Еркін күрестен ұлттық құрама командасының бас бапкері Мадияр Құрамысов 9-12 мамыр аралығында Түркияның Ыстанбұл қаласында өтетін соңғы лицензиялық турнирде қай шәкірттеріне сенім артатынын ресми түрде жария етті. Олар – Рахат Қалжан (57 кг), Адлан Асқаров (65 кг) Нұрқожа Қайпанов (74 кг).
Бапкерлер таңдауы
Былтыр күзде Сербияның астанасы Белградта жалауы желбіреген әлем чемпионатында осы күрес түрін серік еткен сайыпқырандар екі жүлде жеңіп алған еді. Тарихи алтынға 92 кг салмақтағы Ризабек Айтмұхан қол жеткізіп, күллі Алаш жұртын қуанышқа бөледі. Еліміздің еркін күрес тарихында бұған дейін бірде-бір отандасымыз осындай орасан зор табысқа қол жеткізген емес. Сол белесті Ризабек бағындырды. Бірақ оның өнер көрсеткен салмағы Олимпиаданың бағдарламасына енбеген. Сондықтан да Айтмұхан Парижге баратындардың тізіміне қосыла алмады. Дәл сол қарт Дунайдың жағалауында 86 кг салмақта сайысқа түскен Азамат Дәулетбеков қола медальды иеленді. Осы жетістігінің арқасында қандасымыз лицензияға иелік етті.
Сәуір айының бел ортасында Бішкекте екі бірдей дүбірлі дода өтті. Осы жарыста отандық еркін күрес шеберлері айшықты өнері, толағай табысымен сан мың жанкүйерді қуантады деп үміттенген едік. Өйткені былтыр Астанада ұйымдастырылған сары құрлықтың басты додасында 4 алтын, 2 күміс, 1 қоланы олжалаған ел құрамасының жалпы командалық есепте жеке-дара көш бастағаны есімізде. Бірақ Алатаудың арғы бетінде үкілі үміт ақталмады.
Азия чемпионатында бар-жоғы 1 алтын, 2 күміс, 1 қоланы қанағат тұттық. Сол кезде «Бұл додаға негізінен қосалқы құрамдағы балуандар қатысты, ал негізгі күшті лицензиялық турнирге сақтадық» деп ақталдық. Алайда Олимпия ойындарының жолдамалары сарапқа салынған аламанда Ерасыл Мұхтарұлы (57 кг), Майыс Әлиев (65 кг), Нұрқожа Қайпанов (74 кг) жарты жолда сүрінді. Олардың алғашқы екеуі – жастар буынының өкілдері. Жарайды, «Ерасыл мен Майысқа тәжірибе жетіспеді» дейік. Ал Нұрқожаға не болды? Ол талай дүрмекті көрген сақа спортшы, әлем чемпионатында күміс алып, екі рет Азия чемпионы атанды. Бірақ жауапты жарыста Қайпановтан қайыр болмады. Нәтижесінде, отандастарымыздың арасынан Әлішер Ерғали (97 кг) мен Юсуп Батырмұрзаев (125 кг) қана Париж Олимпиадасында күш сынасу құрметіне бөленді. Сөйтіп, қазіргі кезде еліміздің еркін күрес шеберлерінде үш жолдама бар. Санаулы күндерден кейін Рахат Қалжан, Адлан Асқаров, Нұрқожа Қайпанов сынды сайыпқырандар Анадолы еліне аттанады. Ал сол балуандар жайында біз не білеміз?
57 кг салмақта күресетін Рахат Қалжан – 25 жаста. Ол 2022 жылы Ұланбатырда Азия чемпионатының күміс жүлдегері атанды. Жамбыл облысының тумасы финалда Токио Олимпидасының күміс, әлем чемпионатының қола жүлдегері, құрлық біріншілігінің екі дүркін жеңімпазы, үнділік Рави Құмар Дахияға жол берді. 2023 жылы Астанада қола медальды қоржынға салды. Үшінші орын үшін бәсекеде Қалжан дүниежүзілік додада үздік үштікті түйіндеген моңғолиялық Занбанбұдын Занабазарды сүріндірді. Биылғы ел біріншілігінің финалында ол Ерасыл Мұхтарұлына есе жіберді. Бішкекте Ерасыл үмітті ақтамағаннан кейін Ыстанбұлда Рахатқа сенім артылып отыр.
