Алматыдағы сейсмикалық жағдайды ескере отырып, оқыс оқиғаның алдын алу мақсатында Қ.Сәтбаев атындағы Қазақ ұлттық техникалық зерттеу университетінің ғалымдары мен студенттері мобильді жер сілкінісі симуляторын құрастырды.
Салмағы шамамен 1,5 тоннаны құрайтын құрылғы 7-9 балға дейінгі көлденең және тік болатын жер сілкінісін симуляциялайды. Университеттің Энергетика және машинатану институты директорының орынбасары, жоба жетекшісі Мақсат Мырзақұловтың айтуынша, Алматы жер сілкінісі жиі болатын аумаққа жататындықтан, бұл платформа жұртшылықты үрейге берілмеуге, жер сілкінісі бола қалған жағдайда өзін қалай ұстауға, дұрыс шешім қабылдауға ықпал етеді.
– Мобильді тренажер университеттің студенттер мен магистранттар жұмыс істейтін техникалық-конструкторлық бюросында құрыстырылды. Осыдан бір жыл бұрын басталған құрастыру жұмыстарын қалада болған бірнеше жер дүмпуінен кейін жылдам аяқтауға тура келді. Университеттің қаржыландыруымен жасалған мобильді платформаны құрастыруға 10-нан астам студент қатысты. Оқытушылардың жетекшілігімен әзірленген мобильді платформадағы симулятор жер сілкінісінің көлденең және тік болып келетін толқындарын көрсетеді. Құрылғыны пайдалану барысында ең жоғары режімді 9 балға дейін жеткізуге болады, – дейді М.Мырзақұлов.
Жақында мобильді платформаны университет ғалымдары Алматы қаласы Төтенше жағдайлар департаментіне тегін пайдалануға берді. Ендігі кезекте ТЖД мамандары осы тренажер арқылы жер тербелісін сездіріп, қала тұрғындарына үрейсіз, нақты дұрыс іс-әрекеттерді жасауды үйрететін болады.
Ғалымың айтуынша, егер де мобильді платформа еліміздің қалаларында, орталықтарында қолданылатын болса, тұрғындар жер сілкінісіне мейлінше дайын болады. Тренажер бір орталықтан екеншісіне жылжытып апаруға ыңғайлы. Мұндай құрылғылар шетелдік тәжірибеде де қолданылып келеді. Оның нарықтағы құны шамамен 10-15 млн теңге тұратын болса, университет ғалымдары құрастырған мобильді платформаның өзіндік құны – 2 млн теңге шамасында. Тренажерды құрастыру тобы қаланың сейсмикалық жағдайына бейімделіп жасалған құрылғыда жаттығу қала тұрғындары үшін тиімді екенін айтады.
Төтенше жағдайлар департаментінің дерегіне сүйенетін болсақ, мобильді жер сілкінісі тренажері апта сайын өтетін қалалық оқу-жаттығу курстарында және көшпелі сабақтарда, жаттығуларда пайдаланылатын болады. Ол үшін тұрғындар аудандағы төтенше жағдайлар қызметіне барып санаты бойынша тіркеліп, курстарға қатыса алады.