Елімізде «Бірлік жүгірісі» республикалық жартылай марафоны өтті. Саламатты өмір салтын қолдайтын іс-шара бір мезетте 15 өңірде басталып, 15 мыңға жуық спортшы қатысты. Желаяқтар түрлі қашықтықта бақ сынады. Алдымен 21 шақырымға жүгіретін спортшылар жарыс жолына шықты. Одан кейін марафоншылар қала көшелерімен жүгіріп өтті. Ал балалар 1 шақырым қашықтықта жарысты.
Марафон Қазақстан халқының бірлігі күні қарсаңына арнайы ұйымдастырылды. Оған Қазақстан халқы Ассамблеясы бастамашы болды. Сондай-ақ Астана қаласының триатлон федерациясы мен Туризм және спорт, Мәдениет және ақпарат министрліктері де ұйытқы болды.
– «Бірлік жүгірісі» – Қазақстан халқы Ассамблеясының «Біз әртүрліміз, бірақ теңбіз» қағидасын негізге алды. Мұның бәрі мереке қарсаңында халқымыздың бірлігін нығайтуға, ынтымағымызды көрсетуге, саламатты өмірді қалыптастыруға үлесіміз деп санаймыз. Жарысқа 15 мың адам қатысып отыр, елімізде мұндай көлемде жүгіріс бұрын-соңды болған емес. Сондықтан іс-шараны енді жыл сайын өткізуді ойластырамыз, – деді ҚХА төрағасының орынбасары Марат Әзілханов.
Елордада таңғы 7:00-де басталғанына қарамастан, 2 мыңға жуық адам жарыс жолына шықты. Жүгіру бәсекесіне қала тұрғындарымен қатар, Парламент депутаттары, Астана қаласы әкімінің орынбасары Есет Байкен, Астана қаласының Дене шынықтыру және спорт басқармасының басшысы Василий Левит, республикалық және астаналық этномәдени бірлестіктердің, жастар және еріктілер ұйымдарының, спорт федерацияларының, жүгіру клубтарының өкілдері қатысты. Айта кетерлігі, биыл алғаш рет жас спортшылар бір шақырым қашықтыққа жарысты.
– Ата-анам жеңіл атлетикамен кәсіби түрде айналысады. Әрине, мен де олардан қалыс қалмаймын. Жарыстарда өз қатарластарыммен бірге сайысқа түскен ұнайды. Мен үшін жеңімпаз болу міндетті емес. Уақытқа да қарамаймын. Бастысы – жүгіруден ләззат аламын, – деп, 9 жастағы Маркус атты жас қатысушы өз ойын білдірді.
Мәреге жеткендердің барлығына естелік медаль берілді. Ал жеңімпаздар жас санаттары бойынша бағалы сыйлықтармен марапатталды. Жарыс аясында барлық қажетті қауіпсіздік шаралары қамтамасыз етіліп, кәсіби мамандар төрешілік етті.
– Саламатты өмір салтын насихаттау мақсатында елордамызда ересектерден 1 500, балалардан 300-дей қатысушы жиналды. Былтырғы жарысымызда тек 500 метр, 2,5 және 5 шақырымды құрап, 250-дей ғана спортшы жарысқан еді. Енді көріп отырғанымыздай, 1 жылдың ішінде 10, 21 шақырымды да қосып, қатысушылардың қатары 6-7 есеге артты. Ересектерден бөлек, 6-17 жастағы балалар 1 шақырым жүгіреді. Бұл – жақсы дәстүр. Өйткені бала ата-анасының айтқанын емес, көргенін істейді. Тағы бір жақсы жаңалығымыз – трасса халықаралық жеңіл атлетика федерациясы тарапынан мойындалған. Яғни осы көрсеткішпен өзге де ірі халықаралық марафонда бақ сынауға болады. Мұнымен тоқтап қалмаймыз. Келер жылы толыққанды 42,1 шақырымды енгізсек дейміз, – деді Астана қаласы триатлон федерациясының президенті Евгений Больгерт.
Іс-шара соңында қатысушылар «Таза Қазақстан» акциясы аясында сол маңдағы қоқыстарды тазалап кетті.
– Айналамдағы достарым жүгіруге ықпал етті. Олар: «Жүгірудің еш қиындығы жоқ, арнайы залды қажет етпейді. Кез келген уақытта аяқкиім киіп, бастай бересің» дегеннен кейін, жүгіруге бел будым. Сәуір айында ең алғаш қолға алып, 5 шақырымға тіркелдім. Қорқыныш болды. Мәреге жете алмай, ұят бола ма деп ойладым. Құдайға шүкір, 35 минутқа жеткізбей, қашықтықты бағындырдым. Осының өзі жетістік болғанымен, 20-25 минутта жүгіретіндерге қызығып, мен де осылар секілді болсам деген жоспарым бар. Саламатты өмір салтын ұстанумен қатар, «Таза Қазақстан» акциясында айналадағы қоқыстарды да жинауға өз үлесімді қостым. Ерте тұрғанның нәтижесінде қоғамға да септігімді тигіздім деп ойлаймын, – деді Астана қаласының тұрғыны Өркен.