Немерем бес жасқа толғанда сүндетке отырғызып күпініп жүріп, өзімнің мұсылман болған кезім еміс-еміс есіме оралды... Атамның екі езуі екі құлағында, айналып-толғанып көрімдіктен жиналған тиын-тебенге өзінің қалтасына атам заманда «еніп кеткен» «көкала қойларын» қосып: «Бәрі өзіңдікі, апаңды алып аудан орталығына барып келіңдер. Армансыз аралаңдар, бәрін көріңдер, керегіңді ал, дегенің болсын» деген.
Не керек, талтаңдауым тыйылған күні орталықта ойран-асыр салдым-ай кеп... Кинотеатрға барып кең экраннан «Фантамастың» екі сериясын тапжылмай отырып көрдім... Балмұздақтың бесеуін тоғытамын деп тамағым қырылдап қалғаны бар... Бақандай екі қабатты дүкеннен жарты қап ауылда қат дүниені арқалап шығыппын... Ойхой, жиналған тиын-тебен велосипед алуыма жеткендегі қуанышымды айтсаңшы...
Күпініп-желпініп отырып немеремнің алдына іш қалтамнан көкала «көгенкөздің» біразын шытырлатып тастап:
– Бәрі өзіңдікі, біз бара алмаймыз, әкең мен шешеңді алып облыс орталығына барып келіңдер. Облыс жақындағы аудан емес, немерем пойызға мінсін... Кинотеатрдан әлгі шетелдің мықты киноларын көрсін... Міндетті түрде паркке апарыңдар, армансыз араласын. Қасқыр көрсін, түйе мінсін, жолбарыстың жанында суретке түссін... Қолын қақпаңдар, алатынын алып қайтсын, – деп немеремнің басынан сипап едім:
– Ата, әжем де, папам да, мамам да ақша берді... – деп әңгімесін айтты. – Облыс емес, Астанаға барамын... Пойызбен қайтарда жүк алып қайтамыз, барарда ұшақпен ұшамыз... Бірден «Мегаға» барамын... – дегенін түсінбей әкесіне иек қағып едім: «Мега» – балаға керек-жарақты ішіне сыйғызған әмбебап кешен» деп түсіндірді.
– Ата, ойын автоматты шаршағанша ойнаймын... Паркті, зоопаркті теледидардан-ақ көріп алғанмын... Киноның неше түрін үйдегі видикпен-ақ тамашалап біткенбіз... Өзіме лайықты, ішінде радиосы да, музыкасы да бар ұялы телефон алайыншы..? – деді.
– Ала ғой құлыным, – деп әке-шешесіне көз тастап едім, болады дегендей бас изеп келісім берді.
– Ата, енді екі жылдан соң мектепке барамын ә? – дейді риза болған немерем.
– Барғанда қандай!
– Әріпті білемін, оған дейін оқитын боламын, мектепке барғаныма компьютер әпересіз бе?
– Әпереміз, күнім...
– Бесінші сыныпты кілең беске бітірсем, мотоцикл мінгізесіздер ме?
– Мінесің, құлыным.
– Мектепті бітіргенде машина әперсеңіз, апам екеуіңізді Астанаға апарып келемін.
– Сол күнге жеткізсін, дегенің болады...
...Қайтейік, ұрпақ «үні» осы, тек аман болып, шөберемді сүндетке отырғызып оның да «үнін» естіп барып алжып кетсек арман жоқ-ау...
Берік САДЫР