Мемлекет басшысы Қасым-Жомарт Тоқаев жақында өткен Ғылым және технологиялар жөніндегі ұлттық кеңесте «Ғылымсыз ел құрдымға кетеді. Ал ғылымы озық ел кез келген дағдарысты еңсере алады. Ғылым өркендесе, экономика да өркендейді. Яғни халықтың әл-ауқаты артады. Түптеп келгенде, ғылым азаматтардың тұрмысын сапалы, болашағын жарқын етуге тиіс», деп ерекше ой айтты. Иә, елімізде ғылымды жоғарғы деңгейде дамыту мемлекеттік саясаттың маңызды бағытының бірі болуы қажет.
Кейінгі 5 жылда ғылымға бөлінген қаржының көлемі 60%-ға өсіп, одан әрі өсе түсті. Мақсатты бағдарламалар шеңберінде көптеген ғылыми зерттеу институты мен жоғары оқу орындары заманауи жабдықтарға ие болды. Сондай-ақ жас мамандарды даярлау өз елімізде де, жетекші шетелдік ғылыми орталықтарда да белсенді жүргізіліп отыр. Мамандарды шетелде тағылымдамадан өткізу және оқыту арнайы бағдарламалар арқылы жүзеге асты. Бұл ретте, мемлекет пен қоғам бүгінде ғылымнан елдің экономикалық, технологиялық және әлеуметтік әл-ауқатын нығайтуға байланысты қайтарым күтуге құқылы.
Өкінішке қарай, әзірге Қазақстан ғылымы ел экономикасының дамуына елеулі үлес қосып отырған жоқ. Қазір отандық ғылыми зерттеулер нәтижелерінің өндіріске еніп, одан едәуір пайда келтіріп жатқаны саусақпен санарлық. Заманға сай отандық ғылыми нәтижелеріне бағдарланған өндiрiстің саны тіптен аз.
Оған бірден-бір мысал ретінде бюджет қаражатының айтарлықтай көлемiн пайдаланып, ал олардан қайтарым болмай тұрған еліміздегі биотехнология саласын айтуға болады. Кеңес одағы кезінде Степногорск қаласының базасында биотехнологиялық қорғаныстық, ішінара бейбіт мақсаттағы өнім өндіретін қуатты кәсіпорындар кешені болды. КСРО ыдырағаннан соң және де кәсіпорын конверсияланғаннан кейін бұл кешен іс жүзінде өз жұмысын тоқтатты. Өндірісті қайта жаңғыртуға мемлекет тарапынан орасан зор әрекеттер жасалды, технопарк құрылды, инфрақұрылым мен жабдықтауға едәуір қаражат бөлінді. Алайда мұның бәрі ойдағыдай нәтиже бермеді, өндіріс өз бағыты бойынша нәтижелі жұмыс істей алмады.
Кейіннен Астана қаласында Қазақстандағы биотехнологиялық әзірлемелер мен биотехнологиялық өнеркәсіптің көшбасшысы болуға арналған биотехнологиялық орталық ұйымдастырылды. Бұл орайда да ұлттық биотехнологиялық орталықтың жаңа ғимаратын салуға, оны ең заманауи жабдықтармен қамтамасыз етуге көп қаражат жұмсалды. Өкінішке қарай, бұл ретте де ғылыми жұмыстар зертханалық әзірлемелермен ғана шектеліп, биотехнологиялық өндіріс әзірше дамымаған күйінде қалып отыр. Бүгінгі ғылыми жетiстiктердiң практикаға енуінің өте төмен деңгей болып тұрғаны Президент тарапынан да әдiл сынға ұшырап отыр. Сондықтан ғылыми зерттеулердің нәтижелерін практикаға енгізу – ғалымдардың алдына қойылған мемлекет алдындағы үлкен жауапкершілік.
