Ақтөбе облысында жаппай ағаш отырғызу акциясына мемлекеттік органдар қызметкерлері, облыстық және қалалық мәслихат депутаттары, кәсіпкерлер, ЖОО оқытушылары мен студенттері, ірі кәсіпорындар ұжымы қатысып, бір күнде 7 мың көшет екті.
«Жасыл ел» жастар еңбек жасағының мүшелері «Туған қалаңа ағаш сыйла!» акциясы аясында «Триатлон» саябағында 60 жас терек отырғызса, «Анаға тағзым» орталығының айналасына құрылыс компаниялары 25 шырша, Алтын орда шағын ауданындағы Мұстафа Шоқай және Халел Досмұхамедов атындағы көшелердің бойына облыстық басқармалар мен қалалық бөлімдердің қызметкерлері 650 тұт ағашын отырғызды.
Сенбілік жексенбіде де жалғасып, облыстық соттың судьялары мен департамент қызметкерлері ғимарат жанындағы гүлбақтарды қоқыстан тазартып, арық-атыздарды ретке келтірді. Бұл күндері аудан тұрғындары да көгалдандыру жұмыстарына ерекше ынтамен кірісті. Мәселен, Шалқар ауданының орталығында 20 гектар аумаққа ағаш көшеттері отырғызылып, Екінші дүниежүзілік соғыстың майдангері І.Үргенішбаев ескерткішінің айналасы абаттандырылды. Қобда аудандық ардагерлер кеңесінің мүшелері ағаш отырғызу акциясында жастарға үлгі болды. Ақтөбелік дәрігерлер мен кіші медицина қызметкерлері ауруханалар мен емдеу мекемелерінің ауласына 1 500 көшет отырғызды. Жалпы, сәуірдің соңғы онкүндігінен бері Ақтөбе қаласындағы көпірлер, белгілер, қоршаулар, аялдамалар, ескерткіштер шаң-қоқыстан тазартылып, жуылды.
Ақтөбе облысы