Алтай тауын аралаған сайын Асқар Алтайдың «Альпинист» деген әңгімесіне арқау болған Құзғынды шыңын іздейміз. Марқакөлдің маңынан дараланған шың көрсек болды, Құзғынды шығар деп топшылаймыз. Әлгі шыңға аңсарымыз ауады. Қарап тұрып, әңгімедегі жантүршігерлік оқиғаны елестетеміз.
Әңгіме сюжеті шытырман оқиғаға толы болғанымен, көркем әрі жеңіл жазылған. Қолыңызға алсаңыз, бір демде-ақ оқып шығар едіңіз. Жазушының сөз арасына сынадай қағып жіберген жұп-жұмыр теңеулеріне таңдай қағып, бас шайқайсыз. Жалпы, Асқар Алтайдың қай әңгімесін алып қарасаңыз да ерекше. Құзғынды шыңындай дараланып тұрады. Тақырыптарына дейін айрықша. «Кентавр», «Киллер сауысқан», «Таганка», «Селебе» деген секілді тақырыптарды өзге жазушылардан кездестіріп көріп пе едіңіз?
«Альпинист». Мазмұнына қысқаша тоқталайық. Алматыда, тас қалада даланы аңсап жүрген Тайшын түс көрген. Түсіне биік шың кірген. Қай шың екені есіне түспей, қаланы бір айналып үйіне келсе, сегіз жасар баласы «Күршімнің сулары, Құзғынды шыңдары... Қайыңдай қыздары, қарағай ұлдары» деп, әндетіп жүр екен. Сонда ғана ойына Құзғынды шыңы сақ ете қалған. Бұл биік Алтайдың ең биік нүктесі Мұзтаудан кейінгі асқар шыңдардың бірі деседі. Сөйтіп, тау десе ішкен асын жерге қоятын Тайшын жанына серік іздеген. Туған жеріне сапарлап барып қайтқысы келген. Ондағы ойы аулында аунап-қунап жату емес. Адам аяғын қойып, түз тағысы биігіне бармақ баспаған Құзғындыны бағындыру еді. Жо-жоқ, тау жан баласына бағынбайды. Биігіне шығып қайтуға ниеттенген. Жас кезінде барыс қуып жүріп, ортан беліне дейін шығыпты да. Одан әрі аса алмаған көрінеді. Ол үшін альпинистің асай-мүсейі керек еді. Сөйтіп, араға ондаған жыл салып, қайта ниет қылған. Қасына ес болатын сапарлас іздеп жүріп, ойына Сұңғат есімді студент түскен. Ол бала да биік тау көрсе, ұшарына шыққанша асығады. Екеуінің ойы бір жерден шығарын біліп, Сұңғаттың жатақханасына жетіп барған. Албырт жігіт ұсынысты бірден қабыл алып, екеуі кафеде жол жоспарын құрысқан. Ой бір жерден шыққан соң жоспар құру да оңай. Мұндай сапарға топтасып емес, екеулеп, болмаса жалғыз жөнелген абзал шығар. Әйтпегенде ондаған адамның ойы да он түрлі. Жан-жаққа тартып, ымыраға келісе алмай уақыт өлтірер еді.
Сөйтіп, қос жолаушы Алматыға қош айтысып, Алтайға аттанған. Мыңдаған шақырымды басып өтіп, түн іші Бұқтырма суқоймасына жетіп тоқтайды. Екі жағаны жалғап жүрген паром таңғы жетілерден бастап қана қозғалады. Сондағы жазушының теңеуі қандай?! «Таспиықтың тасындай тізілген көліктер» дейді. Рас, Күршім өткеліне қашан барсаңыз да, жағада кезек күткен көліктерге көз түседі.
Құзғындыны маңдайға алған екеуі Бурабай, Қойтастан асып, Маралдыға жетіп жығылған. Мұнда бір-ақ күн қонып, ертесінде жолбастаушы жергілікті жігітті алдарына салады. Сөйтіп күн жүріп, Құзғындының иек тұсына жетіп түнеген. Тәкаппар тау осы жерден-ақ мінезін көрсеткен. Түнімен боран соғып, мазаларын қашырған. Мұзға төселген шатырды жұлып ала жаздаған жел ышқына соққан.
Рас, таудың рухы басқа. Тау адамды кейде тәрбиелейтіндей көрінеді. Жазушы да соны айтқысы келген секілді. «Нағыз адамдық асыл қасиет тау басында ғана оянады...» деген ой келді Тайшынға. Таудағы достық бәрінен биік. Таудай биік, таудай қатал, таудай төзімді. Таудан төмен түскен жерде пендешілік бой көтереді. Төменде «достық» дегеннің өзі «қастық» дегенмен қатар жүреді. Ойда достыққа да, қастыққа да орын бар. Тауда орын жоқ. Тау – тарпаң» деп жазады Асқар Алтай.
Иә, адамның адамдығы, достың достығы жолда сыналады. Ал тау мүлдем бөлек. Нағыз сын осында. Құзғындыны бетке алған екеуі бір-біріне қабақ шытқан жоқ. Ентігіп тұрып, ыммен сөйлескен сәттері де бар. Атпен, одан әрі жаяу-жалпы дара шыңға сына қаққан, өрмелеп жүріп, шыққан. Биігіне Қазақстанның алақандай туын тіккен. Шыңның төбесі тақиядай ғана екен. Екеуі қатар тұрып, риза көңілмен рахмет айтысқан. Жан-жағына түу биіктен қараған. Жетуі жетіп, Тайшынның арманы орындалғанымен, төмен түсіп бара жатқанда ғой, көксеңгір мұзда Сұңғаттың аяғы тайып, екеуі бір арқанда салақтап тұрып қалған. Төмен жағы шыңырау. Сонда Тайшын шынашақтай арқан екеуін көтермейтінін біліп, қиып жіберген. Арқанды ғана емес, өз өмірін солай шың басында қиып жіберген. Арманы орындалғанмен, адам баласында арман таусылсын ба?!
Тауға шын ғашық адамға жолдың қиындығы, таудың биіктігі кедергі емес. Бір сәтке ауру-сырқауды, шаршауды да ұмытады. Арман жолында өліп кетуге де дайын екен. Неткен құдірет?!