Президенттің былтырғы «Әділетті Қазақстанның экономикалық бағдары» атты Қазақстан халқына арнаған Жолдауын іске асыру аясында биыл 29 наурызда Парламент Сенатында «Отандық ғылымды дамыту және ғылыми-техникалық прогресс» тақырыбында сенатор Алтынбек Нұхұлының төрағалығымен дөңгелек үстел өтті. Әйткенмен, бұл отырыста еліміздің бүгінгі ғылымының дамуына терең талдау жасалмады. Тыңдалған баяндамаларда тек қазіргі ғалымдардың алдында тұрған проблемалармен ғана шектелді. Атап айтқанда, дөңгелек үстелдің аты айтып тұрғандай, ғылыми зерттеулерді түпкілікті тұтынушыға жеткізу мақсатында Мемлекет басшысының Жолдауын жүзеге асырудың іс-шаралары мен оны орындау жолдары нақты көрсетілмеді.
Осыған байланысты біз осы мақалада келтірілген ғылымдағы проблемалар туралы ғана айтып қоймай, сондай-ақ елімізде ғылыми-техникалық прогресті жеделдетуге алып келетін отандық ғылымды кезең-кезеңімен дамытудың жоспары мен өзекті проблемаларды шешу жолдарын ұсынып отырмыз. Біздің ойымызша, елімізде ғылымды дамыту және оны тиісті қаржыландыру үш негізгі бағыт бойынша жүзеге асырылуға тиіс: 1) іргелі және ізденісті зерттеулер – іргелі зерттеулер гранттарының шеңберінде; 2) қолданбалы жобалар – қолданбалы зерттеулер гранттары шеңберінде; 3) мақсатты қолданбалы бағдарламалар – ірі мамандандырылған мегагранттар және оларды коммерцияландыру шеңберінде. Яғни ғылыми нәтижелердің өнімдерін өндіріп, түпкі тұтынушыға жеткізуге бағытталған болуы керек.
Барлық ғылыми зерттеуді қаржыландыру кезіндегі ең маңыздысы мемлекет нақты міндеттерді шешуге бағытталған әлемдік ғылымның дамуының негізгі басымдығын басшылыққа ала отырып, еліміздің қазіргі талабына сәйкес ғылыми зерттеулердің негізгі бағыттары мен міндеттерін, яғни нақты айтқанда, бүгінгі күнге қандай зерттеулер қажет екендігі анықталуы керек. Бұл – ғалымдар үшін де, мемлекет үшін де маңызды. Зерттеулердің негізгі басымдықтары мен бағыттарын әзірлеу Ұлттық ғылым академиясының қатысуымен жасалып, кеңес дәуірінде болған Үкімет жанынан Ғылым және техника жөніндегі мемлекеттік комитетті қайта жандандырып, жоғарыда келтірілген бағыттарды терең талқылап, бекіткені дұрыс деп есептейміз. Бұл ұсақ-түйек, еліміздің экономикасына елеулі үлес қоса алмайтын және де «қалағанымды жасаймын» немесе «қолымнан келгенін ғана жасаймын» деп есептеген ғалымдардың зерттеулеріне шектеу қою үшін қажет.
Келешектегі қолданбалы ғылым шешімдерінің басым бөлігінің негізі саналатын iргелi және iздестiру зерттеулерiн жүргiзу қажеттiгi бүгінгі күні күмән тудырмайды. Олардың үлесі жалпы ғылымға бөлінетін қаржының 20-25%-ынан кем болмауы қажет. Негiзiнен бұл зерттеулер 200-300 млн теңге көлемiндегi гранттар есебiнен 3 жылдан 5 жылға дейiн (iргелi 5 жыл, iздестiру 3 жыл) болуға тиiс. Бұл жобалар конкурстық негізінде іріктелуі қажет, ал қаржыландыру Ғылым және жоғары білім министрлігі (ҒЖБМ) арқылы жүзеге асырылуы керек. Бұл қаржыландыру ғалымдардың шағын ұжымдарының (7-15 адам) жұмысын және зерттеулердің ағымды шығындарын (жалақы, материалдар, ұсақ жабдықтар, жарияланымдар, іссапар шығыстары) төлеуді қамтамасыз етуі қажет. Мұндай жобаларды орындау нәтижелері республикалық, жоғары рейтингтік журналдарда жарияланымдармен, патенттерге өтінімдермен, патенттермен және т.б. көрсетілуге тиіс.