65 кг салмақ дәрежесіндегі Адлан Асқаровтың кезінде жастар буыны арасындағы жарыстарда жасындай жарқылдағанын жанкүйер жақсы біледі. Ол түрлі жас ерекшелігі бойынша өткен әлем және құрлық біріншіліктерінде жеңіс тұғырына көтерілді. Ересектер арасындағы Азия чемпионатында күміспен күптелді. Мадияр Құрамысовтай білікті бапкерден тәлім-тәрбие алған Асқаровтың күрес мәнері де ерекше. Ол өте жылдам күресіп, қашанда қарсыластарын атойлап ұтуға құштар. Кейінгі ел чемпионатында 24 жастағы Алматы облысының өкілі қола медальды қанағат тұтты. Астанада бас жүлдені олжалаған Майыс Әлиев пен күміс жүлдегер Санжар Мұхтар Бішкектің бозкілемінде сәтсіз өнер көрсеткеннен кейін ұлттық команда бапкерлері соңғы сынақта Адлан Асқаровты күрестіруді құп көрді. Ал 74 кг салмақтағы Нұрқожа Қайпановтың жүріп өткен жолы жайында біз жоғарыда баяндадық.
Қазіргі кезде еркін күрестен ең көп жолдама Ресей (AIN) мен Әзербайжанға тиесілі. Олар 100 пайыздық көрсеткішке ие. Иран құрамасында бес лицензия бар. Сондай-ақ Париждегі додаға қатысатындар тізімінде мына мемлекеттердің өкілдері бар: АҚШ, Пуэрто-Рико, Мысыр, Беларусь (AIN), Жапония – 4, Куба, Грузия, Қазақстан, Өзбекстан – 3, Сербия, Түркия, Армения, Мексика, Канада, Гвинея-Бисау, Аустралия, Моңғолия, Қырғызстан – 2, Сан-Марино, Албания, Грекия, Мажарстан, Бахрейн, Венесуэла, Доминикан Республикасы, Самоа, Алжир, ОАР және Нигерия – 1 балуаннан.
Бір айта кетерлігі, күрестің бұл түрінде атақты балуандардың біразы әлі де жолдамаға қол жеткізе алмай жүр. Солардың арасынан америкалық Зейн Ризерфорд (65 кг. Әлем және Панамерика чемпионы, әлем чемпионаты мен кубогінің күміс жүлдегері), моңғолиялық Төмөр Очир Тұлға (65 кг. Әлем чемпионатының қола жүлдегері, Азия ойындарының жеңімпазы, Азия чемпионатының екі дүркін күміс жүлдегері), словакиялық Таймұраз Салказанов (74 кг. Әлем чемпионатының үш дүркін жүлдегері, Еуропаның төрт дүркін чемпионы), италиялық Франк Чамизо (74 кг. Олимпиаданың қола жүлдегері, екі дүркін әлем чемпионы, Әлем кубогінің иегері, Еуропаның төрт дүркін чемпионы) және түркиялық Сонер Демирташ (74 кг. Олимпиада мен әлем чемпионатының екі дүркін жүлдегері, Еуропа ойындарының ек дүркін күміс жүлдегері, Еуропаның екі дүркін чемпионы) сынды апайтөстерді бөле-жара атап өтуге болады.
Түркияда жалауы желбірейтін жарыстың қорытындысына сәйкес әр салмақ дәрежесі бойынша алғашқы үш орынды иеленген балуандар Парижде алауы тұтанатын Олимпия ойындарында күш сынасу құрметіне ие болады.
Алты аруға сенім артамыз
Әйелдер күресінен ұлттық құрама Олимпиада жолдамалары сарапқа салынған екі бірдей жарыста сүреңсіз өнер көрсеткені белгілі. Былтыр Белградтағы әлем чемпионатында Жәмила Бақбергенова ғана жүлде алды. Бірақ 72 кг салмақ дәрежесі Олимпия ойындарының бағдарламасына енбеген. Ал жуырда Бішкекте аяқталған лицензиялық турнирде бірде-бір жерлесіміз финалға шыға алмады. Соның салдарынан бұрымдылардың қоржыны әлі де бос.
Жоғарыда айтылған келеңсіз жағдай еліміздің әйелдер командасының бас бапкері Қайрат Сағадиевке біраз ой салғанға ұқсайды. Елге оралған бетте ол ұлттық құрама сапындағы бірінші нөмірлі балуандарды өзге спортшылармен алмастырды. Соның нәтижесінде Қырғызстандағы лизенциялық турнирде күрескен алты балуанның екеуі ғана 9-12 мамыр аралығында Түркияның Ыстанбұл қаласында жалауы желбірейтін соңғы іріктеу сынына қатысады. Олар – Лаура Ғаниқызы мен Ирина Кузнецова.
