие кесенесінің маңайын ретке келтірді. Сырдария ауданының Асанас, Қышқала қалашықтары мен Қалжан ахун мешіт-медресесі аумағындағы игі бастамаға тұрғындар белсене атсалысты. Жаңақорғандықтар Қорасан ата кесенесі, Сығанақ қалашығы мен тарихы терең мәдени ескерткіштер айналасын тазартты.
«Киелі мекен» апталығы Шиелі ауданы Қаратау жотасының Бала Сауысқандық шатқалындағы Сауысқандық петроглифтері аумағында қорытындыланып, оған мәдениет, өнер саласының қызметкерлері, қоғам белсенділері, еріктілер, ауыл тұрғындары қатысты. Мыңдаған жылдар дерегін жеткізген петроглифтер маңы тазартылып, көшет отырғызылды. Апталық кезінде облыстағы тарихи-мәдени нысандарда тазалықпен қатар танымдық шаралар ұйымдастырылды.
Қызылорда