Ал қолданбалы зерттеулер қолданбалы жобалар шеңберінде, сондай-ақ ірі қолданбалы мақсатты бағдарламалар шеңберінде қаржыландырылуы қажет. Қолданбалы жобалар қолданбалы гранттық зерттеулер шеңберінде орындалуы керек, оларды қаржыландыру ғылымға бөлінетін қаржының жалпы сомасынан 20-25%-дан кем болмауы керек, ұзақтығы 3 жылдан 5 жылға дейін болғаны дұрыс. Қолданбалы жобалар ҒЖБМ және мүмкіндігінше бейінді министрліктердің қаражаты есебінен қаржыландырылуға тиіс. Қолданбалы жобалардың мақсаты нақты өнiмдердi, препараттарды және оларды өндiру технологияларын әзiрлеу, эксперименттiк модельдер жасау, эксперименттiк үлгiлер алу, монографиялар, әдiстемелiк ұсынымдар, нұсқаулар дайындау және т.б. болуы керек. Ал қолданбалы жобалар да іргелi зерттеулердiң жобалары сияқты конкурстық негізінде ҒЖБМ және бейiндi министрлiктер қалыптастыратын мамандандырылған арнайы тапсырмалары бойынша iрiктелуге тиiс. Қолданбалы жобаларды қаржыландыру көлемі 200-300 млн теңгені құрауы қажет. Конкурстық құжаттамада іргелі және қолданбалы жобалардан күтілетін нәтижелердің нақты аражігі ажыратылып көрсетілгені дұрыс.
Қолданбалы зерттеулерде – инновациялық отандық жоғары технологиялық өнімдерді жасауға және олардың өндірісін ұйымдастыруға бағытталған ірі мақсатты бағдарламаларға басты назар аударылуға тиіс. Мұндай мақсатты бағдарламаларды қаржыландыру елдің даму жоспарына сәйкес келетін және қоғамның ең өзекті мәселелері мен қажеттілігін ескере отырып қалыптастырылатын мемлекеттік тапсырыстар негізінде жүзеге асырылуы қажет. Мемлекеттік тапсырыс негізінде техникалық тапсырмалар арқылы қалыптастырылуы керек. Сондай-ақ мұндай бағдарламаларға міндетті талап, ол «Әзірлемелер және өндірісті ұйымдастыру» болуы және ол бағдарламаның атауы мен міндеттерінде де нақты көрсетілуге тиіс. Ірі мақсатты бағдарламаларға ғылымды қаржыландырудың жалпы көлемінің 50%-ға дейінгі мөлшерін қарастырып және осы бөлінген қаржының белгілі бір мөлшерін ғылыми зерттеулер нәтижелерін коммерцияландыруға бөлген дұрыс. Қазіргі уақытта мақсатты бағдарламаларды түпкілікті қарау жұмыстары Үкімет жанындағы Жоғары ғылыми-техникалық комиссияға (ЖҒТК) жүктелген, алайда бұл жерде мемлекеттік тапсырыс құрылымын пысықтау емес, тек ҒЖБМ ұсынған шешімдерді бекіту ғана жүзеге асырылып отыр. Сондықтан мемлекеттік тапсырысты әзірлеуге және оны қоғамның үнемі өзгеріп отыратын қажеттіліктеріне қарай жүйелі түрде түзетуге жауапты мамандандырылған министрлікке қарамайтын арнайы ұйым бекіткен дұрыс. Мақсатты бағдарламаларға