Ең бірінші кезекте бас бапкердің Жұлдыз Ешімова (53 кг) алмастырғанына қуандық. Иә, оның өте тәжірибелі балуан екені рас. Десек те 36 жасқа келген ардагер спортшының жұлдызды сәттері артта қалғаны анық. Түркияда бұл салмақта Марина Седнева сайысқа түседі. 28 жастағы балуан – жастар арасындағы (U-23) әлем біріншілігі мен әйелдердің Азия чемпионатының екі дүркін қола жүлдегері. Сондай-ақ Елена Шалыгинаны Альбина Қайыргелдиновамен алмастырады деген әңгіме болған. Бірақ соңғы сәтте Қайрат Сағадиев өз шешімін өзгертті. Бұл жағдай жанкүйерлердің наразылығын тудырды. Бірер айдан кейін Елена 38 жасқа толады. Ал «шау тартқан» спортшы енді «тау қопара алмасы» анық. Сондықтан да олардың жастарға орнын босатқаны жөн еді. Өзінің бұл шешімін бас бапкер былай деп түсіндірді: «68 кило салмақта Елена Шалыгина белдесетін болды. Негізі, Бішкектегі турнирден соң Альбина Қайыргелдинованы үміткер ретінде қараған едік. Альбина әлі жас балуан, оның үстіне Азия чемпионатында да көзге түсе алмады. Сондықтан бапкерлер мен федерация ақылдаса келе, Елена мен Альбина арасында өзара белдесу өткізуді жөн санадық. Сол кездесуде Шалыгина айқын басымдықпен жеңіп, Ыстанбұлдағы турнирге қатысуға лайық екенін дәлелдеді.
Ең үлкен өзгеріс 76 кг салмақ дәрежесінде болды. Осыған дейін 72 кг салмақта күресіп, көптеген байрақты бәсекеде ел намысын абыройлы қорғаған Жәмила Бақбергенова 2019-2023 жылдар аралығында әлем чемпионатында үш (2 күміс, 1 қола), Азия чемпионатында бес (3 алтын, 1 күміс, 1 қола) рет жеңіс тұғырына көтерілді. Дәл осындай табысымен еліміздің басқа бірде-бір бұрымдысы мақтана алмайды. 76 кг салмаққа ауысқаннан кейін де Жәмила жаман күрескен жоқ. Былтыр ол Ханчжоуда алауы тұтанған Азия ойындарында күміспен күптелді. Биыл Бішкектегі бәсекеде бақ сынады. Бірақ қадамы кұтты болмады. Бастапқы белдесулерде қарсыластарын қамырша илеген ол шешуші тұста олқылық танытты. Сөйтіп, Бақбергенова өз орнын Елмира Сыздықоваға босатты.
Елмираның да есімі қалың көрерменге етене таныс. 32 жастағы спортшы 2016 жылы Рио-де-Жанейрода алауы тұтанған Олимпия ойындарында қола медальды мойнында жарқыратты. 2018 жылы Жакартадағы Азиадада да дәл сол межеден көрінді. Құрлық чемпионатында жеті рет (2 алтын, 2 күміс, 3 қола) жеңіс тұғырына көтерілді. Биыл ақпан айында Астанада өткен ел біріншілігінде Жәмила екеуі күрескен. Бұл салмақтағы бәсекелер айналмалы жүйе бойынша өтті. Алғашқы кездесуде Сыздықованың мерейі үстем болса, екіншісінде Бақбергенова басым түсті. Сол себепті Бішкекке Жәмила барды. Міне, енді Елмираға сенім артылып отыр. Ал 57 кг салмақтағы Эмма Тисинаны Лаура Әлмағамбетова алмастырды.
Қырғызстандағы лицензиялық турнирде табысқа жете алмағанымен, құрама бапкерлері Лаура Ғаниқызы мен Ирина Кузнецоваға тағы бір мүмкіндік беріп отыр. Бұл да құптарлық шешім. Себебі 50 кг салмақтағы Лаура Алатаудың арғы бетінде өзін жақсы қырынан көрсетті. Өзінен әлдеқайда тәжірибелі тәжік пен филиппин балуандарын жолынан ығыстырған Ғаниқызы жартылай финалда Винеш Пхогатпен жолықты. 30 жастағы Үндістанның сақа спортшысының әлем чемпионатының қола жүлдегері, Азия ойындарының жеңімпазы деген дардай атақтары бар. Құрлықтың басты додасында ол алты рет (3 күміс, 3 қола) жүлдегерлер қатарынан көрінді. Әккі балуанға біздің бұрымдының әлі жетпеді. Бірақ Лаураның күресу мәнері көпшілік көңілінен шықты. Шеберлігі толыса келе, оның да алар асуы биік болатына күмән жоқ. Ал 62 кг салмақ дәрежесінде күш сынасып жүрген 23 жастағы Ирина Кузнецованы дәл қазіргі кезде алмастыратын ешкім жоқ.
Осы күнге дейін әйелдер күресінен мына мемлекеттердің балуандары Олимпиада жолдамасына иелік етті: Жапония, АҚШ – 6, Нигерия – 5, Үндістан, Қытай, Ресей – 4, Моңғолия, Түркия, Эквадор, Солтүстік Корея, Канада, Қырғызстан – 3, Колумбия, Куба, Алжир, Украина, Венесула, Беларусь, Гуам, Молдова, Польша, Германия, Тунис – 2, Мысыр, Өзбекстан, Швеция, Румыния, Норвегия, Болгария, Франция, Жаңа Зеландия, Мажарстан – 1.