«Айка» деген атақты фильм естеріңізде шығар. Қандасымыз Самал Еслямова осы фильмдегі рөлі үшін халықаралық Канн кинофестивалінің «Үздік актриса» аталымын иеленіп, атағы шыққан туындының арқауы – адам тағдыры. Мәскеу перзентханасында босанған қырғызстандық эмигрант – Айканың екінші атын «Тағдыр» деуге әбден болады. Тағдыр ма, талапай ма деп тағы ойлайсыз.
Алып қалаға алғаш келген аңқау қыз әркімнің арбауына түсіп, алданары белгілі жағдай. Мәселе түптен басталып тұр. Шетелге шықпа деген сөз жоқ. Бірақ қайда барып, не істесе де адам баласына әуелі дайындық керек. Сауаты, білімі, тіл білуі, кәсіби дағдысы, түрлі ортада тіл табыса алуы мен бойын тыюы, сосын әбден қалыптасып алғанға дейін өзін асырайтындай қаражат. Ал бұлардың бірі болмады екен, кім көрінгеннің жеміне айналуың мүмкін. Соның бір мысалы – Айка. Қазақша айтқанда он екі де бір нұсқасы жоқ, аталған қасиеттер мен дағдылардан ада қыз бұрыш-бұрыштағы бұзақы мен алаяқтың жеміне айналмағанда ше? Абыройсыз қалады. Өзі секілді сол жақта жүрген бірнеше қандасымен бірігіп, кәсіп ашпақшы болады. Осы мақсатта қайдағы біреулерден қарызға қомақты қаражат алады. Бірақ араларындағы алаяқтар бойжеткенді алдап, ақшасын алып кетеді.
Фильм әуелі дүниеге жаңа келген сәбилерді көрсетуден басталады. Демек адам баласы іңгәлаған күнінен әлеуметтік, рухани тұрғыда қамтамасыз етілуі керек. Тәрбиесі, киімі, тамағы мен білімі, кәсіби дағдысы. Айканың Мәскеу перзентханаларының бірінде босана салысымен қашып шығуы – кеудесіндегі шыбын жанның дәрменсіз күйде қалуы еді. Рухани әлсіз жанның қай-қайсы болсын бұл арада өзін жазым етуі ғажап емес. Осыншама қорғансыз қалған қаршадай қыздың қайсарлығы, күш-қуаты мен жігері таңғалдырады. Өйткені дүниеде жас босанған әйелден әлсіз жоқ. Ол өз-өзіне келгенше ерекше күтім керек. Қазақ ұғымындағы «қалжаның» қасиеті осындайда байқалады. Жаңа босанған әйелге қалжаға семіз қой сойғызып, сол әйелге етін жегізіп, сорпасын ішкізуінде де көп мән жатыр. Әлсіреген ағзаға қорғасындай қой етін, майлы сорпаны ем-шипа ретінде қолданған. Ал біздің Айкада осының бірі жоқ. Кереуетінен шұғыл тұрып, жанталасқан күйі тасада киімін ауыстырып, терезені бұзып-жарып, қақаған аяз бен боранға қояды да кетеді... Мұншама ауыртпалық пен азапты кешкен жалғыз Айка дей аламыз ба және? Болашақ тағдыр иесі бала қайда қалды? Қашып шыққан ана жұмысқа қайта жегілген соң оған не дауа?
Сүйегі сырқырап, жаны шырқырап, өлудің алдында жүріп азаппен жұмысын атқара береді. Ендігі жерде жас босанған ана төсін керген бір құдіретке тап болады. Екі төсі мазасын ала бастайды. Тәжірибелі біреудің «Бұлай жүре берсең, қатерлі ауруға душар боласың», деген сөзінен сескеніп, сауып тастауды қолға алады. Қазақта «сүтімді көкке сауам» деген аналар тұрғысынан айтылатын ең ауыр сөз. Осы кезде бос ыдысқа сауылған ана сүтінің қасіретті үні төбе құйқаңды шымырлатады. Баяғыда шешелеріміз бие, сиыр сауғанда осындай дауыстарды естуші едік. Бірақ ол құлаққа жағымды, музыкалық ырғақтай естілетін. Ал күйінішпен күйзеле сауған сорлы ананың сәбиіне бұйырмаған сүтінің күңгірін есту адам жанын көзіне көрсетіп қинағанмен пара-пар.
Адам жанын қарадай қинап қояры – баласынан айырылып, еш күтім көрмеген жас босанған ана иттерді күтуші болып істейді ғой. Сонда енесін рақаттана еміп жатқан иттің төрт күшігін көрсетеді. Адамдардан гөрі иесі, қожайыны бар иттердің күні әлдеқайда жақсы қоғамның туғанына күмән келтірмейсіз. Тіпті қазір қаңғыбас иттерге мемлекет тарапынан назар тіктеліп, жылыжайлар салынып, күтім көрсетіледі. Әр жағын сабақтап жату артық шығар. Осы тұста оқиға басындағы қараусыз қалған төрт нәрестені бір жүгіртіп өтсеңіз, тіптен шошисыз. Иттерді емдеп, операция жасайтын орталықтағы адамға қас дәрігер итке «жаным», «күнім», «сүйіктім» деп асты-үстіне түседі ол аздай.
Әбден амалы құрып дағдарған ана алған қарызының өтеуіне не берерін білмей ақырында перзентханада қалған баласы барын ойлайды. Қарыз беруші баланың «тірі тауар» екенін ойлап қуанады. Перзентхана дәрігері Айкаға туған баласын қайтарады. Ол нәрестесіне сыздап тұрған төсін тосады. Аналық сезімі оянған Айканың ана кейпіндегі аянышты да азапты түрін көрсеңіз… Фильм осы тұста оқыс аяқталады. Бәрімізге жетпей қалғаны бір тамшы махаббат екен. Айканың қорғансыз қалып, қателіктерге бой алдырғанына да, оны осыншама қинаған қоғамдағылардың аярлығына да...