ең кем дегенде 5 миллиард теңге және де одан жоғары қаржы бөлінуге тиіс. Мұндай бағдарламалар республика бойынша жылына 30-40-тан аспауы керек, ал қазір 100-ден аса бағдарлама орындалып жатыр. Мақсатты бағдарламаларға қойылатын негiзгi талап – отандық өнiмдi және өндiрiс технологиясын әзiрлеу, мемлекеттiк ұйымдардан барлық құқықтық және рұқсаттық қажетті құжатты алу, әзірленген өнiмдердi өндіріске шығаруға арналған iрi құрал-жабдықтарды сатып алу, яғни ел экономикасына нақты үлес қосу үшiн өнiмдер мен технологияларды өндіріске енгізіп, оны коммерцияландыруға бағытталған. Бағдарламаның орындалу нәтижесi қатаң бақылануға тиiс және қойылған мiндеттердi орындамаған жағдайда мекеме ұйымдар басшыларынан және бағдарламаның ғылыми жетекшілерінен жұмсалған қаражаттың кемiнде 50%-ын мемлекетке қайтаруды талап ету қажет. Сондай-ақ бұл бағдарламалар біткеннен кейін, олардың нәтижесін, яғни өнімін өндіріске енгізіп, сатылымын да қатаң бақылау керек.
Қазір «Ғылым қоры» АҚ арқылы ғылыми зерттеулерді коммерцияландырудың жекелеген жобалары жұмыс істейді. Коммерцияландыру жобаларының басты мақсаты – ғылыми әзірлемелердің нәтижелерін іс жүзінде қолдануға жәрдемдесу, оларды нарыққа шығару және табыс табу. Мұндай жобалар технологиялық желілерді іске қосуға, жабдықтарды сатып алуға, эксперименттік өндірісті ауқымды өндіріске айналдыруға, өнімдерді сатуды ұйымдастыруға бағытталған. Қазіргі уақытта коммерцияландыру жобаларын қаржыландыру Ғылым қорының қаражаты есебінен жүзеге асырылады. Сонымен қатар жобаны орындаудың барлық мерзіміне 300-350 миллион теңге ғана қаражат бөлінеді. Бүгінде бұл сомма коммерцияландыру проблемаларын шешу үшін жеткіліксіз.
Сондай-ақ коммерцияландыру жобаларына жеке серіктес тарапынан қоса қаржыландыру талабы қойылады, бұл ретте әртүрлі қатысушыға әртүрлі талап қойылған. Мұны орынсыз деп есептейміз. Жеке серіктес тарапынан қоса қаржыландыру меншік нысанына қарамастан, (мемлекеттік кәсіпорын, стартап-компания, жеке құрылым) барлық конкурсқа қатысушы үшін талап бірдей болуға тиіс, себебі аталған ұйымның барлығы да мемлекет үшін қызмет етеді. Жоғарыда аталған мегагрант бағдарламада көрсетілгендей, коммерцияландыруды, сол бағдарламаның функциясына кіруіне байланысты ғылым қорынан коммерциялануды алып тастаған жөн. Бұл өз кезегінде мемлекеттен бөлінген қаржыны да үнемдеуге әкеледі. Соған қоса ғылым қоры қаржыландырып, коммерцияландыруға бөлініп отырған қаржының кейінгі бірнеше жылдың қорытындысы бойынша елеулі нәтиже бермей отырғаны белгілі.
Осы ғылыми зерттеулердің нәтижелері жоғарыда көрсетілген барлық кезеңнен өткенде ғана тұтынушыға жететінін тағы да атап өткім келеді: 1) түбегейлі жаңа шешімдерді, іргелі зерттеулердің негізінде, олардың әсер ету механизмдерін дәлелдеуге бағытталған іргелі зерттеулер және т.б.; 2) зертханалық жағдайларда іргелі зерттеулердің нәтижелерін практикамен тікелей байланыстыратын қолданбалы зерттеулер (жаңа өнімдерді, препараттарды, технологияларды және т.б. әзірлеу); 3) ғылыми әзірлемелерді өнеркәсіптік ауқымға дейін жеткізу – өнеркәсіптік үлгілер мен оларды өндіру технологияларын жасау, өнімнің ауқымды өндірісін ұйымдастыру, оны нарыққа шығару (коммерцияландыру). Зерттеулердің мұндай циклі үзілмей кемінде 10 жылды, ал медицина үшін кемінде 15 жылды құрауға тиіс. Сол кезде ғана дайындалған әзірлемелер толығымен сынақтан өтіп, өндіріске ену арқылы ел экономикасына елеулі үлесін қоса алады.
Ғылыми жобалар мен бағдарламаларды қаржыландыру барысында, оларды іріктеу кезіндегі өте маңызды кезең, ол – ғылыми сараптама жүргізу. Қазіргі уақытта ғылыми сараптаманың ұйымдастырылуы мен сапасына қатысты күмән келтіретін жағдайлар аз емес. Соңғы конкурстардың тәжiрибесi көрсеткендей, ұлттық мемлекеттік ғылыми-техникалық сараптама орталығының (ҰМҒТСО) сараптамасының қазiргi құрылымы тиiмсiз. Өйткені сараптама әділетсіз әрі баяу жүргізіледі және де тым қымбат. Гранттық қаржыландыру жобаларының, сондай-ақ мақсатты бағдарламалардың ғылыми сараптамасын ұлттық ғылым академиясы базасында ішінара немесе толық жүргізу орынды деп есептейміз. Президент жанындағы ұлттық ғылым академиясының бөлімдері жанынан ғылым бағыттары бойынша құзыретті ғалым-мамандардан бейінді сараптамалық кеңестер құрған абзал. Сараптамалық кеңестер сараптаманы жүзеге асыру үшін қосымша мамандарды тартуы керек, бірақ олардың біліктілігін және қаралатын жұмыстардың бейініне сәйкестігін міндетті түрде ескеру қажет. Ғылыми ұсыныстардың соңғы нүктесін, ҰҒА жанындағы ғылым бағыттары бойынша жұмыс істейтін ғылыми кеңестер жүзеге асыруға тиіс. Ұлттық мемлекеттік ғылыми-техникалық сараптама орталығының құрылымына формальды белгілер бойынша ұсыныстарды тексеру, орындалатын жобалар мен бағдарламаларды техникалық сүйемелдеу, сонымен қатар олардың орындалуын бақылау функцияларын қалдыру қажет.
Жоғары білікті мамандар – ғылыми жобалар мен бағдарламаларды табысты жүзеге асырудың және оларды практикаға енгізудің ең маңызды шарты. Кейінгі жылдардағы тәжірибе көрсетіп отырғандай, диссертациялық кеңестерді ғылыми зерттеу институттарынан университеттерге беру өзін толығымен ақтай алмай отыр. ҒЗИ базасында бұрынғысынша жоғары білікті мамандардың басым бөлігі жұмыс істейді, олардың саны университеттерге қарағанда әлдеқайда көп. Көптеген ғылыми зерттеу институтында толыққанды зерттеу базалары бар, сондықтан университеттер докторанттары мен магистранттарының ғылыми жұмыстарын орындау үшін аталған ғылыми базаларды жиі пайдаланады. Университеттер базасында бұрыннан жұмыс iстейтiн кеңестердi сақтай отырып, ҒЗИ базасында диссертациялық кеңестердiң қызметiн қалпына келтiру, не бiрлескен диссертациялық кеңестер құру орынды. Сондай-ақ болондық білім беру жүйесін сақтай отырып, PhD докторантураның шеңберінен тыс, ҒЗИ базасында диссертациялық кеңес бекіткен тақырып бойынша диссертациялық жұмыс орындалуы мүмкін болатын ізденушілік институтын жаңарту мәселесін қарастыру қажет деп есептейміз.
Сонымен қатар медицина мен ауыл шаруашылығына арналған фарм және биопрепараттар жасау жөнiндегi отандық әзiрлемелердiң мәселелеріне жеке тоқталған жөн деп есептейміз.
Қазақстанға импорттық дәрілік заттардың орасан зор ағыны келіп отыр. Сонымен қатар қазір елімізде медициналық препараттардың жеке өндірісі 13%-ды ғана құрайды. 2022 жылы елімізде 97 фармацевтикалық өндіруші компания жұмыс істеді, оның ішінде 34-і дәрілік заттар (ДЗ) өндірісіне мамандандырылған, 63-і – медициналық бұйымдар (МБ) өндірушілер. Бірақ бұл жерде осы өндірушілердің барлығы шетелдік субстанциямен (шикізат) жұмыс істейтінін атап өткім келеді, яғни отандық өндіріс тек фасовка үдерісімен ғана шектеледі. Бүгінгі таңда отандық, бірегей, мемлекетімізде тіркелген, Қазақстанның өз субстанциясынан толыққанды өндірілген дәрілік заттар тек бірлі-жарым ғана.
Сондай-ақ ауыл шаруашылығына арналған отандық биопрепараттарды өндіру де айтарлықтай жолға қойылмаған. Тұқымдық материалдың орасан зор жетіспеушілігінен шаруашылықтар тұқымды шетелден сатып алуға мәжбүр. Бұл ретте импорттық тұқымдық материалдың 50% -ға дейін мөлшері саңырауқұлақ және бактериялық өсімдік ауруларының қоздырғыштарымен залалданған. Соған қоса карантиндік арамшөптер тұқымдары да тоқтаусыз өсіп жатыр. Бұл, өз кезегінде өнімнің 40- 50%-ға дейінгі мөлшерінің жоғалуына әкеліп отыр. Сондай-ақ ауыл шаруашылығы дақылдарының өнімділігін арттыру, органикалық егіншілікті кеңейту, мал шаруашылығының азықтық базасын нығайту, ауыл шаруашылығы дақылдарының ауруларымен күресу сияқты ірі проблемаларды шешу – отандық ғалымдардың басты міндеттері. Қазір ауылшаруашылық министрлігіне қарасты карантиндік мекеме өз дәрежесінде қызметтерін атқара алмай отыр. Ауыл шаруашылығы министрлігі карантиндік мекеме елімізге сырттан әкелінетін биопрепараттар мен ауылшаруашылық тұқымдық дәндерінің сапасын қатаң бақылауы қажет және де бұрын болған тұқым инспекциясын шұғыл қайтадан жандандыру керек. Осындай өте маңызды проблемаларды шешуге отандық ғалымдардың күш-жігері бағытталуы және мемлекет тарапынан қолдау көрсетілуге тиіс.
Осылайша, ғылым қоғамға нақты пайда әкелуі қажет. Қазiргi уақытта елімізде ғылыми зерттеулердi жай орындап шығу ғана емес, сондай-ақ олардың нәтижелерін өндіріске енгізу арқылы экономикаға тікелей пайда тигізе отырып, халқымыздың әл-ауқатын жақсартуға мүмкіндік жасайтын зерттеулер керегі анық. Осы жоғарыда айтылған мәселелерді ескергенде ғана ғылым қоғамға өз нәтижесін береді. Сонымен қатар ғылыми зерттеулердің тиімділігін және оның практикалық нәтижесін арттыру барысында зерттеуші ғалымдардың ой-өрісін де бүгінгі нарықтық заманға байланысты өзгерткен абзал. Ғылыми әзірлемелер тек сөреде шаң басып жатпай, еліміздің игілігі мен табысты дамуының нақты құралы болуға тиіс.
Аманкелді САДАНОВ,
Микробиология және вирусология институтының бас директоры